Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Лисаковта оқытушылар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2021» облыстық байқауы өтті. ZOOM арқылы өткен білім додасына 50 адам қатысты.
«Шараның басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның әдістәсілдерін жаңғырту, ересектерге мемлекеттік тілді инновациялық әдістемемен оқытатын шығармашыл оқытушыларды анықтау. Сонымен қатар, оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ілгерілету, өзара оқытушылардың тәжірибе алмасуы, қазақ тілін меңгертудің озық үлгісіндегі педагогикалық тәжірибелерді тарату,» – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының маманы Бахытгүл Зарлыққызы.
Онлай ұйымдастырылған байқау 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең – «Жарнама (PR) және оқытушы беделін көтеру кезеңі» деп аталды. Қатысушылар қазақ тілінің А1 деңгейіне арналған 15 минуттан аспайтын бейнесабақ (ашық сабақ көрсетілімі) үлгісін дайындап, онлайн дауыс жинады.
«Тест тапсыру кезеңі» деп аталған екінші айналымда оқытушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы, әдістеме мәселелері қамтылған тест тапсырмаларын орындады. Сұрақтарға жылдам жауап берген қатысушылар көбірек ұпай жинады. Соңынан қазылар алқасы тарапынан қосымша сұрақтар қойылып, үздіктер айқындалды.
Одан кейінгі жағдаяттық сұрақтар кезеңінде Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы, әдістері мен әдістемелік мақалалары, сондай-ақ оқытудағы түрлі педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға байланысты видеосұрақтар ұсынылса, соңғы кезеңде қатысушылар өткен жылдары шыққан оқулық, оқу-әдістемелік құралдарын, ғылыми-әдістемелік мақалаларын, байқаудағы жүлделі жетістіктерін көрсетіп, оларды 5 минут көлемінде сипаттап шықты.
Сайыс қорытындысына сай, бірінші орынды Федоров ауданынан С.Серікқызы, 2-ші орынды Қарабалық ауданынан Ә.Әбілева, 3-ші орынды Қостанай ауданынан Г.Нұрболдина иемденді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.