Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Үлкендердің үлгілі жарысы

17 июня 2022 17:02 • 826 просмотров

Бейімбет Майлин ауданының «Жастар ресурстық орталығы» Әйет ауылында «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы аясында скандинавиялық жүрістен жарыс өткізді.

Іс-шараға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Елубай Өмірзақов атындағы мәдениет үйі, спорт бөлімі қызметкерлері атсалысты. Сондай-ақ «Үміт-2050» қоғамдық қоры мен еріктілер де үлес қосты. Турнирге 60–75 жас аралығындағы тұрғындар қатысты. Олар жас айырмашылықтарына қарай бақ сынады. Атап айтқанда, 60–65 жас аралығындағылар 1 шақырым жолды артта қалдырса, 66–70 және 71–75 жастағылар 800 метрді жүріп өтті.

Айта кету керек, жарысқа әйеттіктерден бөлек, Елизаветинка ауылы мен Лисаков қаласының спортшылары да келді.

«Скандинавиялық жүріс денсаулыққа өте пайдалы. Әсіресе, біз секілді егде жастағыларға жақсы. Ұзақ жыл мұғалім болып жұмыс істегенмін. Зейнетке шығып, осы спортпен айналыса бастадым. Міне, үш-төрт жыл өтті, қазір өзімді жеңіл сезінемін», – дейді жеңімпаздардың бірі, Елизаветинка ауылының тұрғыны Нина Якубовская. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, Жастар ресурстық орталығының басшысы Еркін Назаров бұл спорт аудандағы үлкендер арасында кеңінен танылып келе жатқанын атап өтті. «Жарысты өткізудегі мақсат – басқа да қарттарды саламатты өмір салтына шақыру әрі жастарға дұрыс үлгі көрсету», – дейді ол.

Марапаттау сәтінен соң ардагер спортшылар жергілікті музейге барды. Одан кейін аудандық кітапханада ардагерлер кеңесі кабинетінің ашылуына куә болды.