Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мақсат – Торғай өңірін дамыту

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Арқалық қаласы мен Амангелді ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы Амангелді ауданының Үштоғай ауылында тұрғындармен кездесті.

Үштоғай ауылының тұрғындары Рассвет негізгі мектебінде интерактивті панелі бар әмбебап кабинетін ашуды және Үштоғай ауылында көше шамдарын жаңартуды сұрады. Сондай-ақ, осы ауылдағы жаңа жедел жәрдем автокөлігін сатып алу қажет екендігін алға тартты. Себебі, ауылда автокөлік жоқ, ауырып қалған жағдайда такси жалдауға тура келеді дейді ауыл тұрғындары. Архимед Мұхамбетов үштоғайлықтар көтерген мәселелерді жуырда шешуге уәде етті.

Бұдан соң облыс әкімі Үштоғай ауылындағы ауыз су тарату пунктіне барды. Өткен жылы 4 995,2 мың теңгеге су тарату пункті орнатылған болатын. Қазір ауыл тұрғындары таза суға қол жеткізіп отыр.

Бұдан соң «Нұрлы Жол 2015» ЖШС кәсіпорнында болды. Бұл шаруашылық 56 429 га жерге егін егеді. Биыл дәнді дақылдарды жинау алаңы – 7 688 га, майлы дақылдар – 7 493 га құрайды.

Жұмыс сапарының жалғасында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласында кәсіпкерлік субъектілерінің, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерінің қатысуымен «Инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы Қостанай облысының оңтүстік өңірлерін дамыту» бизнес-форумына қатысты.

— Қазіргі кездегі өзекті мәселе – бұл әлеуметтік-экономикалық дамудағы белсенділікті күшейту үшін жаңа тәсілдерді қажет ететін облыстың оңтүстік өңірлерінің экономикалық әлеуетін ашу.

Бұл бағыттағы құралдардың бірі – жобаларға инвестиция тарту, – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Форумда экономиканың түрлі секторларындағы жобалар талқыланды және таныстырылды: тау-кен металлургия кешені, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да бағыттар.

— Біздің облыстың оңтүстік аудандарында шамамен 4,4 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы шамамен 465 млрд.теңгеге 35-тен астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, облыстың оңтүстік өңірі, ең алдымен, бай рухани және мәдени-тарихи мұрасының арқасында жоғары туристік әлеуетке ие. Тұтастай алғанда, туристік саланы дамыту халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының тұрақты өсуін, туризммен сабақтас салалардың дамуын ынталандыруды және экономикаға инвестициялар ағынын ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

Мәселен, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Аслан Жаныспаевтың айтуынша, Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарында жалпы сомасы 465 млрд теңгеге жуық 35-тен астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Мысалы, Арқалық қаласының маңында «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС 2027 жылға қарай құны 315 млрд.теңге және 1200-ге жуық жұмыс орнын құрумен тау-кен байыту комбинатының құрылысы бойынша жобаны пысықтауда.

Сонымен қатар, Арқалық қаласында, сондай-ақ Амангелді және Жангелдин аудандарында «SRS Holding LTD» холдингі полиметалл кендерін қайта өңдейтін үш фабрика салу бойынша жобаларды пысықтауда.Инвестициялардың жиынтық көлемі 49 млрд теңгеден асады.

Жаңартылатын энергия көздері секторында таяу жылдары қуаты 48 МВт болатын «Арқалық» жел электр станциясын салу жоспарлануда. Жобаның құны 24 млрд.теңгеден асады.

Агроөнеркәсіптік кешенде бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Мысалы, «Алюминстрой» компаниялар тобымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кластер құрылуда.

Осылайша, қуаттылығы жылына 18 мың тонна ұн болатын диірмен кешенін салу жоспарлануда. Сонымен қатар, қуаттылығы жылына 100 мың тонна мақсары майлы тұқымдарын қайта өңдеу зауытының 2,5 мың басқа арналған асыл тұқымды репродукторын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, бұл нысандарға салынатын инвестиция көлемі 3 млрд теңгеден асады, 145 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, Целинное ауылында «Ұрпақ Агро» ЖШС 10 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша инвестициялар 4,5 млрд.теңгені құрайды, 50 жұмыс орны ашылады.

Экономикадағы маңызды сегмент шағын және орта бизнес секторы болып табылады.

Мұнда мысал ретінде «Үміт» ЖШС былғары зауытын келтіруге болады. 2021 жылы облыс әкімдігі «Тобыл» ӘКК АҚ-мен бірлесіп кәсіпорынды қаржылық сауықтыруға жәрдем көрсетті, бұл 10 жыл бойы тоқтап тұрған зауытты қайта іске қосуға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, кәсіпорынға тігін цехын және сервистік-дайындау цехын ұйымдастыру үшін грант түрінде Үй-жайлар мен қаржы қаражаты бөлінді.

Ағымдағы жылы қосымша тағы 2 жоба іске асырылды, оларға 5 млн.теңгеден гранттар берілді. Бұл қайыс-ер және былғары галантерея өнімдерін өндіру бойынша жоба, сондай-ақ балалар ортопедиялық аяқ киімін өндіру бойынша жоба.

Осылайша, былғары зауытының айналасында шағын бизнес белдеуі қалыптасады.

Инвестициялық жобаларды іске асыру тек осы өңірлердің ғана емес, сондай-ақ Қазақстан экономикасының тұтас салаларының дамуына елеулі серпін береді

бұл аудандардағы ресурстық әлеует инвестициялар тарту үшін үлкен әлеуетке ие.

Бұдан басқа, облыстың оңтүстік өңірі ең алдымен бай рухани және мәдени-тарихи мұрасының арқасында жоғары туристік әлеуетке ие.

Сондай-ақ, туризмді ұйымдастыру үшін Торғай өңірінің тартымдылығы қол тимеген, бүлінбеген бірегей табиғи жерлерде жатыр. Бірегей құрылыстар – ғылыми қоғамдастық пен туристердің үлкен қызығушылығын тудыратын Торғай геоглифтері. Ауданға кіре берісте орналасқан «Құмкешу», тұзды көл, су температурасы 70 °C-қа жететін Тентексай маңы.

Өз кезегінде Амангелді ауылында құны 2,8 млрд теңге болатын туристік көпфункционалды кешен салынып жатыр. Бұл оңтүстік өңірлер аумағында туристік кластер құруға мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, туристік саланы дамыту халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының тұрақты өсуін, туризммен сабақтас салалардың дамуын ынталандыруды және экономикаға инвестициялар ағынын ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор