Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дала жұмыстары қарқынды

20 мая 2022 15:16 • 2 593 просмотров

Қостанай облысы осы көктемде 4 млн 772 мың гектар дәнді дақыл себуді жоспарлап қойды. Биыл арпа-бидай алқабының көлемі былтырғымен салыстырғанда шамамен 100 мың гектарға кемиді. Есесіне майлы дақыл көлемі 651 мың гектарға дейін ұлғайды.

Облыстың оңтүстік аудандарында алқапқа сәуірдің соңында соқа түсіп, бірталай шаруашылықтар зығыр мен мақсары тұқымын егіп тастады. Мәселен, бірнеше жыл бойы құрғақшылыққа ұрынып, дұрыс өнім ала алмаған Науырзым өңірінің шаруашылықтары биыл майлы дақылдарды көбейтіп, аптап құрғақшылыққа төзімді майлы, бұршақты дақылдар мен мақсары өсіруді қолға ала бастаған.

— Биылғы науқанда 244 мың гектар жерге дәнді дақыл, 12 мың гектарға майлы дақыл тұқымы себіледі. Диқандар арзандатылған жанармайдың литрін 208 теңгеден алды. Бірталай шаруа қожалығы түкті майсары тұқымын екті. Өткен құрғақшылық жылдары майсары өсірудің тиімді екеніне көзіміз жетіп отыр. Мысалы, былтыр майлы дақылдың осы түрін еккен бірнеше шаруашылық жаздың жаңбырсыз болғанына қарамастан, жоғарғы өнімге қол жеткізіп отыр, – деді Науырзым ауданының әкімі Қайрат Әбішев.

Облыстың солтүстік өңірлерінде көктемгі дән сіңіру науқаны мамыр айының екінші жартысында басталады. Биыл топырақ ылғалын он күндей ерте жауып алған диқандар техникасын сайлап қойып, арзандатылған жанармай мен минералды тыңайтқыштар сатып алып жатыр.

Мамандар соңғы жылдары өңірде астық және көкөніс дақылдарын өсірудің өзіндік құны өсіп кеткенін жиі айтып жүр. Осыған орай, мемлекет те диқаншылықты қаржылай қолдау шараларын күшейте түскен. Мәселен, биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен 45 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы көктемгі алқап жұмыстары мен күзгі жиын-терін науқанын қаржыландыру бағдарламасы аясында 26 млрд теңге несие қаржы қарастырып отыр. Ал «Азық-түлік корпорациясы» форвардты сатып алуға 28,9 млрд теңге бөлді. Корпорация бүгінге дейін өңір диқандарынан келіп түскен 200-ге жуық өтінімді мақұлдаған.

— Мұның сыртында мемлекет еліміздегі көктемгі егіс кампаниясына қосымша 70 млрд теңге бөліп отыр. Облысқа бұл қаржыдан да енші тиеді. Өңір диқандары науқанға түгелдей дайын отыр. Ең басты міндет – науқанды мерзімінде бастап, уақытылы аяқтау. Былтыр 22 мамырда жер ылғалы 22 см тереңдеп кеткенін де ескеру керек. Биыл топырақ ылғалын сақтап қалу маңызды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықов.

Жалпы, Қостанай облысында егін егудің тәуекелі көп. Суармалы жер аз болғандықтан, дән сіңірген диқанның әр күні ала жаздай ауа райының қабағын бағумен өтеді. Ал синоптик мамандар биыл да жаңбырсыз жаз, аптап ыстық күтіп тұр деп болжап отыр. Облыстық «Қазгидромет» филиалының директоры Лариса Кузьминаның айтуынша, Биыл Сарыкөл, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарында топырақ құрамында ылғал мол. Қалған аудандардағы ылғалдың деңгейі орташа деп бағаланып отыр.

— Науқанды, ең бастысы, топырақ ылғалынан айырылмай тұрып аяқтау керек. Қазір жер қыртысында ылғал бар. Сондықтан тұқымын дер кезінде сеуіп үлгерген диқандар ұтылмайды. Мамыр және тамыз айларында қалыпты мөлшерде жауын-шашын түседі деп күтіп отырмыз. Ал маусым, шілде айлары құрғақ болады, – деді Л. Кузьмина.

