Бізде жасыл энергетиканы дамыту, газдандыруды жедел жүргізу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мың мәрте айтылып, сол бағытта ұлан-асыр істер атқарылып жатқанына қарамастан көмір өндірісі кенжелеп қалған емес.
Жоғарыда айтылған әдемі бастамалардың әзір жүзеге аса қоймайтынын, көмірдің әлі бізбен ұзақ жыл бірге жасайтынын аңғарамыз. Бүкіл электр энергиясы мен жылудың 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан таратылып отыр.
Былтыр елімізде 118 млн тонна тас көмір өндірілді. Бұл – кейінгі онжылдықта тіркеліп отырған ірі көрсеткіштердің бірі. Сөйткен көмірдің бағасы қымбаттауға айналды. Тіпті бірқатар өңір әкімдігі көмірді қазір сатып алуға кеңес бере бастаған. Өйткені қыс таяғанда көмір кен орындарында шақырымдаған кезек орнайды. Дүрбелеңнің алдын алудың жолы – қазірден қамдану.
Дәл іргесінде Қаражыра көмір кен орны тұрған Шығыс Қазақстан облысының өзінде көмірдің тоннасы әлеуметтік осал санат үшін 13,5 мың теңгеге саудаланса, негізгі баға 14–21 мың теңге аралығында құбылады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, еліміздің ірі қалаларында биыл сәуірде көмір тоннасына 15,8 мың теңгеден, Өскеменде – 13,7 мың, Семейде – 13,3 мың, Қарағандыда – 14,2 мың, Павлодарда – 14,6 мың, Көкшетауда 15,1 мың теңгеден сатылған. Оңтүстік пен батыс өлкелердің халқы тіпті қымбатқа сатып алады. Ең қымбат баға – 21 мың теңге Түркістанда тіркелген.
Energyprom дерегіне ден қойсақ, тас көмір бағасының ұдайы өсіп келе жатқанын көреміз. 2022 жылы маусымда тұтынушылық бағалардың жылдық өсімі 9,2 пайыз шегінде болса, биыл жаздың бірінші айында 13,1 пайызға жеткен.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) хабарлауынша, бізде көмірді еншілес делдалдар арқылы сату тәжірибесі әлі жалғасып келе жатыр. Соның салдарынан елдегі көмір бағасы орташа 40–45 пайызға қымбаттамақ. Энергетикалық көмір энергия өндірушілер мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға тікелей сатылса, коммуналдық-тұрмыстық көмір делдалдардың желілері арқылы саудаланады. Яғни көмір өндіруші компаниялар биржалық сауданы пайдалануды жөн көреді.
«Онда ірі көлемде (3 млн тоннаға дейін немесе жылдық жөнелтілім көлемінің 71 пайызына дейін) бірнеше жыл ішінде өзгермейтін, шектеулі жеткізушілерге (2-ден 17-ге дейін) бірнеше минут ішінде сатылып кетеді. Монополияға қарсы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, 2019 жылы жасалған мәмілелердің 90 пайыздан астамы тиісті төлеммен де, жөнелту жолымен де қамтылмайды. Мұндай делдалдарда арнайы инфрақұрылым (қоймалар, тиеу-түсіру техникасы және т. б.) болмайды. Делдалдар көмірді сауда кезінде 100 пайызға дейін жететін ақы қосып сатады», делінеді агенттік түсіндірмесінде.
Тағы бір мысал, «Шұбаркөлкөмір» АҚ 3,2 млн тонна көмірді сатылымға шығарған және оны бірнеше минут ішінде-ақ 16 өңірлік оператор (жылдық жөнелту көлемінің 26 пайызы) мен 10 делдал (74 пайызы) сатып алған.
Ірі бизнеске бағдарланған және делдалдарға көмір өткізуді қамтамасыз ететін «ыңғайлы» биржаларды жою мақсатында агенттік биржалық саудамен айналысуға арналған лицензиядан айыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша, тауар биржалары туралы заңнаманың бұзылуына байланысты БҚДА әкімшілік құқық бұзушылық туралы 19 іс қозғап, 6 тауар биржасы өз қызметін тоқтатқан. Оның төртеуі тексеру алдында ерікті негізде және екеуі сот шешімі бойынша жұмысын доғарған.
2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта 81,4 млн тонна көмір тұтынылған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5,7 пайызға көп. Сарапшылардың бағамдауынша, көмірге деген сұраныс жақын арада бәсеңдемейді. Демек баға шуы да әлі біраз жалғасады деген сөз.