Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бірлігі жарасқан ауыл

31 декабря 2022 15:30 • 8 427 просмотров

Тобыл өңіріндегі ең көп ұлтты елді мекендердің бірі – Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылы. Облыс орталығынан 30 шақырым қашықта жатқан елді мекенде тұрып жатқан сан алуан ұлттың тату-тәтті тұрмыс-тіршілігі ауылдық кітапхана жанынан «Қазына» орталығы ашылғалы тіпті ажарлана түскендей.

Халқының дені негізінен неміс ұлтынан құралған Садчиковта кезінде төрт-ақ үй қазақ тұрыпты. Сол төртеудің бірі ауылдық округтің қазіргі әкімі Нұрлан Айтмағамбетовтың атасының шаңырағы екен.

Әкімнің айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары немістердің көбі тарихи отанына кетіп, олардың орнын шалғай ауылдардан қоныс аударған тұрғындар басқан. Қазір ауылдың жартысына жуығы қазақтар, қалғаны украйн, белорус, неміс, кәріс, орыс, татар, әзірбайжан, молдаван, башқұрт, ұйғыр сияқты 50-ден астам ұлт өкілдерінен құралған.

— Осы ауылда 30 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан «Зарянка» фольклорлық ансамблін бүкіл облыс жұртшылығы біледі. Қазір бұл өнер ұжымына халықтық ансамль деген мәртебе беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Ал биыл 10 ақпанда мәдениет үйі ғимаратындағы ауылдық кітапхананың жанынан ересектер үшін ашылған «Қазына» клубы тоғыз айдың ішінде түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, қолөнермен, шығармашылықпен айналысатын нағыз өнер орталығына айналды, – дейді Нұрлан Айтмағамбетов.

Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен және көркемөнерпаздар шығармашылығымен айналысатын «Қазына» орталығына ауыл кітапханасының меңгерушісі Алтын Ержанова жетекшілік етеді. Көп жылдар бойы Қарабалықта қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы болып жұмыс істеген тәжірибелі маман Садчиковқа көшіп келісімен, ауыл зейнеткерлерімен сөйлесіп, орталық ашып, қарттарды жастарға өнеге боларлық игі іске жұмылдыра білген. Нәтижесінде, қарт өнерпаздар күні кеше ғана Республика күніне орай өткен аудандық көркемөнерпаздар байқауының бас жүлдесіне ие болды.

«Қазына» орталығының белді мүшелерінің бірі – он саусағынан өнер тамған ісмер, зейнеткер Қаршыға Сейіткереева. Осыдан 23 жыл бұрын Науырзым өңіріндегі Дәмді ауылынан көшіп келіпті.

— Жолдасым да, өзім де осы жерден зейнетке шықтық. Биыл Алтын баламыз осы ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерінің басын қосып «Қазына» клубын ашты. Содан бері өз күшімізбен мереке күндеріне арналған мәдени іс-шараларды өткізіп келеміз. 8 наурызда, бірінші мамырда, Республика күні мерекесінде концерттік бағдарламамен осы ауылдық округті аралап шықтық. Наурыз тойын әр ұлттың өкілдері өздерінше дайындалып, бірге тойладық. Осы мәдениет үйінде Айттың шайын бердік. Әуел баста ұлттық киім тапшы болып, біраз қиналдық. Жоқ екен деп қарап отыра беруге болмайды, мата сатып алып, мына басымыздағы ақ кимешекті өзіміз тігіп алдық. Содан бір аты-жөні белгісіз бір қайырымды жан бізге қаржы бөліп, үстіміздегі қамзолды сатып алдық. Матаны ендей алып, көйлекті осындағы 12 адамға өзіміз тіктік. Бүгінде клубқа 15 адам мүше. Бұл ауылда неше түрлі ұлттың өкілдері тұрады. Бірімізді-біріміз жатсынбай, етене араласып отырамыз. Қайғы-қуанышта бірге болып, жұмыла еңбек етіп, тату-тәтті тіршілік етіп жатырмыз. Елімізді, осы бірлігімізді мынау жан-жақта болып жатқан бәлекеттерден сақтасын, – дейді Қаршыға әжей.

