Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ұзынкөл ауданындағы дене шынықтыру–сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.
Кешен «Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Екі қабатты ғимаратта барлығына жаттығып, баскетбол, волейбол, мини-футбол, фитнес және үстел ойындары бойынша жарыстар өткізуге болады.
Сондай-ақ, мұнда тренажер залы, құрғақ бу бөлмесі, шахмат бөлмесі, әкімшілік блок орналасқан.
— Бұқаралық спортты дамыту ҚР әлеуметтік дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың барлық жастары арасында бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін жағдай жасау қажеттілігін бірнеше рет атап өтті. Тек соңғы екі жылдың ішінде облыста бокс мектебі, бірнеше спорт кешені, теннис орталығы, бассейн ашылды,-деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетейік, жыл соңына дейін облыс орталығында Мұз спорт сарайы мен 50 метрлік жүзу бассейні пайдалануға беріледі. Екі жыл ішінде облыстың ауылдарында тағы алты ДСК салынады.
Жалпы, биылғы жылы спортты дамытуға 10 миллиардтан астам теңге бағытталды.
Жұмыс сапарының жалғасында Архимед Мұхамбетов № 2 Ұзынкөл жалпы білім беретін мектебіне барды. Биыл мұнда мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы құны 222,2 млн.теңге.
Сапар қорытындысы бойынша А.Мұхамбетов Ұзынкөл ауданының әкімі М. Сандыбаевқа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.