Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, экологияны жақсарту және кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
КВИ жұқтыру көрсеткіші 16%-ға төмендеді
Бірінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы баяндады.
Оның айтуынша, соңғы аптада КВИ анықталған жағдайлар саны 16%-ға төмендеді. Республикада 15 маусымдағы жағдай бойынша инфекциялық төсектік орындар жүктемесі – 23% (6 655 орын), реанимациялық төсектік орындар жүктемесі 21%-ды (568 төсек) құрады. Жұқпалы аурулар стационарларындағы төсектік орындар жүктемесі мен аурушаңдық жоғары болған 7 өңірге министрліктің жұмыс тобы барды. Денсаулық сақтау басқармаларына өңірде медициналық көмекті ұйымдастырудағы анықталған кемшіліктерді ескере отырып, ұсынымдар берілді.
Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша инфекциялық және реанимациялық орындар жүктемесінің оң динамикасы байқалады. Бірқатар өңірде көпбейінді ауруханаларда инфекциялық бөлімшелердің жабылуы есебінен төсектік орын қорының қысқаруы байқалады (15 маусымдағы жағдай бойынша 19 сәуірмен салыстырғанда Алматыда 5,6 есе, Алматы облысында 3,6 есе қысқарған).
«Соңғы айда КВИ+ және КВИ- науқастарының саны тәулігіне 2505-тен 757 жағдайға дейін, яғни 3,3 есеге азайды, стационарлық емдеудегі науқастар саны 2,1 есеге, амбулаторлық емдеудегілер 1,7 есеге азайды. Бүгінгі күні вакцинаның шамамен 4 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компонентін 2 547 363 адам алды, бұл вакцина алуға жататын халықтың 25,7%-ын құрайды. Ал екінші компонентті 1 435 334 адам алды», деді А.Цой.
Бүгінгі күні егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті саны бар: бірінші компоненттің шамамен 1,2 млн дозасы және екінші компоненттің 914 мың дозасы бар. Бірінші компонентпен вакциналаудың ең аз пайызы – Маңғыстау облысында (13,2%), одан кейін Қостанай облысында (19,5%); екінші компонент Маңғыстау облысында – 7,3%.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ashyq жүйесі барлық қызмет саласындағы 10 мыңнан астам нысанды қамтиды, 2 млн 100 мың пайдаланушы тіркелген. Вакциналау паспорты Ashyq қосымшасымен біріктіріліп жатыр. Маусым айының соңына дейін Ashyq жобасын әуежайларда, теміржол вокзалдарында енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар Ashyq енгізілген сәттен бастап, ПТР тестінің оң нәтижесімен 4401 және ауырған адаммен байланыста болған 3981 адам анықталды.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге санитарлық-эпидемиялық жағдайды бақылауда ұстауды, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне санитарлық-эпидемиялық шараларды сақтауға және халықты вакциналауға ерекше назар аударуды тапсырды.
«Маска тағу режімі, әсіресе ғимарат ішінде қатаң сақталуы тиіс. Мониторингтік топтар жұмысты жандандырсын. Аймақтағы көршілерімізде аурудың өсуі байқалады, сондықтан қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажет. Ең алдымен вакцинамен қамтуды кеңейту керек. Вакциналаудың күнделікті көлемін арттырған жөн», деді А.Мамин.
Премьер-Министр Ashyq қосымшасын одан әрі енгізуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және халықты вакциналауға ынталандырудың пәрменді тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Экологияны жақсарту мәселелері қаралды
Үкімет отырысында экологияны жақсарту мәселелері қаралды. Бұл жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Nur Otan партиясының бағдарламасын орындау аясында 2 млрд ағаш отырғызу, еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру, 6 қоқыс өңдеу зауытын салу жобаларын іске асыруды бастау және тағы басқа да мәселелер бойынша ауқымды жұмыс қолға алынғандығын айтты. Көлік құралдары шығарындыларының атмосфераға әсерін төмендету үшін қоғамдық көлікті газға ауыстыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, электр көлігінің санын ұлғайту ынталандырылуда.
Қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге және жалпы алғанда, ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жүйелі экологиялық проблемаларды шешу мақсатында үздік әлемдік практикаларды ескере отырып, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, оның элементтерінің бірі – ірі өндірістерде озық технологияларды енгізу. Жергілікті атқарушы органдар жұртшылықпен бірлесіп, қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге, көгалдандыруға, «тарихи ластануларды» жоюға бағытталған Жол карталарын әзірлеп, бекітті.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр автопаркті жаңарту бойынша кешенді шараларды одан әрі іске асыруды, отын сапасы мен шығарындылар көлеміне бақылауды күшейтуді, электр көлігі санының өсуін ынталандыруды тапсырды. Үкімет басшысы жақында электрмобильдерге кәдеге жарату алымын алып тастауды мысалға келтірді.
А.Мамин Экологияны жақсарту бойынша өңірлік жол карталарын, әсіресе биыл іс-шаралардың жартысынан азы орындалған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына орындауды жандандыру қажет екенін атап өтті. Үкімет басшысы атмосфераға зиянды қалдықтарды азайту мақсатында өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін ең озық қолжетімді технологиялар бойынша анықтамалықтарды уақтылы әзірлеуді тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, сондай-ақ Қаржы министрліктерімен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың үлгілік жобасын әзірлеу, әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын құру мәселесін пысықтау тапсырылды.
Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің жаңа жоспары бекітілді
Үкімет отырысында кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов өз баяндамасында Қазақстанда жұмыс істейтін мың адамға шаққанда жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін төмендегенін айтты. «Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам кәсіптік ауру тіркеледі. Олардың саны кейінгі үш жылда 21%-ға азайды. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірістік жарақат алғандардың саны 10%-ға, оның ішінде қаза тапқандардың саны 16%-ға төмендеді. Ал мың адамға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін түсті», деді ол.
Биыл бес айдың қорытындысы бойынша жазатайым оқиға салдарынан 564 адам зардап шекті. Олардың 19,5%-ы – тау-кен, металлургия кәсіпорындарында, 10%-ы – құрылыс саласында және 4,5%-ы коммуналдық шаруашылықтарда жарақат алды. Ресми статистикаға сәйкес 2020 жылы кәсіпорындарда зерттелген 1,6 миллион жұмысшының 367 мыңы зиянды еңбек орнында жұмыс істеген. Олардың басым көпшілігі өнеркәсіптік өңірлерде, яғни Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында қызмет еткен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, әрбір екінші адам шу мен дірілдің, ал әрбір үшіншісі жұмыс аймағында газдың ластануы мен шаңданудың жоғары жағдайында еңбек еткен.
Экономика салалары бойынша зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне тиесілі. 2020 жылдың нәтижесі бойынша кәсіптік еңбек қабілетінен айырылған 14,7 мың азаматқа 15,5 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде
10 мыңға жуығына бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы мен сақтандыру қорынан төлемдер берілді, ал 6 мыңға жуық азамат Мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды. 46% азаматтың кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі 30 бен 59% арасын құрайды. Олардың көпшілігі жеңіл жұмысқа ауысады.
Соңғы үш жылда еңбек ету қабілетінен айырылған жұмыскерлердің үлесі 19%-ға төмендеді. 2020-2021 жылдары мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, оның ішінде 34%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. Атап айтқанда, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу (20%); жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама жүргізбеу (12%) жағдайлары тіркелген. Жұмыс берушілерге 4,3 мыңнан астам нұсқама беріліп, 278 млн теңге сомада 1,6 мыңнан астам айыппұл салынған. Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша 1,4 мыңнан астам материалды құқық қорғау органдарына жіберді, осы фактілер бойынша 193 қылмыстық іс қозғалды.
Елдегі 216 кәсіпорын Халықаралық әлеуметтік қауіпсіздік қауымдастығы әзірлеген Vision Zero немесе «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын енгізді. Осындай жұмыс берушілерді ынталандыру үшін оларды декларациялау қағидаттары негізінде профилактикалық бақылаудан босатуды көздейтін заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Отырыста Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары бекітілді. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді азайту бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік біліктілік пен ғылыми әлеуетті, әлеуметтік әріптестікті дамытуды көздейді.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, жоспарды іске асыру нәтижесінде өндірістік жарақаттану – 10%-ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер саны 20%-ға дейін төмендейді деп болжанған. «Өндірістік кәсіпорындарда халықаралық Vizion Zero «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын белсенді енгізу қажет. Әрбір жарақаттану жағдайы Төтенше жағдайлар министрлігінде мұқият талданып, қорытындысы бойынша оларды барынша азайту үшін кешенді шаралар әзірленуі тиіс. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби сын-тегеуріндерді бағалау және басқару жүйесін енгізу қажет», деді А.Мамин.