Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Аудандарда атқарылған жұмыс аз емес

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Алтынсарин және Сарыкөл аудандарына барды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен Архимед Мұхамбетов Обаған ауылындағы Алдиярұлы Жанұзақ атындағы мешітке барды. Онда өңір басшысын жергілікті тұрғындар қарсы алды. Ақсақалдардың айтуынша, мешіттің ауласына жөндеу жұмыстары қажет. Сыйымдылығы 300 адам болатын мешіт 1998 жылы салынған. Бүгінгі таңда мешіттің сыртқы және ішкі жағдайы жөнделген. 350 адамға шақталған асхана салынды. Ал ауласы талапқа сай емес. Бұл мәселені ауыл тұрғындары бірнеше рет көтерді.
Тұрғындардың өтінішін тыңда­ған соң аймақ басшысы аудан әкіміне ауылды абаттандыру аясында мешіт аумағын, соның ішінде тас жиектерді төсеу, жаңа қоршау орнату сияқты негізгі жұмыс түрлерін қамту қажеттілігі туралы тапсырма берді.

Бұдан соң аудандық мәдениет үйінде Алтынсарин ауданының тұрғындарымен кездесу өтті. Әлі күнге дейін ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымын дамыту халық үшін өзекті мәселе болып қалуда.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Жаңасу, Бирюков, Воробьев ауылдарына тасымалданатын су тарату пункттері орнатылды. Осы жылы тағы да Темір-Қазық және Басбек ауылдарына да осындай пункттер орнату жоспарлануда.

2021 жылы ауданның бюджет қаражаты есебінен Обаған ауылында 80 млн.теңгеден астам сомаға кентішілік жолдарға жөндеу жүргізілді. Биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі белсенді жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Мысалы, биыл Мәриям Хакімжанова атындағы орта мектепті күрделі жөндеу және Щербаково, Қосқұдық, Малая Чураковка сияқты ауылдардағы 10 көшені жөндеу жоспарда бар.

Бұдан кейін облыс әкімі Сарыкөл ауданының тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары интернет байланысының сапасы, жолдарды жөндеу және ауылдарда шағын бизнесті дамыту мүмкіндіктері мәселелерін көтерді.

2022 жылы халықтың өмірін жақсарту үшін ауданда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қарастырылған. Ағымдағы жылы Тимирязев және Барвинов ауылдарының көшелерін орташа жөндеу жоспарлануда. Қараоба және Крылов ауылдарының сумен жабдықтау желілерінің құрылысына қаражат бөлінді.

Сондай-ақ, кездесу барысында халықты жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда көптеген жобалар жүзеге асырылуда, онда жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мәселен, өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кепілдендіру мен субсидиялауға 58 жоба мақұлданған.

Кездесуден кейін Архимед Мұхамбетов аудан әкімдеріне аудандарды дамыту мен абаттандыру, халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор