Аманкелді ауданы Үрпек ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Ауылдың кіреберісіне арка салынып, Үрпек-Аманкелді жолы және ауылдағы 5 көшенің жолы жөндеуден өтті.
Осы уақытқа дейін қырық жылға жуық жөндеу көрмеген ауданға қатынайтын жол да, ауыл арасындағы тасжолдар да тұрғындарға қиындық туғызып келді. Енді жолдың азабынан құтылған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Оларды құттықтауға аудан әкімі Талғат Карбозов барды.
«Үрпек ауылдық округінің кіреберісіне орнатылған арканың құрылыс жұмысына ауыл жанашырлары Бейбіт Төлекбаев, Дархан Рысмағанбетов, Нұрлыбек Әбдібеков сынды атымтай жомарт азаматтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында және «Туған жерге туыңды тік» атты бастамасы бойынша қолға алған. Құны 8 млн теңге тұратын жобаны жүзеге асырып, ел игіліне берілуі үшін көпн көмегін тигізді. Бұл ел азаматтарының кіндік қаны тамған жеріне жасаған үлкен де абыройлы ісі. Ауылды өркендетуге бағытталған келелі бағдарламалардың бірі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Аталған бағдарлама шеңберінде аудан төңірегінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай сүбелі іс республика және облыс бюджеті қаражаты есебінен 107 млн теңгеге Үрпек ауылдық округі орталығының 5 көшесіне асфальт төселгені. Өткен жылы Аманкелді-Үрпек бағытындағы құны 529,3 млн теңгені болатын автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу жұмысы бастау алған еді. Бүгінде автомобиль жолы толық жөндеуден өтіп, халық игілігі үшін қызмет жасауда», – дейді аудан әкімі Талғат Карбозов.
Рәсім соңы түйе палуан күресі мен тай жарыс, аударыспақ сынды ұлттық ойындармен жалғасты.