Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа серпін бермек

Қостанай облысының оңтүстік өңірлері үкімет назарында.

Арқалық қаласына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттар тобы «Өңірдің инфрақұрылымын дамыту мәселелері» бойынша Арқалық қаласы және көршілес Амангелді, Жангелдин аудандарын қамтыған көшпелі отырысын өткізді.

Алқалы жиында Қостанай облысының оңтүстік аудандарын, оның ішінде Арқалық қаласын жан – жақты дамыту жолдары кеңінен талқыланды. Аталған өңірлерді дамыту үшін таяу жылдары 504,4 млрд теңге қомақты қаржы игерілмек.

Өңірлерді дамытудың «2023–2027 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық кешенді жоспары» аясында атқарылатын жұмыстар, яғни: өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғын үй салу, шалғай ауылдардағы ұялы байланыс сапасын арттыру т. б. көптеген мәселе қаралды.

«Ұлттық экономика», «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі», «Индустрия және инфрақұрылымдық даму», «Ауыл шаруашылығы» министрліктерінің өкілдері өңірлерді дамыту бағытында жасап жатқан жұмыстары жайлы мәліметтерімен бөлісті. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Ашутасты ауылындағы Арқалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы базасында Қазақстан Республикасының ғылымды қажетсінетін аумақтарын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, «Арқалық – Жарқайың» көтерме жолының орташа жөндеу жұмысына талдау жүргізді. Жаңа автобустар әкеліп, қоғамдық көліктердің қызметін жандандырған инвесторлармен кездесті. Қаланы жылумен қамтитын Арқалық жылу энергетикалық орталығында да жиын өткізіп, жаңа орталықты салу кезінде кеткен кемшіліктерді жою барысымен танысты. Мердігер тарап қазір кемшіліктің 90–95%-ін қалпына келтірген. Енді, тек іске қосу – баптау жұмыстарын жүргізу қалып отыр.

Мұнан өзге Арқалықта жылу, су құбырлары жаңартылуда. Көпқабатты үйлердің сырты, төбелері жөнделіп жатыр. Спорт және ойын алаңдары көптеп салынуда. Осының бәрі депутаттардың көңілінен шықты. Алда да атқарылар жұмыстар көп. Салынып жатқан құрылыстардың сапалы аяқталуы аса маңызды.

ҚР Мәжіліс депутаттары түрлі сала бойынша өңірлерді дамыту жолындағы мәселелерді министрліктің деңгейінде көтеріп, олардың шешілуі жіті назарда болатынын жеткізді.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен және интернеттен алынды