«Қазынаның» тағы бір белді мүшесі – ауыл тұрғындары Федорыч деп атап кеткен 85 жастағы зейнеткер Леонид Леоппа. Белорусияның Витебск облысында дүниеге келген қария Қостанай өңіріне тың игеру науқаны қарқын алған 1956 жылы кәмелетке толмаған жаста келіпті. Ұзақ жылдар бойы Қарасу ауданында құрылыс саласында еңбек етіп, сол жерде зейнетке шығады. Тоқсаныншы жылдары көптеген жерлестері өздерінің тарихи отанына көшіп кетіп жатқанда, Леонид атай шаруашылығы тұралап қалған шалғай ауылдан қаланың іргесіндегі Садчиковқа қоныс аударады. Осы ауылда тұрақтап, 15 жыл «Зарянка» көркемөнерпаздар хорында ән айтып, баян тартады. Биылдан бастап «Қазынаның» құрамында патриоттық әндерді орындап жүр.

— Бойымызда күш-қайратымыз барда адал еңбек етіп, еліміздің, жеріміздің гүлденуі үшін аянбай тер төктік. Қазір зейнеттемін. Мемлекет өзі асырап жатыр. Отаным да, отбасым да осында. Балаларым мен немерелерімнің ешқайсы сыртқа кеткен жоқ. Бәрі осы төңіректе, қасымда. Жыл сайын соғымға кем дегенде бір-екі аяқ жылқы етін сатып алам. Өйткені қазақтармен құда-құдандалымыз. Келімді-кетімді кісілер, арнайы шақыратын қонақтарымыз көп. Қызым қазақ отбасына келін боп түсіп, сол әулеттің бесігін тербетіп отыр. Құдаларымызға да жылда сыбағасын сүрлеп, шақырып қонақ қылғанша күтіп отырамыз. Соғым уақытында бүкіл облысты аралап кетем десем де болады. Ескі таныс, көз көрген замандас, қимас достарым шақырады. Қазақтар айтқандай, «Дәм айдаса қалма» деп тартып отырамыз. Осы Республика күні қарсаңында, 24 қазанда 85 жасқа толдым. Тойыма осы ауылда тұратын ұлт өкілдерінің бәрі келді. Елдің ақжарма тілегінен, көл-көсір кең пейілінен артық еш нәрсе жоқ қой. Сол тойда ұлым су жаңа «Нива» көлігін сыйлады. Биыл қандай қыс болса да, біраз жерді аралап қайтам ба деген ойда отырмын, – деп ағынан жарылды қария.

Садчиков мәдениет үйіндегі концерттік іс-шараларды ұйымдастырушы Ольга Савченконың айтуынша, «Қазына» клубына мүше өнерпаздардың әрқайсының ұлттық костюмі, ұлттық аспабы бар.

— Жақында он шақты домбыра сатып алдық. Анар Қасымханқызы – домбырашы. Жастарға, кішкентай балғындарға ұлттық аспапта ойнаудың қыр-сырын үйретіп жүр. Бірнеше концерт өткізіп үлгерді. Кітапханашымыз Алтын Ержанова ашқан «Қазына» клубы бүгінде облыс көлеміне танымал болып қалды. Аудандық байқауларда үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді. Ауыл зейнеткерлері осы клубқа жиналып, кесте тігіп, түрлі ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайды. Талантты кісілер көп. Осының бәрі ынтымақ пен бірліктің арқасы. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік болсын. Көк тудың астына ұйысқан көп ұлттың тілегі бейбіт өмір, – дейді Ольга.

Сапалы сүт өнімдерімен өңірге әйгілі Садчиковтың тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы да көп ауылдан ілгері. Мұндағы үйлер газбен жылытылады, әр үйге ауыз су кіріп тұр.

Ауылдық округке тиесілі аумақта шамамен 40 мың гектар алқапқа дән егетін 23 шаруа қожалығы және 2 ірі серіктестік бар. Мәселен, Садчиковтағы сүт зауыты ешбір химиялық қоспасыз, таза өнім шығарады. Зауыт жыл санап сауын сиырларының да сапасын арттыруда. Бұған дейін сүт өндіру кешеніндегі бір сауын сиыр жылына 5,7 тонна сүт беретін. Соңғы жылдары әкелінген немістің голштино-фриз тұқымды сиырларының әрқайсы жылына 6,7 тонна сүт береді. Кәсіпорын тәулігіне 25 тонна сүт алып, одан 20-дан астам өнім шығарады.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