Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өткен жылды қорытындылады

Облыстың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды. Өңір басшысы бірқатар әкімдердің жұмысын сынға алды. Кейбір бағыттар бойынша әлі де өсімге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Биыл барлық кемшіліктерді ескере отырып, негізгі міндеттерге баса назар аудару қажет.

Облыста ішкі жалпы өнімнің 60%-тен астамына ие ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс тәрізді экономиканың негізгі салаларында өсім бар. Мәселен, өткен жылы жергілікті кәсіпорындар барлығы 2,4 трлн теңгенің өнімін өндірген. Оның басым бөлігі тау-кен өндірісіне тиесілі. Дегенмен, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемі біршама азайған. Лисаков, Рудный қалаларында темір, боксит өндіру, темір кені концентраттары мен түйіршіктер өндірісі 80,6%-ке дейін кеміген. Денисов ауданында қиыршық тас, ет, нан, Меңдіқара ауданында май және сүт, сүзбе және нан өндірісінің көрсеткіші анағұрлым төмен. Қысқасы, Қарабалық және Ұзынкөл аудандарынан өзге өңірдің даму көрсеткішінде кемшін тұстар бар.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов көрсеткіші кем Қамысты, Денисов аудандарының әкімдерінің есебіне құлақ түрді. Бірақ, аталған екі ауданда да жоспар жеткілікті деңгейде орындалмаған. Аудан басшылдары жаңа жоба түзудің орнына, осыдан екі-үш жыл бұрынғы жұмыстарын алға тосумен әлек. Облыс әкімі өңірлердің даму деңгейін төмендетіп алған екі ауданның басшысын тәртіптік жазаға тартты. Тиісті көрсеткіштерге қол жеткізбеген Алтынсарин, Федоров, Қостанай аудандары мен Қостанай, Рудный қалаларының әкімдерінің есебі бірінші тоқсанның аяғында тыңдалатын болды. Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһандық нарықта және елімізде бәсекеге қабілетті, мықты технологияға құрылған өнеркәсіп қажет екендігін айтып келеді. Бұл мәселе бекерден бекер көтеріліп отырған жоқ. Әсіресе, әлем елдеріндегі шиеленіске байланысты бәсекелестіктің мейлінше арта түскенін көріп отырмыз. Біздің еліміз көпвекторлы саясат ұстанатыны белгілі. Мұндай жағдайда қолда бар дүниені ұқсатып, оны еселей түсу маңызды.

Өңірде трактор, комбайн құрастыруда, азық-түлік өндірісінде құлдырау байқалады. Сары май өндірісі 2021 жылдың деңгейінде тұр. Инвестиция тарту жағы да көңілге қонымсыз. Қостанай, Рудный және Б. Майлин аудандарындағы өнідіріс ошақтарына құйылған қомақты қаржыны қоспағанда, қалған өңір инвестицияны бюджет есебінен толықтырып отыр. Бұл жерде өңірлерді әртараптандыру жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Бұған келтірер мысал көп.

— Жақында Арқалықта нефроид өңдейтін зауыт салуға ниетті инвесторларды қабылдадым. Олар екі жыл бойы кабинет жағалап, құзырлы министрліктен рұқсат ала алмай жүр. Мұндайды уыстан шығаруға бола ма? Мәселе толық шешілмегенше, министрлікті мазалай беру керек. ТБРУ жабылған соң Арқалықтағы көп адам жұмыссыз қалды. Мынау ел үшін пайдасы мол жоба емес пе! Екінші мысал, Лисаков қаласындағы кремний карбидін өндіретін зауыт салу туралы әңгіме 2019 жылы шыққан. Бірақ, ол айтылған жерде қалды. Әлі күнге қозғалыс жоқ. Халықты бұлай алдамау керек. Ал сіздер басқа жоба болмағандықтан, баяғы бір жобаны шиырлай бересіздер. Инвестиция тарту – аудан, қала әкімдерінің негізгі жұмысы. Ал ол жұмыс жеткіліксіз екендігін көріп отырмын, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қорытындылай келе, өңір басшысы алдағы жылға бірқатар міндеттерді межеледі:

– 600 млрд теңгеге инвестициялар тарту және өнеркәсіп жобаларын іске асыру;

– тауарлық-сүт фермаларын салу, егіс алқаптарын әртараптандыру және мал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізу;

– халықты сапалы ауыз сумен және автомобиль жолдарымен қамтамасыз ету;

– жеңіл автомобильдер шығарылымын 30% арттыруды қамтамасыз ету;

– Ең осал желілерді анықтап, оларды жөндеу бойынша іс-шараларды жоспарлау қажет.

Қаражат облыстық мәслихаттың таяудағы сессиясында қарастырылатын болады.