Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Киіктің киесі, шаруаның шығыны

Былтыр киіктердің санын реттеу мәселесі көтерілген. Биыл да айтылып жатыр. Тіпті қазір киіктердің популяциясын басқару жөнінде Үкіметтің қабылданған қаулысына сәйкес киік саны 20% реттелмек. Бұл жұмыс 15 қыркүйектен басталады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, көктемгі әуе санағына сәйкес еліміздегі киік саны 1 915 000-ға жеткен. Қазір киіктің ең көбі Орал популяциясына тиесілі, бұл аймақта 1 130 000 киік бар. Ал биылғы төлімен қоса есептегендегі киік саны 2 миллионнан асты. Ненің де болса өскені жақсы, алайда киік санының шамадан тыс өсуі өңірдегі шаруаларға қиындық туғызып тұрған көрінеді. Кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысында жергілікті тұрғындар өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға киік санының көбеюі кедергі келтіріп отырғанын алға тартады.

Қазір елімізде нақты шығын есептеліп жатыр. Мәселен, комиссия әдістемеге сәйкес залалды өтеудің қаржылай көлемін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдады. Аталған жайылымдарға келтірілген залал құны – 8 млрд теңге.

«Биыл ауыл шаруашылығына арналған біраз жер бүлінді. Осыған байланысты жемшөп ала алмай, шаруалар малдарын сатуға мәжбүр. Ауыл шаруашылығы алқаптары бойынша шамамен 121,9 мың гектар егістік алқабы бүлінген (Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары). Келтірілген шығынның болжамды көлемі 12 млрд теңгеден асады», дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Ал «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Аян Зейнуллиннің айтуынша, кәдеге жаратпаса да, қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киіктің мүйізін кесіп алғандар сотталған, оның ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар.

«Киіктің киесінен қорқып, жануарға жанашырлықпен қарайтын қазақ үшін обал-сауаптың орны ерекше. Алайда бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Себебі киік санының күрт көбеюі шаруашылыққа жайлы емес. Мысалы, еліміздің солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқабы бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе, сол өңірдің шаруалары 14 млрд теңге шығынға ұшырайды. Несие қайтара алмаған шаруалар банкрот болып жатыр. Мұндай жағдайда Үкіметтің жайбасарлығы жарамайды. Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстың шаруалары шарасыз күйде. Тапталған егістіктің өтеуі жоқ», дейді депутат.

Оның айтуынша, киіктің 90 пайызы – еліміздің батысында. Ондағы киіктер саны 750–770 мыңнан аспауға тиіс. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістікті киіктер бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржысы желге ұшады.

«Бұл жерде киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз. Еліміздің ең бірінші байлығы – халқы. Осы ретте дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба? Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? Егер Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру тетігін енгізуі керек», дейді А. Зейнуллин.

Расында, кейінгі жылдары Орал киіктері популяциясының қарқынды өскені байқалады. Қазір Орал киік популяциясының негізгі мекен ету аумағы Батыс Қазақстан облысының Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Тасқала, Ақжайық аудандарын қамтиды. Мамандардың айтуынша, кеңес заманында Орал киіктерінің саны 50 мыңнан 150 мың болса, ең көп саны 90-жылдардың ортасында 300 мыңға жеткен. Қазір бұл көрсеткіш 4 есе көбейіп отыр.

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының тұрғыны, «Болашақ» шаруа қожалығының иесі Нұртай Жұмашевтың айтуынша, киіктің келтіріп отырған залалы шашетектен.

«Киік популяциясын реттеу қажет, өйткені оның тым көбеюі түрлі ауру таратуы мүмкін, оны малдың жұқтыру ықтималдылығы да зор. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарына, жайылымдар мен шабындық жерлерге зиян келтіріп отыр», дейді шаруа.

Өңірдегі ғалымдардың биологиялық негіздемесі бойынша киіктердің оптималдық саны 500 мың бастан аспауға тиіс екен. Осыған қатысты қазір облыс әкімдігі киіктен зардап шегіп отырған әрбір аудандағы шығынның көлемін есептеу үшін комиссия құрды. Комиссия әр шаруашылық көлемінде акт жасап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынып отыр. Олардың берген ақпаратына сенсек, облыс көлемінде 1 350 агроқұрылымның 913 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерін (3 мың гектар егістік, 46,1 мың гектар шабындық және 863,9 мың гектар жайылымдық жерлер) залал келтірілгені анықтаған.

Былтыр экс-министр Серікқали Брекешовтің 80 мың киікті жою керек деген бастамасы жұртшылықтың наразылығын туғызып, қоғамда қызу талқыға түскен. Ол аздай, салаға жауапты шенділер Мемлекет басшысынан қатаң сөгіс естіп, ескерту алғаны есімізде. Әлде шенділер киік арқылы бірдеңе «жиып» қаламыз дей ме, кім білсін? Мәселен, Президент сондағы сөзінде бұл мәселені кәсіби мамандармен ақылдасып, басқалай шешу қажет екенін тапсырған еді.

Экобелсенді Сәкен Дәлдахметтің айтуынша, киіктің санын реттеуден бұрын оларға қатысты басқа түйткілдерді шешіп алу қажет.

«Шыны керек, өз басым киік санын реттеу туралы ұсыныс жасап отырған азаматтардың сол істің маманы екеніне күмәнім бар. Киікті көздеуден бұрын, ең алдымен олардың миграциялық жолдарын қалпына келтіру мәселесі көтерілуі қажет. Сол сияқты бұл тіршілік иесі мекен ететін жердің біраз бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп кеткен. Биылғы болжам бойынша 2 млн бас киік деген – көп емес», дейді ол.

Бақытбек ҚАДЫР, суретті түсірген Ерлан ОМАР