Л. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханасында белгілі ақын, жазушы, сатирик, драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Маудановтың туған күні аталып өтті.
Қырықтың қырқасына шыққан қуаныш иесіне бірге жүрген қаламдас әріптестері мен аға-бауырлары сый-құрмет көрсетті.
Абылай Фазылханұлы – дара дарынымен мойындалған қазақтың қаламгері. Ол әдебиеттің бірнеше жанрында өндіртіп жазып жазып жүр. Атап айтсақ, ең әуелі «жанын жыр жолына жекке» сыршыл ақын, сүңгі тілді сатирик, әлем әдебиетінің небір жауһар шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен аудармашы, тіс қаққан театр сыншыларың жоғары бағасын алған драматург, бір сөзбен, қаламына қасиет қонған туындыгер. Халықаралық, республикалық, облыстық додалардың сан мәрте жеңімпазы.
Қуаныш иесінің туған күнінде өнердегі және қызметтегі аға-бауыр, дос-жарандары ерекше сый жасады. Абылайдың шығармашылық еңбектерін жинақтап, «Тұлпар-тағдыр» атауымен басып шығарды. Етжеңді кітапқа қаламгердің поэзия, проза, сатира, әңгімелері және жазба айтыстары енгізілген. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Л. Толстой атындағы облыстық кітапханада өтті. Зиялы қауым өкілдері, бастамашы топ мүшелері құттықтау лебізін айтып, жинақты авторға табыс етті.
— Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, бір Құдай білер, тағы бір белестен асыппыз. Адамның өз-өзіне есеп бергені жөн, бірақта баға бергені жарамас. Биылғы туған күніме ағаларым, әріптестерім, достарым тосын сый жасап, кітабымды шығарып берді. «Тұлпар-тағдыр» атты 450 беттік жинаққа азды-көпті жазғанымыздың дені кіріпті. Ең алғашқы брошюрама «Құлын-ғұмыр» деп ат қойып едім. Құлын-ғұмыр мен тұлпар-тағдырдың арасы қас қаққандай-ақ екен, – деп ойымен бөлісті ақын.
–2003 жылдың күзіне дейін мен тығылып тақпақ жазатын, кітапқұмар көп бозбаланың бірі едім. «Жас Алашқа» пародиям, «Жас Тұлпарға» бір өлеңім ғана шыққан. Алайда, Нұрхан ақынның тойы өмірімді күрт өзгертті. Сол тойда кәдімгідей шығармашылыққа ықыласым ауды. Сол тойда Нұрхан ақын түсіме кіріп, қарагер тұлпарды көрсетіп, таныстырып берді. Сол себепті поэмамды Нұрхан ақынның рухына арнадым. Ол туралы бұған дейін бірнеше рет жаздым, қайталамай-ақ қояйын. Той біткесін Торғайдың Қостанайға дейін 9 сағат жүретін пазигімен жолға шықтым. Жол бойы сексен шумақ құрап барып, оны түні бойы дәптерге түсірдім. Көп ұзамай қалған 60 шумағы қағазға түсті. Кейін оны Сәлім ағай «Қостанай таңының» айқарма бетіне басты, Қоғабай ағам «Қазақ газетіне» жариялады, – дейді Абылай Мауданов.
Тұлпар-тағдырдан кейін ақынның «Әжемнің әңгімесі» атты шағын дүниесі жарық көрді. Оны Ғабит Мүсіреп «Тектінің тұяғы» деп өзгертті де кейін сол атаумен қалды. Бұл ақынның бағын ашқан әңгіме болды. Оған бірнеше мысал келтіруге болады.
— Қызығы, былтыр көкем: «сенің Тұлпар-тағдырда жазғаның сол менің қарақасқа құнаным ғой», – дейді. Бұл мен үшін өте бір жаңалық болды. Былай қарасаң өмірде бәрі кездейсоқ сияқты, былай қарасаң өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ сияқты, – деді ол.
Дулат Исабековше айтсақ, бұл келген жасты екі жиырма деп бөліп қарауға болатын сияқты. Ақынның алғашқы жиырмасы балалықпен, кейінгі жиырмасы шығармашылықпен өтіп келеді.
— Өз саламда түрлі қызмет істедім ғой. Жиырма бес жасыма дейін жұқсыздың «жұқсызы» болдым. Одан әрі тәртібімді түзеп, жауапкершіліктен қашқам жоқ. Алайда, ішімнен бір-ақ дүниеге ұмтылдым. Ол – Еркіндік! Қызмет, мансап дегенге ешқашан ұмтылған емеспін. Реті келсе қашып жүрдім. Сол арқылы өзім аңсаған Еркіндікке қол жеткіздім деп ойлаймын. Шын тілеп ұмтылса, адам дегеніне жетеді екен. Әдебиеттен орын алу, тарихта атымды қалдыру дегенді ойлаған да емеспін. Ондай осалдықтан адамын деп ойлаймын. Қоғамыма қызмет етіп, сұранысқа ие болсам – одан асқан бақыт жоқ. Ақылым жеткенше ағалармен жағаласпадым, інілердің бетінен қақпадым. Бойымды барымды аяп қалған кезім жоқ сияқты. Берсең алдыңнан шығады, жесең артыңнан шығады деген ұстаныммен келемін! Әртүрлі жанрда талпынып көрдім. Бағасын оқырман берер. Ендігі ниет күйкі тірліктің өшпейтін, өнбейтін дау-дамайынан алыстап, көкейдегі түпмақсатыма қызмет қылу. Бәріңізге шын жүректен рахметімді айтамын, – деп сөзін түйді Абылай Мауданов.