Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ауданда айтарлықтай өсім бар

3 ноября 2022 12:00 • 2 962 просмотров

Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев Өңірлік коммуникациялар алыңында ауданның даму барысын айтып берді. Аудан басшысы баяндағандай, биылғы тоғыз айда аудан экономикасына 7,9 млрд теңге инвестиция салынған.

Облыстың қай өңірін алсаңыз да, бұрынғы жылдарға қарағанда еңсесі биік, есебі түгел. Экономикасы ілгері басқан, әлеуметтік жағдайы өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Сондай ахуалы алға озған өңірлердің бірі – Федоров ауданы.

Мәселен, өткен тоғыз айда теріскейде қыруар шаруа атқарылды. Сырттан біраз инвестиция тартылды, бюджет толықты. Мұның бәрі айтар ауызға ғана оңай. Бұл былтырғыдан 609 млн теңгеге арттық. Республикалық бюджет есебінен 2 млрд. 574 млн теңге түскен.

Аудан басшысы 50 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілгенін айтады. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиіп отыр. Соның арқасында өңірде шағын және ортакәсіпкерлік қарқынды дамыған. Кәсіпкерлікті дамытудың жүйелі шараларына «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы ықпал еткенін айта кеткен жөн. Биыл Федоров ауданында бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 15 жоба жүзе асырылды. Қазіргі уақытта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жалпы сомасы 207,3 млн теңгеге «Бек+» ЖШС, «Промбаза –7»ЖШС тәрізді екі кәсіпкерлік субъектісі қаржыландырылды.

— Салалық бағдарламалардың сапалы орындалуы жыл сайын түлік санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде ауданда 26 мың 215 қара мал өсіріледі. Жылқы 104,7%-ке, шошқа 80,4%-ке өсті. Сүт өндірісінің тұрақты өсуі және сүт кластерін нығайту үшін ауданда «Тұрар» ЖШС, «Бек+» ЖШС, «Бүркіт» ЖШС және «Андреев Ю. Ю.» ЖК тәрізді төрт сүт-тауар фермасы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, «Успеновка сүт» ӘКК, «Банновкасүт», «Байғара сүт», «Таза Шаңдак», «Даму – 2020» тәрізді бес бірдей әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативтерінің жұмысы жанданды, – дейді Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев баспасөз мәслихатында.

Аудан әкімінің есебіне қарағанда, мұнда тоғыз айда 3847,6 тонна ет, 28837,1 тонна сүт, 8776,7 мың жұмыртқа өндірілген. Федоровтық шаруалар биыл 354,6 мың тонна астық жинап алды. Гектар берекелілігі орта есеппен алғанда 12,5 центнерден айналды. Өңірде егіс алқабын әртараптандыру бағытында майлы дақылдар 3 мың гектарға ұлғайтылып, 78,1 мың гектарға жетті.