Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ауыл шаруашылық көрмесі өтті

Тобыл өңіріндегі «Қазақ тұлпары» серіктестігінің егін алқабында ұйымдастырылған ауқымды агрокөрмеге ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын кәсіпорындар мен егін егіп, мал баққан шаруашылық басшылары қатысты. Көрме барысында Қазақстанда құрастырылған ауылшаруашылық техникалары, асыл тұқымды Қостанай жылқылары, түрлі дәнді дақылдардың сұрыптары, агрохимиялық өнімдер мен элиталы астық тұқымдары көпшілік шаруалар назарына ұсынылды.

Іс-шараға қатысушылар алдымен егін алқаптарын аралап, биылғы астықтың жай-күйімен танысты. Қарабалық ауыл­ша­руашылық тәжірибе стансасының басқарма төрағасы Дәмір Қал­дыбаев меймандарға астықты аймақта өсетін жергілікті ауа райы­на бейімделген дақылдардың ерекшелігін сипаттап берді.

– Қарабалық тәжірибе стансасында мол өнімге кепіл болатын бидай тұқымының 52 түрі өседі. Соның ішінде ең мол түсім беріп келе жатқан қуаңшылыққа төзімді сұрыптың бірі – «Айна» деп аталады. Сондықтан бұл сұрыпқа деген сұраныс жоғары. Мен рекордшылар жайында бір-екі ауыз айта кетейін, мысалы, Меңдіқарадағы «Тимотин» шаруа қожалығы осы бидайды егіп көріп, былтырғы құрғақшылық кезінде гектарына 51 центнерден өнім алды. Бұл – былтырғы екі ай құрғақшылықтан кейін шілде айында бір-ақ рет жауған жаңбырдан соң алған өнімі. Алтынсарин ауданындағы «Ай-Дала» шаруашылығы әр гектардан 44 центнер астық түсірді. Былтыр еліміз бойынша 150 мың гектар алқапта осы тұқым себілді. Биыл 300 мың гектардан кем түспеуге тиіс. Бұл сұрыпқа деген сұраныс жыл санап артып келеді, – дейді Д.Қалдыбаев.

Кейінгі жылдары аптапты жаздың жиілеп кетуіне байланысты диқандардың дені құрғақшылық пен ыстыққа төзімді сұрыптарды көбейтуге ден қойып отыр. Мәселен, қостанайлық диқан Нұркелген Өтеулин бидай тұқымын жергілікті ауа райы мен жердің жағдайына қарай таңдау керегін айтады.

– Ерте пісетін, жаздың ортасынан ауа және күзге қарай, кеш пісетін дақылдар болады. Өзіме «Қазақ тұлпары» серіктестігінің алқабындағы сұрыптардан «Кудесница» дегені ұнады. Алдағы жылдары егіп көру керек деп отырмын. Мына жерден-ақ гектарына 30-35 центнер беретіні көрініп тұр. Өнімнің жақсы шығуы тұқымға байланыс­ты. Күтім де керек. Жерге инвес­тиция салмасаң, қандай элиталы тұқым сепсең де дұрыс өнім ала алмайсың, – дейді диқан.

Бүгінде мемлекет ауыл шаруа­шылығын дамыту бағдар­ламалары аясында астық тұқы­мының сапасын арттырып, жоғары өнім беретін сұрыпты еселей түсуге үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл туралы «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» ҰАҚ басқарма төрағасы Дархан Бал­панов баяндады. Оның айтуынша, шаруаларға жүктеліп отырған басты міндет – ғылыми технологияның жетістіктеріне иек арта отырып, құрғақшылыққа төзімді сұрыптарды көбейту, оларды тиімді пайдалана білу. Ал мемлекет өз кезегінде тұқым саласын дамытуды қолға алады.

– Әрине, бұл саланы бизнес­пен бірлесе отырып дамытуымыз керек. Мәселен, тоқсаныншы жыл­дары елде тұқым сапасын арттырумен айналысатын қырық­тан аса тәжірибе стансасы болса, қазір соның 18-і ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ мұның сыртында, бізде элиталы тұқым өсіретін 150 жеке меншік станса мен жеке шаруашылық бар. Оларды да осы маңызды шаруаға тартуымыз керек. Бүгінде 2,5 млн гектар жерге біздің отандық сорттар егілді. Алайда мұнымен шектеліп қалуға болмайды, біздің әлеуетіміз 4,5-5 млн гектарға дейін жетеді деп ойлаймын. Бұдан былай тәжірибелі стансаларды жаңғырту жұмысы жаңа доктрина аясында жүзеге асады. Басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан осы бір аптаның көлемінде шаруалардың ұсыныстарын күтеміз. Соның бәрін талқылап, кәдеге жарайтынын ескере отырып, ортақ тұжырымға келетін бола­мыз. Президент осындай тап­сырма беріп отыр. Тағы бір айта кететін мәселе, қазіргі жағ­дайда еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін импорт көлемін бірте-бірте азайта бе­руіміз керек, – деді Д.Балпанов.

Диқандар мен мамандардың ұсынысы талқыланған соң, арнайы стратегиялық бағдарлама қабылдануға тиіс. Елордадан келген өкіл мұны да тілге тиек ете кетті.

Көрмеге қойылған отандық комбайн, шөп дестелейтін, тұқым себетін, жер өңдейтін агрегаттар да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Тіпті табан астында су жаңа техника сатып алып жатқандар да кездесіп жатты.

– Серіктестерімізбен әрі клиент­терімізбен бетпе-бет жүздесіп, алдағы жоспарларымызды тал­қылауға мүмкіндік алып отыр­мыз. 2021 жылы біздің компания 400 К-700 «Кировец» трак­торын, 650 LOVOL және 420 «Есіл» комбайнын шығарды. Зауыт биыл да осы межеден көрінетін болады. Соңғы жылдары ди­қаншылықпен және мал басын көбейтумен айналысатын шаруа­шылықтардың отандық техни­каға деген сұранысы артып келеді. Мысалы, былтыр біздің зауыттан шыққан техниканың 90 пайызға жуығы жергілікті шаруашылықтарға сатылды. Мемлекет отандық техниканы жасап шығарушыға да, оны сататын дилерлер мен сатып алатын диқан-фермерлерге де үлкен қолдау көрсетіп, көптеген жеңілдік жасап отыр, – дейді «Агромашхолдинг кz» компаниясының президенті Динара Шөкежанова.

Көрменің соңы «Агро­өнер­кәсіпті онлайн-сервис басқару» тақырыбындағы ғылыми-тәжі­рибелік жиынға ұласты.