Бірінші мәселе туралы баяндаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемде тәулігіне 480 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 4,4 млн-нан астам адам қайтыс болды. Жағдай әлі де күрделі. ДДҰ-ның алты аймағының төртеуінде шілде айының екінші онкүндігінен бастап сырқаттанушылықтың өсу үрдісі байқалады. «Соңғы аптада аурудың ең көп өсуі Әзербайжанда байқалды, онда бір апта ішінде ауру 63%-ға, Жапонияда 34%-ға және Израильде 33%-ға өсті», деді А.Цой.
Оның айтуынша, Қазақстанда өсім бір апта ішінде 7%-ға төмендеді. Қазақстан 1 млн тұрғынға шаққандағы әлемдік рейтингте сырқаттанушылық пен өлім-жітім саны бойынша 222 елдің ішінде 101-орында тұр. 24 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда COVID-19 оң нәтижесімен 748 851 науқас және КВИ теріс нәтижесімен 67 870 жағдай тіркелген. Өткен аптадағыдай, Түркістан облысын қоспағанда, барлық өңірлер «қызыл аймақта» орналасқан. «Соңғы екі апта ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясы жағдайларының саны біртіндеп төмендегені байқалады. Соңғы 2 аптада сырқаттанушылық деңгейі 10%-ға төмендеді», деп атап өтті А.Цой.
1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,93-ке дейін 1,2 есеге төмендеді. Емдеу мекемелерінде инфекциялық төсек-орындар бүгінде 49%, реанимациялық төсектер 46% толы. Соңғы екі аптада инфекциялық төсектердің жүктемесі 12%-ға төмендеді. Инфекциялық төсек-орындар көбіне Ақтөбе облысында – 68%, Алматы қаласында – 61% және Алматы облысында 59% қолданылуда.
Халықты вакциналау жұмысы жалғасуда. Бүгінгі таңда министрдің айтуынша, вакцинаның 1-компонентін 6,5 млн жуық адам алды, халықты қамту көрсеткіші 64%-ды құрады. 2-компонентін вакцина алуға тиісті халықтың 50%-ын қамти отырып, 5 млн-нан астам адам алды. Ең көп қамту 9 өңірде тіркелген: Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Атырау облыстары.
Өткен аптадағыдай, вакцинаның бірінші дозасымен қамтудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында байқалады – 38%. Егу пункттерінде барлығы вакцинаның 1 млн 400 мың бірінші компоненті және 940 мың екінші компоненті бар. Оны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. «Ауру-сырқауға жүргізілген талдау КВИ ауыр өтіп жатқан науқастардың негізгі үлесі вакцина алмағандар екенін көрсетті», деді А.Цой. Мәселен, 1 ақпаннан бастап тіркелген КВИ-мен ауырған, вакцина алмаған науқастардың салыстырмалы салмағы 97,5%-ды құрайды, ал вакцина алған азаматтардың тек 2,5%-ы ауырған.
Министрдің айтуынша, реанимация мен өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастардың 95%-ы да вакцина алмаған азаматтар. Ұсынылған мәліметтер вакцинаның тиімділігін тағы дәлелдеп отыр. «Осыған байланысты айтарым, осы уақытқа дейін вакцина алмаған азаматтарды дұрыс шешім қабылдап, екпе алуға шақырамын. Бұл бәрімізге өз денсаулығымызды ғана емес, жақындарымыз бен әріптестеріміздің де денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», деді А.Цой.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы вакцина салдыру науқанын күшейту қажет екенін атап өтті. Премьер-Министр Ведомствоаралық комиссияға эпидемиялық жағдай жақсарып келе жатқан өңірлердегі Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күндері шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырды.
Республикалық бюджет әлеуметтік сипатта болады
Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы» Президент Жарлығының жобасы жайында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.
Халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі 2022 жылы 4,9%-ға, 2023 жылы 3,5%-ға күтілуде. Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бойынша 2022 жылы мұнай бағасының баррелі 64,5, ал 2023 жылы 58 доллар деңгейінде болады. Сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленді. Базалық сценарий кезінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4,8%, оптимистік 5% және пессимистік 4,6% құрайды. Негіз ретінде, бюджетті жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады.
«Осы сценарий кезінде 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9% деңгейінде болжануда. 2026 жылы 5,2% дейін жеделдейді. 2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 трлн теңгені, ал 2026 жылы 119,9 трлн теңгені құрайды. Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде. 2022 жылы мұнай өндіру 87,9 млн тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 млрд доллар деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға қарай 79,8 млрд долларға дейін ұлғаяды», деді Ә.Ерғалиев.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев сыртқы жағдайлардың жақсаруы, қолданыстағы фискалдық ынталандыру және өткен жылдың төмен базасы аясында ұлттық экономиканы қалпына келтіру жалғасып жатқанын атап өтті.
«Әлемдік экономиканың бұдан былайғы даму қарқыны коронавирустың «Дельта» штамының таралу тәуекелдеріне және дамушы елдердегі вакциналаудың бәсеңдігіне байланысты болып отыр. Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларының нәтижесінде Қазақстан экономикасы қалпына келуін жалғастыруда және биылғы 7 айда 2,7%-ға өсті. Осы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банк ішкі жалпы өнімнің 3,7%-ға өсуімен дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралуды күтуде», деді Е.Досаев.
