Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Құмар АҚСАҚАЛОВ: «Торғайды түлету өз қолымызда»

13 января 2023 10:00 • 7 884 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңір басшысы ретіндегі алғашқы ресми жұмыс сапарын оңтүстік аудандардан бастады. Сапар барысында аймақтағы көптеген қордаланған мәселелерді жұртшылықпен бірге талқылап, Торғай даласының бойына қан жүгіртетін жұмыстарды тізіп берді.

Ат басын бұрынғы Торғай облысының орталығы болған Арқалыққа бұрған Құмар Іргебайұлы жол бойында жатқан Әулиекөл ауданына аялдады. Мұнда былтырғы алапат орман өртінен соң бірқатар әлеуметтік нысан құрылысы қолға алынған еді. Соның бірі инсульт орталығы бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне берілді. Бұл ресми іс-шараға өңір басшысы да қатысты.

Осыдан үш ай бұрын қолға алынған емдеу орталығының құрылысына және қажетті қондырғылар сатып алуға Болат Өтемұратов қоры 1 миллиард теңге бөлгенін хабарлаған едік. Бұл қаражатқа жүрек-қан тамырлары ауруларын, қан айналымы жүйесінің бұзылуын дәл анықтайтын соңғы үлгідегі құрылғылар әкелінді. Аурухананың іші-сырты жөнделді, жиһаздар, төсек – орындар сатып алынды.

— Биыл Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланғанда тұрғындардың басына түскен ауыртпалық жүгін сезінген көптеген компания, қайырымдылық қоры қол қусырып, қарап отыра алмады. Қолындағысымен бөлісті. Соның бірі – Б. Өтемұратов қоры. Бұл қор негізінен медицина, білім, өнер салалары бойынша біраз жобаны жүзеге асырып келеді. Біз өрттен зардап шеккен тұрғындарға 100 млн теңге материалдық қолдау көрсеттік. Оның сыртында Әулиекөл кентінде инсульт орталығын салу туралы шешім қабылдадық. Бұған 1 млрд теңге жұмсалды. Аталған қаржыға емдеу орталығын бастан-аяқ жөндеп, заманауи үлгідегі ангиограф және компьютерлік томограф сатып әпердік. Бұл жабдықтар науқастың диагнозын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай орталық бұған дейін Қостанайда ғана болған. Бірақ, дерті меңдеген науқас адам оған дер кезінде барып үлгірмейді. Ал мына инсульт орталығы жағдайды оңалтуға сеп, – дейді Қордың директоры Марат Айтмағамбетов.

Жаңа емдеу мекемесі Әулиекөл өңірімен қоса, шалғайда орналасқан Наурызым, Қарасу аудандарын қамтымақ. Тіпті, жылына 100 мың адамға дейін емдеуге қауқарлы. Бұл, әсіресе, қыс айларында қатынас қиындағанда жанына шипа іздеген жандар үшін үлкен жәрдем. Өйткені, бұрын жұрт денсаулығын тексерту үшін облыс орталығына ат сабылтатын. Қостанай инсульт орталығындағы жүктеме де едәуір азаятын болды.