Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Агроном болам десең…

5 февраля 2023 14:00 • 952 просмотров

Бүгінде ауыл шаруашылығында инновациялық шешімдердің кілтін табу – өндірістің қарқындап дамуына негіз болады. Шаруашылықтар мен ірі кәсіпорындардың нарықта беделі жоғары болса, олардың мамандарының біліктілігі жоғары екені сөзсіз.

Бұл ретте ауыл шаруашылығын өркендетуге үлкен үлес қосып жүрген агроном маманы деп айтуға болады. Олардың қызмет саласы әр қилы. Қызықты да, қиын да. Дегенмен көпшілік ұзақ уақыт бойы агроном мамандығын жоққа шығарып келді. Тәжірибелі селекционерлер мен технологтардың жұмысы бағаланбады. Ал қасиетті қара нанның сапасы мен бидай өнімінің көлемі осы мамандардың қолында десек, артық айтқандық болмас.

Соңғы уақытта агроном мамандарға сұраныс қайта өсті. Бұның барлығы мемлекеттің аграрлық секторды қалпына келтіруімен және қаржыландыруымен тығыз байланысты. Сондай-ақ жаңа технологиялардың пайда болуы, экологиялық таза өнім өндіру қажеттілігінің артуы – негізгі себептердің бірі. Енді осы мамандықтың маңыздылығы мен артықшылығын талдап көрейік.

Агроном – егіншілік пен өсімдік өсірудің жоғары білімді маманы, көп салалы ауыл шаруашылық өндірісінің ұйымдастырушысы. Шаруашылықтың негізгі саласы – егіншіліктің технологиясын және онда қолданылатын техникасын жақсы білетін, сол жердің табиғи-экономикалық жағдайына жетік адам. Бір сөзбен айтқанда жан-жақты, терең білімді маман. Әсіресе, бүгін. Өйткені инновациялық технологиялардың арқасында агрономия жаңа сатыға көтерілді.

Агроном әр түрлі заманауи бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, топырақты талдау, ауа-райы мен климаттық жағдайларды болжау, түрлі факторларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы жұмыстарын тактикалық және стратегиялық жоспарлау, өсімдіктерді жәндіктерден қорғау, дәнді-дақылдардың, көкөністердің, жеміс-жидектердің жаңа сорттарын шығару аталмыш сала мамандарының құзырында.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің В. Двуреченский атындағы Ауылшаруашылық институтының агрономия кафедрасы – жарты ғасырдан астам тарихы бар кафедра. Олар кадрларды даярлауда үш деңгейлі оқу жүйесін қамтиды: бакалавриат, магистратура, докторантура.

Кафедрада жоғары құзіретті оқытушылар жұмыс істейді. Агрономия кафедрасы Қостанай ауылшаруашылық тәжірибе станциясы, Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы, «Олжа Агро» ЖШС сияқты беделді ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасайды. Олар кафедраға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, студенттердің оқу және өндірістік тәжірибеден өтуіне жәрдемдеседі. Оқытушылар өнеркәсіпте біліктілігін арттыра алады. Зертханаларда сабақ өткізуге де мүмкіндік жасалған.

Кафедра құзырында заманауи техникамен жабдықталған зертханалық аудиториялар бар. Мұнда селекция, жаңа өнімнің сапасын арттыруға байланысты түрлі тәжірибелер жасауға болады.

Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына көмектесуге дайынсыз ба? Демек агрономия – сіздің таңдауыңыз!

Ниязбек Калимов, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің агрономия кафедрасының қауымдастырылған профессоры