Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

12 августа 2022 16:30 • 11 887 просмотров

Oблыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапары аясында Амангелді және Жангелдин аудандарына барды. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен ол «Әулиекөл – Жалдама» автожолының 0-50 шақырымды құрайтын учаскесінің орташа жөндеу барысын тексерді, жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Кейін Амангелді ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы көшесінің орташа жөндеу жұмысының барысымен танысты. Көшенің ұзындығы 1,3 шақырым. Барлық жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айына аяқталады.

«Бұл жерде облыстың Құрметті азаматы, меценат Сапар Ысқақовқа алғыс айтуымыз керек. Ол кісі өз қалтасынан 2,5 млрд теңге қаржы шығарып, үлкен шаруаны қолға алды. Біз тек   құрылыс нысанына инженерлік-коммуникациялық желі тартып бердік. Сосын жолын асфальттауға 45 млн теңге қаржы бөлдік. Онда салынып жатқан он екі нысанның бесеуін 4-ші қыркүйек күні салтанатты түрлде ашып, ел игілігіне береміз. Бұл  да туристерге ұялмай көрсететін кешен болмақ. Білуімше, елде мұндай кешендер саусақпен санарлық, тіпті, жоқ десе де болады. Торғай геоглифтеріне апарар жол  саламыз. Ал Жанкелдин ауданында Ахаң-Жақаң мұражайы толық жаңартылып жатыр. Музей алдындағы қос арыстың бұрынғы бетоннан құйылған есткерткішінің орнына қоладан жасалған еңселі ескерткіші бой көтереді. Сосын отыз жылдан бері жөндеу көрмеген Шақшақ Жәнібек музейі жаңартылмақ. Ахаң тойы қарсаңында Шұбалаң-Қарасу бағытындағы күре жолдың 44 шақырымына асфальт төселеді. Алдағы екі жылда қалған 60 шақырымы жөнделмек. Ыстық су басында туристерге қолайлы жағдай жасалады. Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріндегі музей-үйі қаййта салынып жатыр. Онда Ахмет атамыздың ата-анасы, туыстары, балалық шағы, мектепте оқыған кезеңдерін бейнелейтін жәдігерлер қойылады»,-дейді облыс басшысы. 

Бұдан соң өңір басшысы Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы және Торғай ауылына ауылына барды. Мұнда ол Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөнделу барысымен, сондай-ақ аудандық маңызы бар Шұбалан-Қарасу автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу барысымен танысты. Көпірдің ұзындығы 84,65 м. Көпірді күрделі жөндеуге 200,8 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 12 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделді.

Содан кейін Архимед Мұхамбетов «Тентексай» ыстық су бұлағына барды. Биыл ыстық су көздерінің жанында орындықтар, қоғамдық дәретхана және қоқысқа арналған жәшік орнатылды. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі мен медициналық пункт құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс материалдарын тасымалдау бойынша жұмыстар жүргізілуде, іргетасты құю бойынша жұмыстар орындалды және шатырды төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан кейін облыс әкімі Торғай ауылындағы А.Байтұрсынұлы мен М. Дулатовтың әдеби мұражайына ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Нысанда қабырғалар мен қалқаларды демонтаждау, төбені, еденді, ішкі есіктерді және су құбырын ауыстыру, қабырғаларды сырлау, сондай-ақ қоршауларды, бейнебақылау және сыртқы жарықтандыруды орнату жұмыстары жүргізілді.

Ескерткіштер – тарихи жадымызды жаңғыртуда және қоғамдық сананы қа­лыптастыруда ерекше мәнге ие. Сондықтан жоспарлаудан бастап ескерткіштерді орнатқанға дейінгі жұмыс­қа мұқият қарау өте ма­ңыз­­ды. Комиссия тобы мүсіндердің жұмсақ материал­дан жасалған толық көлемдегі нұсқасын жан-жақты қарастыруы қа­жет.

Содан кейін ол Торғай ауылындағы «Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалына барды. Жыл соңына дейін облыстың оңтүстік өңірлерінің 16 ауылы бойынша мобильді интернет 3G/4G стандартына дейін жақсартылады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов Жангелдин ауданының әкіміне барлық жоспарланған жобалар мен іс-шараларды сапалы және белгіленген мерзімінде орындауды тапсырды.

Жұмыс сапарының жалғасында Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласына барды. Мұнда бірінші кезекте ол Ш. Жәнібек және Демченко көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Ш.Жәнібек көшесінің ұзындығы 1,9 шақырым, құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша қаражат бөлінді. Жұмыс келесі жылы аяқталады. Демченко көшесінің ұзындығы 2,7 шақырым, жөндеу жұмыстары қазіргі таңда тәмамдалды.

Бұдан кейін облыс әкімі 7-шағын аудандағы инженерлік желілер құрылысының барысымен танысты. Жоба бойынша су құбыры желілері – 10,04 шақырым, кәріз желілері – 4,03 шақырым, электр желілері-5,91 шақырымда жөндеу жоспарланған.

Одан әрі ол “Северный” кентіндегі су құбыры желілерін қайта құру нысанына барды. 21,3 шақырым су құбыры желісін қайта жаңарту жоспарланған, қазіргі уақытта 6 шақырымы төселді.

Кейін ЖК «Аяп» көмір тұйығының өндірістік қуатын кеңейту бойынша объектіге барды. Кәсіпорын 2013 жылдан бастап халық пен ұйымдар үшін тас көмірді сатып алу және сату бойынша жұмыс істейді. Теміржолдың негізі салынды, ұзындығы 200 м. Теміржолдың жоғарғы құрылымы жартылай төселген.

–Қалада туристерге көрсететін бірнеше нысан бар. Мәселен, дала өлкесі музейіне  былтыр 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Ондағы тозығы жеткен жәдігерлердің қалпына келтіріп жатыр. Жасөспірімдер театры, «Горняк» мәдениет сарайына да  күрделі жөндеу жүргізіледі. Мұның сыртында бірнеше кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жол бойындағы Кейкі батыр кесенесі екі жылдан беру келушілерден арылып көрген емес. Әрлі-берлі өткендер кесенеге ат басын тіреп, тәу етеді. Аманкелді селосында  заманауи үлгідегі туристік хаб салынып жатыр,-деді сапар соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Сапар қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласының әкіміне жоспарланған барлық жұмысты сапалы және көрсетілген мерзімде аяқтауды тапсырды.