Жиында ауыл шаруашылығын дамытудың түйткілді мәселелері мен перспективалары талқыланды.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, көпсалалы «Родина» кәсіпорнының директоры Иван Сауэр, «Олжа Агро» ЖШС-нің бас директоры Айдарбек Ходжаназаров, «Зенченко және К» шаруа серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің директоры Фарид Әбітаев сөз сөйледі.
Олар өндірісті әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және жаңа агроөнімдерді өндіру, қант саласын дамыту, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы және ветеринария, сондай-ақ ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру мәселелерін қозғады.
Жиын барысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қаражат бөлу мен пайдаланудың тиімділігі, жер және су ресурстарын әділ бөлу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Аграрлық бизнес өкілдері ауылдарда өмір сүру сапасын арттыру, жол-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның, оның ішінде мектептер мен балабақшалардың жағдайын жақсарту, сондай-ақ кадр даярлау қажеттігін атап өтті.
Президент Үкіметке айтылған барлық ұсынысты назарға алуды және кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, ауыл шаруашылығының жай-күйіне мұқият талдау жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру керек. Себебі ауыл шаруашылығындағы мәселелердің шешімін табуы азаматтардың өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал етеді.
Иван Сауэр Қасым-Жомарт Тоқаевқа отандық ауыл шаруашылығы ғылымын кешенді түрде жаңғырту туралы ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ еліміздің ауылдық аумақтарын дамытуға қатысты өзінің көзқарасын жеткізді.
Мемлекет басшысы дамыған инфрақұрылымымен және тұрғындарды барынша жұмыспен қамтуымен ерекшеленетін «Родина» ауылы үлгілі елді мекен саналатынын атап өтті.
Президент мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінетініне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының еңбек өнімділігі мен жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттыруға, сондай-ақ ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін бизнес-қоғамдастықпен бірлесе әрекет ету қажет екеніне назар аударды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биылғы егіс алаңы жалпы 23,4 млн гектарды құрайды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 68,6 мың гектарға көп. Алдағы уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.
Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша аграршылар 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырды, өңірлерде қоймаларда тұқым қорлары да дайындалды. Бұл ретте фермерлерге 55 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге – 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді
Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін нарықтық құны 15–20%-ға төмен бағамен жалпы 413 мың тонна дизель отыны бөлінетінін баяндады. МӨЗ үшін отын өндірудің тиісті кестесі бекітілді, оны тасымалдаудың ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды. Бұл мәселе ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының тұрақты бақылауында.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер Ақорда сайтынан