ІІМ-де ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жобалық менеджментті дамыту орталығы, Қазақстанның Жобалық менеджерлер одағы қауымдастығы және Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің қатысуымен ішкі істер органдарының қызметіне жобалық тәсілдерді енгізу талқыланды.
Талқылауға министрлік басшылығы, құрылымдық бөлімшелердің бастықтары және ІІМ жобалық кеңсесінің қызметкерлері қатысты. Кездесуде қонақтар мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық басқаруды енгізудің негізгі тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жобалық тәсілге көшкенде мемлекеттік қызметшілердің ойлауын нәтижеге бағдарлау, жауапкершілікті дербестендіру және барлық мүдделі тараптармен тиімді коммуникация жағына қарай өзгеру басталатыны атап өтілді.
«Әр азамат белгілі бір жобада өз қызметін дұрыс атқарса, әрине, ол нәтижеге тез қол жеткізеді. Біз бастап кеткен сервистік модель жұмыстары бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жедел жетіп жатыр. Мәселен, елімізде тергеу жұмыстары бұрын екі ай уақытты қажет етсе, бүгінгі күні екі-ақ күнде аяқталып, шешім шығаруға бейімделді. Бүгінгі талқылап, талдап отырған жобалық менеджмент мәселесінің арғы жағында қағазбастылық, жауапты басшылардың құптап, қол қойғанын айлап күту, келісімшарттың бекітілуінің тым ұзаққа созылуы сынды кедергілерден арылу жолдары тұр», – деді Марат Ахметжанов.
Семинарда басқарудың дәстүрлі жүйесі негізінен үдерістерге, оқиғалар барысына бағдарланған болса, ал жобалық менеджментте дәл белгіленген мерзімде сапалы нәтижеге қол жеткізуге баса назар аударылатыны атап өтілді.
Қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі жобалық басқару қағидаттары бойынша «Аманат» сайлауалды бағдарламасын, «Цифрландыру, инновация және ғылым есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да бағдарламалық құжаттарын орындау жөніндегі Жол картасы шеңберінде жобаларды іске асыруда.
ІІМ қызметкерлерді жобалық менеджментке оқытуға көп көңіл бөледі. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында оқыту ұйымдастырылды.
Сондай-ақ оқытуға Қазақстанның жоба менеджерлері қауымдастығының жаттықтырушылары тартылды.