Синоптик-маман биылғы егіннің шығымына өткен жылғы күзгі құрғақшылықтың кері әсері болуы мүмкін дейді. Айтуынша, былтыр қыркүйек, қазан айларында жүргізілген маршруттық зерттеу жұмыстарының нәтижесі көңіл қуантпайды. Күзде жерге небәрі 17–39 мм ылғал түсті. Федоров, Әулиекөл, Қарасу, Денисов аудандарында топыраққа қажетті ылғал қорының 50-ақ пайыз екені анықталған.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл облыстың ауылшаруашылық құрылымдары 530 мың тонна тұқым себетін болады. Биылғы науқанға 3,1 мың тонна шығымы жоғары сапалы тұқым пайдаланылады. Облыс диқандары сатып алатын сапалы бидай тұқымын субсидиялауға мемлекеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Биыл шамамен 23,9 мың тонна тұқым субсидияланатын болады.

— Әлемде болып жатқан шиеленістерге байланысты Ресей ауылшаруашылық дақылдарының тұқымын экспорттауға тыйым салды. Алайда облыс диқандары ресейлік тұқым сатушылармен ертерек шартқа отырып, 7,7 мың тонна бидай, арпа, жүгері тұқымының ақшасын төлеп қойған еді. Бүгінде бұл мәселе оң шешімін тауып, облысқа 2,3 мың тонна тұқым әкелінді. Қалғаны жаппай көктемгі егін науқаны басталғанша жеткізіледі, – деді С. Сағындықов.

Өңір шаруашылықтары биыл Ресейдің тыңайтқыш экспортына шектеу қоюына байланысты көкөніс дақылдары жылдағыдай мол өнім бермеуі мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені қырыққабат, қызылша, картоп, сәбіз сияқты көкөніс түрлерінің жоғары өнім беруі күрделі кешенді тыңайтқыштарға тәуелді. Алайда республикалық картоп және көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев бұл экспорттық шектеулердің зардабы соңғы кездегі геосаяси жағдайға байланысты Ресеймен әріптестік қарым-қатынасын үзген елдерге ғана тиюуі мүмкін екенін айтады.

— Біздің нарық бұл шектеулерден зиян шеге қоймас деп ойлаймын. Ресей – сыртқы саудаға арнайы үлкен көлемде тыңайтқыш өндіруші ел. Сондықтан көрші елдің өнімі қалайда экспортқа зәру екені сөзсіз. Меніңше, мәселе басқада. Тыңайтқыштың бағасы қымбаттап кетті. Нәтижесінде, бізде өсетін көкөністің де өзіндік құны күрт шарықтап кетуі мүмкін. Өкінішке қарай, Қазақстан күрделі тыңайтқыш өндірмейді. Бізге Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан келеді. Яғни біз импортты тыңайтқышқа тәуелдіміз. Мәселен, аммиак селитрасының орнына өзімізде шығатын тыңайтқышты пайдалануға болатын шығар. Бірақ нитроаммофос, диаммофос сияқты құрамында азот, фосфор, калий элементтері бар күрделі тыңайтқыштарды Ресейден сатып алуға тура келеді. Егер оқыс жағдай туындай қалса, бұл тыңайтқыштарды Өзбекстаннан сатып алуға мәжбүр боламыз. Бұл жердегі бар мәселе бағаға келіп тіреледі. Онсыз да биылғы тыңайтқыштың бағасы үш есе өсіп кетіп отыр, – деді Қ. Бисетаев.

Ал астық шаруашылығына қайта оралсақ, бұл салада Ресейден келетін күрделі тыңайтқышқа зәрулік жоқ. Қазақстанда өсетін дәнді дақыл алқаптары негізінен отандық дәрілермен тыңайтылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, астыққа қажет тыңайтқыштың көбі өңірге Ақтаудағы «ҚазАзот» пен Тараздағы «Қазфосфат» кәсіпорындарында өндіріледі.

Қазірдің өзінде өңір шаруашылықтары мен тыңайтқыш өндіретін отандық және шетелдік кәсіпорындар 34,9 мың тонна минералды тыңайтқыш сату-сатып алу туралы шартқа отырған. Ауылшаруашылық мамандарының сөзінше, биыл облыс жалпы көлемі 80 мың тонна тыңайтқыш сатып алады.

Өңірде биылғы тұқым себу науқанына 22 мыңнан астам трактор және жоғары өнімді 1 200 дән сепкіш кешен қатысады. Дәл науқан қызған шақта техника тоқтап, жұмыс тұрып қалмау үшін облыс шаруашылықтарына арзан бағамен 71 мың тонна дизельді отын бөлінген.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор