Қостанайда әскерге баруға міндетті азаматтар арнаулы жиындарға шақырылды. Олар 12 күн бойы полигондарда, бөлімшелерде оқу-жаттығу сабақтарын өткізіп, жауынгерлік іс-қимылдарды, айла-тәсілдерді меңгереді.
Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 2 сәуірінде қол қойды. Бұл қадам ҚР Қарулы күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін жасалып отыр.
Шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың жергілікті атқарушы органдары Қарулы күштерінің бас штабымен келісе отырып ұйымдастырып, жүзеге асырады.
Арнайы жиындар – әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңда көрсетілгендей, төтенше жағдай режимін енгізу және қамтамасыз ету кезінде, қандай да бір апат салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындау үшін және Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетін әскери жиындар түрі. Биылғы арнаулы оқу-жаттығу жиындарына шақыру елімізде шілде айында басталған. Өңірлерде әлі жалғасып жатыр. Бұған 18–45 жас аралығындағы ел азаматтары шақырылады. «Бұл арнаулы жиындардың мақсаты – Отанымыздың қауіпсіздігін сақтау, армияның сапасын арттыру. Ертеректе әскерде болып келген азаматтарымыз қазіргі заманауи қару-жарақты да пайдалана білуі керек. Арнаулы жиындар сол үшін өткізіледі», – дейді Қостанай қаласы бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, штаб бастығы Асылбек Кибеков.
Арнаулы жиынға қатысушыларға еңбекақы есебінде төлем беріледі. Егер шақырылушының істеп жүрген жұмысы болмаса, оған ең төменгі айлық мөлшерінде еңбекақы аударылады. Өзін жақсы көрсете білген азаматтарға әскери саладан қызмет ұсынылуы да мүмкін. Сондықтан, бұл іс-шараны бір жағынан қос қолға бір күрек таппай жүрген жастарға берілген мүмкіндік десе де болады.
«Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың маңызды міндеті. Шақырту қағазы келген соң, бірден оқу-жаттығу жиынына барамын деп шештім. Өзім № 28 мектеп-гимназияда жұмыс істеймін. Мектебімізде «Жас сарбаз әркери-патриоттық қозғалысы бар. Мектеп табалдырығын аттаған күннен біз оқушыларды елді сүюге, отаншылдыққа тәрбиелейміз. Оқушыларыма үлгі болайын деп осы жаттығу жиынына барғалы тұрмын», – дейді запастағы лейтенант Әлихан Сағитов. Қостанай қаласы бойынша әскери міндеттілерді жинау пункті «Мирас» мәдениет үйіне орналастырылды. Ол жерде сарбаздар екі топқа бөлініп, тиісті бөлімшелеріне жіберілді.
Шақырғандардың көбі – бұрын әскери борышын өтеп келгендер. Олар Қорғаныс министрлігінің жоспарына сәйкес қайта даярлаудан өтіп, жаңадан шен алады. Оқу-жаттығу жиынында өзін жақсы жағынан көрсете білген азаматтардың жұмыс орындарына алғыс хат жіберіледі.