Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бас жүлде Болгарияға бұйырды

29 апреля 2022 11:30 • 1 892 просмотров

Қостанайда үш күнге ұласқан «Алтын микрофон-2022» халықаралық байқауы да аяқталды. Жас әншілердің дәстүрлі додасына Қазақстанның әр түкпірінен және Армения, Болгария, Қырғызстан елдерінен келген 49 үміткер қатысты.

Өнерлі жастарға әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы, Мәдениет қайраткері, «Бозторғай» және «Шаттық» халықаралық байқауларының директоры, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық байқауының Қазақстандағы өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова, «Речные ноты» және «Сарандев» халықаралық фестивальдарының ресми өкілі Николай Текелиев, «Витебсктегі Славян базары» халықаралық фестивалінің директоры Глеб Лапицкий, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «KGтай» балалар жобасының авторы және продюсері, Art Bulak қоғамдық қорының директоры Гүлнара Тойғанбаева, «Европа Молодая» халықаралық фестиваль-байқауының директоры, Украинадағы «Музыкальное созвездие» фестивалінің арт-директоры Татьяна Апанасенко сияқты өнер қайраткерлері қазылық етті.

Екі күнге созылған қос айналымнан соң қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздары анықталды.

Кіші топта Қостанай облысы, Жітіқара ауданынан келген Ильназ Сатымова жүлделі 3-орыннан көрінсе, 2-орын Қостанай қаласының жас әншісі Сағындық Түгелдің еншісіне бұйырды. Ал 1-орынды Бұрындайдан келген Тамерлан Абдола жеңіп алды. Орта топ қатысушылары ішінде жітіқаралық Ясмина Аюпова 3-орынды иеленсе, 2-орынға Орал қаласынан келген Мөлдір Базарбай лайық деп танылды. Бұл топта Нұр-Сұлтан қаласының жас таланты Адель Күнәділова үздік өнер көрсетіп, байқау жеңімпазы атанды.

Ересек жастағы өнерпаздардың ішінен елордалық Ерасыл Мұқанов үшінші, Бішкектен келген Айдай Балбаева екінші орынды қанағат тұтса, 1-орынды Нұр-Сұлтан қаласының жас әншісі Алина Сағынбаева жеңіп алды. Байқаудың нағыз қызған тұсында «Шеберлер» тобындағы өнерпаздар сахнаға көтерілді. Бұл топта өнер көрсеткен әншілердің жастығына қарамастан әбден ысылып қалғаны көрініп-ақ тұрды. Қазылар алқасы «шеберлердің» ішінен елордалық Бағдәулет Ермаханды 3-орынға лайық деп тапты. Ел астанасынан келген тағы бір жас әнші Ділназ Сапарғалиева екінші орынды еншіледі. 1-орын Армения әншісі Татевик Арцрунянға бұйырды. Ал «Алтын микрофон-2022» халықаралық байқауының Бас жүлдесін Болгария елінен келген жас дарын Славея Иванова жеңіп алды.

Өнер байқауының марапаттау рәсі­мі­не облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова қа­тысып, жас өнерпаздарды құт­­тықтады.

– «Алтын микрофон» халық­ара­лық байқауы Қостанайдың таңдаулы өнер жобаларының бірі болып табылады. Бұл байқау жергілікті дарынды балалардың халық­аралық деңгейге шығуына жол ашады. Жыл сайын жаңа есімдер анықталып, олар түрлі деңгейдегі асуларды бағындырып жүргеніне куә болып жатамыз. Мәселен, Ернар Садырбаев, Балуан Беркенов, тағы да басқа бү­гін­де есімдері бүкіл елге танымал бол­ған өнер­паздар осы бай­қау­дан қанаттанып шықты, – деді Б.Есімова.