Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Халық ойындары бастау алды

27 июня 2022 14:21 • 718 просмотров

Қостанай облысында Қазақстан Республикасының VІІ Халық ойындары байрақ көтерді. Елдің барлық аймағы қатысатын кең ауқымды спорт додасының ашылу салтанаты халықаралық олимпиада күні қарсаңында өтті.

Төрт жыл сайын өткізілетін Халық ойындарының биылғы мерекесін ұйымдастыру Қостанай облысына аманатталған. Жарыс 13–24 маусым аралығында спорттың тоғыз түрінен өтеді. Атап айтқанда, өз өңірлерінен іріктеліп келген үздіктер қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шағын футбол, волейбол, баскетбол, гір спорты, қол күрес және асық атудан сынға түседі. Осы жылғы додаға республиканың 17 өңірінен 1500-ден астам спортшы қатысып отыр. Бәсекеде 34 медаль сарапқа салынады. Әр өңірдің командаларын қарсы алу, таныстыру және құрмет көрсетуге арналған іс-шара Қостанай қаласындағы «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» саябағындағы амфитеатрда өтті.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі сіздерді VІІ Халық ойындарының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтайды. Төрт жылда бір келетін ойындаржыл басынан басталып, облыс-облыста үздіктер сарапталады. Өз шеберліктерін көрсете білген спортшылар финалдық сынға келіп отыр. Халық ойындары олимпиада секілді тұтастығы қалыптасқан дүбірлі дода десек, артық айтқандық емес. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев әр Жолдауында бұқара және жасөспірімдер спортына өте зор мән беріп отырады. Олай болса, бұл бәсеке спорттағы биік белестерге бастайтын баспалдақ болғай. Бізге осындай мерекені ұйымдастырып берген Қостанай облысының әкімдігіне және облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына рахмет айтамыз», – деді «Халық ойындарына» арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ДШ және спорт комитеті төрағасы Самат Ералиев.

«Спорт – өмір, ал өмір – күрес» десек, жеңіс, намыс, мақсат жолындағы күреске әр команданың әрбір спортшысы тас-түйін дайындықпен келгені анық. Доданың ашылу салтанатында әр өңірдің командалары құрметпен ортаға шақырылды. Жүргізушілер беріп отырған мәліметтерге жүгінсек, әр өңірден 80 мен 100-дің аралығында спортшы келген. Спорттық байрақтарымен, киім формаларымен бір-бірінен ерекшеленген топтар сахна алдын түрлі-түсті әсем көрініспен көмкеріп жіберді. Оларға жергілікті билік өкілдері, жарыс төрешілері құттықтау лебізін айтып, сәттілік тіледі.

Спортшылар құрметіне қостанайлық өнерпаздар ән мен күйден, жыр мен биден шашу шашты. Тағы бір айта кетерлігі, осы іс-шара аясында Францияның Нормандиясында 12–19 мамырда өткен ХІХ әлемдік гимназиядада жүлдегер болып оралған қостанайлық үш спортшыға министрлік өкілі марапат табыс етті.

Атап айтқанда, баттерфляй жүзуінен чемпион атанған лисаковтық Дмитрий Энес, регбиден қола жүлде иеленіп келген Қостанай қаласының БЖСМ тәрбиеленушілері Виктория Кузнецова мен Марина Денисоваға құрмет көрсетілді.

Халық ойындарының қорытындысы туралы ақпарат дода аяқталған соң хабарланатын болады. Спорт сайысы 24 маусы күні аяқталады.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор