Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Үздіктер ұстаздар марапатталды

29 сентября 2021 16:06 • 565 просмотров

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай Қостанайда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Оған «Үздік педагог-2021» республикалық байқауының жеңімпаздары, еліміздің барлық өңірлеріндегі білім басқармаларының басшылары қатысты.

Марапаттау рәсімінде Асхат Аймағамбетов 64 үздік педагогті, еліміздің барлық өңірлерінен келген республикалық конкурс жеңімпаздарын құттықтады. Министр мұғалім мамандығының және елдің болашағы үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңның іске асырылу маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті, Қазақстан Республикасының барлық мұғалімдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.  

-Оныншы рет өткізіліп отырса да өте маңызды. Және бұл конкурстың жеңімпаздары ерекше деп айтқым келеді. Неге десеңіздер, қастерлі мереке ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қарсаңында әрі ғалым Ы.Алтынсариннің мерейтойымен тұспа-тұс қасиетті Тобыл-Торғай жерінде өтіп отыр. Сіздер ерекшесіздер. Үлкен белестеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.  Ұлы педагог Ы.Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық. Өйткені ол – мектептің жүрегі» деген. Шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанымызда Ұлы педагогтың арманы ордалды деп айтамын, — деді Асхат Аймағамбетов.

«Үздік педагог-2021» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша Қостанай педагогикалық колледжінің шет тілдер кафедрасының арнайы пәндер оқытушысы Әділжан Бөкенбаевтың  еліміздің барлық өңірлерінен келген 64 жеңімпаздың ішінен   ең жоғары балл жинағаны қуантады. Біздің өңірден Қостанай педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әділжан Бөкенбаев, Қостанай қаласының №6 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Оксана Лауто, Қостанай облысы Жітіқара ауданы гимназиясының география пәні мұғалімі Айнұр Назаркенова, Арқалық қаласы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның биология және география пәні мұғалімі Александр Пэктер «Үздік педагог» атанды. Жеңімпаздардың әрқайсысы 1000 АЕК (2,9 млн теңге) сертификатымен марапатталды.

-Конкурс оңай болған жоқ. Біздің жұмысымыз қалалық және облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша ұсынылды. Бұл менің жеңісім ғана емес мені қолдаған әріптестерімнің, талантты да білімді шәкірттерімнің жеңісі, — дейді Арқалық қаласы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның биология және география пәні мұғалімі Александр Пэк.

Салтанатты шарада педагогикалық шеберліктің ең жоғары нәтижелеріне қол жеткізген педагогтер де қалыс қалмады. Облыстың 11 педагогы «Ы. Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, сондай-ақ педагогика саласында жемісті еңбек еткен ардагерлер марапатталды.

Сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Педагог қазақстандық және халықаралық кеңістіктегі білім беру жүйесінің басты тұлғасы» екенін атап өтіп, 20 педагогке марапаттау қағазын табыс етті.   

Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде конкурс аясында 500-ге жуық мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогі марапатталды.    

Мұнан бөлек, өңірімізде Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ы.Алтынсарин және ағартушылық тағылым: тарихи өзегі, танымдық өрісі, заманауи өрнегі» атты екікүндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция барысында Ыбырай Алтынсарин идеялары және оның ағартушылық мұрасы, Ы.Алтынсарин мұрасын зерделеу мен насихаттаудың өзекті мәселелері және тағы да басқа тақырыптар қозғалды.