Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өндірісі өркендей түсті

24 сентября 2021 11:30 • 760 просмотров

Қостанайда балық консервісін өндіретін цех ашылды. Тұтынушылар жергілікті өзен-көлдерден ауланған шортан, сазан және табан балықтарының дәмін қаңылтыр құтыдан тата алады.  

 Өндіріс «Первомайск-ТПК» ЖШС-де 2020 жылы қыркүйекте ашылды, дәлірек айтқанда, іргесі кеңейді. Бұл кәсіпорында балық консервісі өндірісі бұған дейін де болған, бірақ қазіргіден әлдеқайда аз шығарылатын. Мұнда теңіз балығы пайдаланылды. Ал қазір өндіріс желісінде барлық қостанайлыққа таныс алабұға мен табан бар.

«Балық цехының қуаттылығы – бір ауысымда 25 мың банка. Негізінде, ет өндірісі – біздің басты бағытымыз, ал балықты қайта өңдеу әзірге факультативті өндіріс болып саналады және біз тек осы өнімді сатуды ұлғайтуды жолға қойып отырмыз. Жаңа цехтың бір жылдық жұмысынан кейін бұл өндіріс өте тиімді және перспективалы деп қорытынды жасауға болады. Енді паштет желісін салу жоспарда бар, — дейді «Первомайск» ЖШС директоры Никита Ренькас.

Кәсіпкердің сөзінше, өндіріс желісінің кең ауқымдылығына қарамастан, нарықта майдағы майшабақ, томат тұздығындағы килька сынды классикалық консервілер ерекше сұранысқа ие. Бұл өнімдерді сатудың жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 60%-ға тең. Өзен балықтарынан жасалған консервілер әлі күнге дейін көптеген тұтынушы үшін жаңалық болып отыр, ол әлі де кең таныла қойған жоқ.

Никита Ренкас кәсіпорын өнімдерінің бағасы қолжетімді екенін айтады. «Первомайск-ТПК» ЖШС консервілерін Қазақстанның барлық аумағында, тіпті Ресейдің шекаралас аудандарында кездестіруге болады.  Бизнесті дамыту үшін кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жылдық 15% — бен 104 млн теңге сомасына субсидияланған кредит алған, оның 9% — ын мемлекет өтейтін болады. Жаңа балық цехы 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.