Бұл – облыста соңғы он жылда өмірге келіп отырған үшінші үшем. 14 маусымда туған нәрестелер перзентханадан бүгін шығарылды. Бірден үш сәбилі болған Игорь және Алена Лукиндердің қуанышын бөлісуге дос-жарандары, жергілікті БАҚ өкілдері және қала әкімі Марат Жүндібаев перзентханаға барды.
— Сіздерді нәрестелеріңіздің өмірге келуімен қаланың барлық тұрғынының атынан құттықтаймын. Бұл – өте үлкен қуаныш әрі ғажайып оқиға. Мұндай жағдай соңғы жиырма жылда бес рет, он жылда үш мәрте қайталанып отыр. Сәбилеріңіздің дені сау болсын! – деп құттықтау лебізін арнады қала басшысы Марат Жүндібаев.
Қостанай әкімі жас отбасыға 1,5 млн теңгенің сертификатын сыйлыққа берді. Ал қуанышы қойнына сыймаған әке үшемнің алғашқы балалары екенін жасыр-
мады.
«Біз баланы жеті жыл зарығып күттік. Сосын ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) арқылы бағымызды сынап көруге тура келді. Бақытымызға орай, алғашқы мүмкіндіктен-ақ әйелімнің құрсағына бала бітті. Әуел баста егіз болар деп жүрген едік, УДЗ-ға келгенде дәрігерлер үшем екенін айтып, таңғалдырып тастады. Шексіз қуаныштымын!» – дейді Игорь.
Үшемнің біреуі – ұл, екеуі – қыз бала. Милана, Арина және Артем деп атапты. Нәрестелер туғаннан кейін бір күннен соң Игорь ипотекаға кең пәтер де сатып алыпты. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Жарты айдан соң қоныс тойын жасамақ. Қостанай әкімі Марат Жүндібаев 2021 жылдан бастап, Перзидент Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен МӘМС аясында «Аңсаған сәби» бағдарламасы нәтижелі жүзеге асып жатқаны туралы ақпарат бере кетті.
— Осы бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандыруға берілетін квота мөлшері 7 есе артты. Бұл – жас отбасыларға деген орасан зор қолдау. 2021 жылы Қостанай облысында ЭКҰ көмегімен 72 бала дүниеге келді, – дейді қала әкімі.