Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Еңбекке құрмет

17 декабря 2022 10:00 • 518 просмотров

Қостанайға жұмыс сапарымен келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қала тұрғындарымен кездесіп, биыл қыркүйектің басында Әулиекөл ауданында болған алапат өрттен зардап шеккендерге арналып салынған тұрғын үйлерді тұрғызуға белсене атсалысқан құрылыс мамандарына мемлекеттік марапаттар табыс етті.

— Құрметті әріптестер, құры­лысшылар! Сіздер қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарып, Аманқарағай ауылының тұрғындарына қиын уақытта үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өрттің салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданып, тұрғын үйлердің құрылысы дереу басталды. Осы бағытта жұмылдырылған өңірлік мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысы мен тиімді жоспарлауының нәтижесінде, 91 тұрғын үйді салу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды, – деді Қайырбек Айтбайұлы.

6 қыркүйекте басталған Әулиекөлдің іргесіндегі «Бірлік» шағын ауданының құрылысы айналасы бір жарым айдың ішінде толық аяқталды. Қар түспей 45 күннің ішінде бой көтерген 91 үйді салуға атсалысып, азаматтық белсенділік танытқаны үшін үш бірдей құрылыс компаниясының басшылары «Құрмет» орденімен марапатталды. Олардың қатарында «Строй Элит Дом» ЖШС-ның байқаушылар кеңесінің төрағасы Дәулет Ыбырайымов, CK КBS компаниясының директоры Бауыржан Қарамакин және «Рудныйсоколовстрой» АҚ бас директоры Нұрлан Орымбаев бар.

Ал «Рудныйсоколовстрой» АҚ-ға қарасты құрылыс басқармасының аға прорабы Оксана Владимирова мен «БК-Строй» ЖШС-ның тас қалаушысы Олжабай Жақсылықов III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болды.

Сондай-ақ министр «Строй Элит Дом» ЖШС-ның бригадирі Ерболат Арыққұлов, «Алюминстрой» ЖШС директорының орынбасары Дархан Әбдіков, «Алия-Сервис» ЖШС филиалының директоры Тайыр Бекжанов, «Парасат Строй Проект» ЖШС директоры Әбдірахман Бораш және «БК-Стройпром» ЖШС директоры Сергей Ким сияқты басшы-ұйымдастырушыларға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті.

Бұдан өзге де тағы бірқатар азамат Мемлекет басшысының Құрмет грамотасын алды.