Үкімет пен Ұлттық банктің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен шараларын іске асыру Қазақстан экономикасындағы оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді, оны халықаралық рейтингтік агенттіктер растап отыр. Қазақстанның тәуелсіз рейтингі Moody’s агенттігі тарапынан 2006 жылдан бастап алғаш рет «Baa2» деңгейіне дейін көтерілді, сондай-ақ Fitch агенттігі тарапынан «BBB» деңгейінде расталды, екі жағдайда да тұрақты болжамға ие болды. «Жоғарыда айтылғандар негізінде Ұлттық банк әлеуметтік-экономикалық дамудың 2022-2026 жылдарға арналған болжамы үшін негізгі ақша-кредит саясаты және төлем балансы көрсеткіштерінің болжамын жаңартты», деді Ұлттық банк басшысы.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2022-2026 жылдарға арналған болжамына сәйкес инфляцияны 2022 жылы 4-6%-ға дейін, 2023-2024 жылдары 4-5%-ға дейін, 2025-2026 жылдары 3-4%-ға дейін төмендетудің қажетті шарты болып табылады. Бұл мақсат Ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес келеді.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев заң жобасы бюджет заңнамасының соңғы өзгерістерін ескере отырып, еліміздің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін атап өтті. Бұл әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканы біртіндеп қалпына келтіруге бағытталған. «2022 жылы түсімдер осы жылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға ұлғаяды деп қарастырылды. Мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп Ұлттық қордың қаражатын жинақтау режіміне оралуға байланысты 1,3 трлн теңгеге төмендету қарастырылған. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт келесі жылға 2,4 трлн теңге мөлшерінде анықталды, ол біртіндеп 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Соның нәтижесінде мұнайлы емес түсімдердің үлесі осы жылы 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өсетін болады», деді Қаржы министрі.
Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы – 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-ынан кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ына дейін төмендеуімен жоспарланған.
Е.Жамаубаев атап өткендей, бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50%-ды құрайды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы экономикасының даму болжамы жаһандық факторлар мен ішкі ахуалды ескере отырып қалыптастырылғанын атап өтті.
«2022-2026 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамға сәйкес еліміздің жалпы ішкі өнімінің нақты орташа жылдық өсу қарқыны 4,8%-ды құрайды. Мысалы, ішкі жалпы өнім 2022 жылы номиналды түрде 8,4%-ға өссе, республикалық бюджеттің салық кірістері 29%-ға өсетін болады. Бұл орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», деді Ә.Смайылов.
Ә.Смайыловтың айтуынша, бюджет жобасы теңгерімделген және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген жалпыұлттық басымдықтар мен міндеттерге сәйкес келеді. Барлық әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалатын болады.
Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Асқар Мамин республикалық бюджеттің ұсынылып отырған жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық әрі уақтылы орындауға, сондай-ақ қазіргі жағдайда экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Дағдарысқа қарсы макроэкономикалық саясатты іске асыру пандемияның салдарын жұмсартып, экономикалық өсу қарқынын қалпына келтіру процесін іске қосуға мүмкіндік берді. 2022 жылы экономиканың 3,9%-ға дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Атаулы ІЖӨ 2022 жылы 87,1 трлн теңгеден 2026 жылы 119,9 трлн теңгеге дейін өседі. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы 4-6%-ды құрайды, кейіннен 2026 жылы 3-4%-ға дейін төмендейді. Шикізаттық емес сектор сапалы өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады және экономика тұрақтылығының негізгі факторы болып қала береді.
Бюджет шығыстарының негізгі бағыттары экономиканың нақты секторын, кәсіпкерлікті, әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін, мәдениет пен спорт салаларын, сондай-ақ қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз ету болмақ.
Үкімет басшысы аталған заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Халық санағы – маңызды науқан
Ұлттық халық санағына дайындық барысы туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазан аралығында халық санағын өткізу жоспарлануда. Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаз тасымалдаушылардан толық бас тарта отырып, цифрлы технологиялар қолданылатын болады. Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: sanaq.gov.kz арнайы сайтындағы интернет-сауалдама арқылы 45 күн ішінде интернет-сауалдама жүргізу және электронды планшеттерді қолдана отырып, интервьюерлерге әдеттегі жаппай сауалдама жүргізу. Қосымша Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады.
Респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаулық учаскелерде санақтан өте алады. Санақ жүргізу кезінде 32 мың адам жұмысқа орналастырылады.
Үкімет басшысы Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің халық санағына дайындығы бойынша жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар Маңғыстау, Ақтөбе облыстары және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тиісті жұмыс қарқынының жеткіліксіздігін атап өтті.
Премьер-Министр қысқа мерзімде міндетті вакциналаудан өткен жұмыскерлердің халық санағын өткізу үшін қажетті санын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Өңірлердің әкімдеріне, Ұлттық статистика бюросына және ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктеріне халық санағын өткізу бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтау тапсырылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен және әкімдіктермен бірлесіп, халық арасында ұлттық санақтың жүргізілу мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.
«Бұл іс-шараның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Санақ нәтижесі бойынша мейлінше дәл деректер болып табылатын әрі елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға және тиісті шешімдер қабылдауға негіз болатын көптеген көрсеткіштер алынады. Сондықтан еліміздің әр азаматының санаққа қатысуының маңызы өте зор», деді А.Мамин.