Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Торғайда толқындардан толқын туған

10 ноября 2023 14:20 • 428 просмотров

немесе Қуандық Әбеуов ағамыз жайлы толғаныс

Мынау толқи аққан өзендей, тынымсыз алға жылжыған сырғыма өмірді, жұрт толқындары жарысқан өзенге теңеп, «Өмір өзен» деп байлам жасап, тегеурінді тұжырым жасап жатады.

Бұл әрине көрген білгенін өмірдің өзінен алып айтатын көпшіліктің пайымдауы. «Халық айтса қалт айтпайды». Мен де өз ойымды ешщкімге тықпаламай, көпшіліктің айтқанымен келісуге мәжбүрмін. Десе дегендейін, «Өмір өзен» деген байламға ат басын байлап, осы тұжырымның төркініне көз жүгіртіп тереңірек үңілсек, артына мойын бұрмайтын өтіп жатқан өміріміздің шын мәнінде алға ағындаған өзенмен төркіндес екенін аңғарамыз, өмір мен өзеннің өзектес, сабақтас бір ұғым екенін сеземіз.

Өмірде дамылдамай алға жылжыған өзен, шынында да сырғып өтіп жатқан ұлы өмір көшін көз алдыңа әкелмей ме? Өмір – тірліктің белгісі. Ал, тірлік болса – үзіліссіз мәңгілік қозғалыстағы дүние. Астын сызып айта кететін жайт, өмір мен өзен із-түзсіз ағып өтіп жатқан жоқ. «Өткен күнде белгі жоқ» деп жатамыз. Неге болмасын өткен күнді, ұстап алып оның, құлағына ен салып жібермесек те, жүзімізде ол қалдырған балалық бал дәурен кезеңімізден бастап, есейген шығымызға дейінгі бедерлі іздер қалмас еді ғой.

Бала кезімізде дала желімен желігіп жарысқан кездерімізде, жағаға толқи соққан өзен толқындарының екпінінен ақ көбік пайда болып, сол толқындардан ақ көбік із қалып жататынын талай куәгері болғанбыз. Ондай кездері өзеннің маңайына жоламай, оның «ашуы» басылып, сабасына түскен кезде ғана баратынбыз. Өмір де солай, алдыңғы толқын ағаларының ізіне, өкшелерін басқан кейінгі толқын інілері еріп, өмір өз жалғасын тауып жатады. Ел алдында міндеттерін абыроймен атқарғандар, халықтан лайықты бағаларын алып, құрметке бөленіп, зейнеткерлікке жеткенде жиған тергендерін келер ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде табыстап жатады. Бұл өмірдің өзгермейтін заңы. Ел болғасын, елге үлгі-өнеге боларлық тұлғаларды туғызбай отыра алмаған. Мынау толқынды тынымсыз өмірде Торғай өңірінде дүниеге келіп, оның атақ-даңқын аспандатып алысқа жайған атақты ақындарымыз бен батырларымыз, ғалымдарымыз, іскер азаматтарымыз аз болда ма? Әріге бармай-ақ, өткен ғасырдың елуінші жылдардың басы мен аяғында алғашқы толқын бастаған істі абыроймен алға апаруда – Ибрайым Искаков, Қабыкен Мананов, Балтабай Сейдахметов бастап, Ғазиз Әмірханов, Әуезхан Жүсіпов, Қайырбек Алматов, Сәмен Жанабергенов, Манаш Сүйінов, Шайсұлтан Биекин, Марат Ержанов, Төсекбай Ғапбасов, т. б. әкелерім жалғап, Торғай өңірінің абырой-беделін биік белестерге көтеріп, оның тыныс-тіршілігіне жаңа тыныс, соны серпіліс әкелгені белгілі.Бұлар туған елдері үшін жандарын берген күңгүрт тартпас – ел мақтанышы, ел есінде мәңгілік жатталынып қалатын асыл жандар, тот баспайтын тау тұлғалар.

Осы тұлғалы алдыңғы толқын ағаларына кейінірек, біреуі ерте, бірі кеш «Орда бұзған орта буын» өкілдері Кәрім Мусин, Кәрімжан Бекболатов, Орекен Алматов, Қабжәлел Әлібеков, Нұрыш Молдабеков, Сапабек Жүнісов, Кәкімжан Карбозов, Айдарбек Көшеков, Жақан Қосабаев, Сапар Әбішев, Тұрғанбек Мусағазин, Қарсақбай Бірмағанбетов, Айтжан Айбасов, Қалап Қанапин, Марат Қасымов, Әлтай Хамилин, Қарағұл Сейдахметов, Сейітбек Бекмурзин, Рақым Рыскелдин, Жанай Шайманұлы, Мұхамеджан Спабеков, Қайыржан Шайзин, Ахат Қабажаев т. б. және мен әңгімелегелі отырған Қуандық Әбеуов ағаларым қосылды. Шіркін, сол заманның адамдарының еңбек сүйгіштіктерін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын айтсайшы! Кілең сайдың тасындай іріктелініп алынғандай, шетінен іске шебер ағалар Торғай өңірін, төскейін мың-мыңдап мыңыраған төрт-түлік малға толтырып, ырыс-берекесін еселеп арттырып еді.

Сол ағаларымның ішіндегі өзінің күндік жерден көрінетін кісілігімен, жұрт алдындағы кішілігімен ерекшеленетін Қуандық ағамда бұл күндері жетпіс жасқа толып отыр. Ол кісі өткен ғасырдың ел басына әкелген зобалаңымен, нәубәтімен есте қалған 1938 жылдың қазан айының 20 жұлдызында атақты Ахаңның ауылы – Ақкөлде өмірге келді. Әкесі – Әбеу Сламбаев ақсақал қыпшақ Сейітқұл бабамыздың диханшылық кәсібін жалғап шығырмен су шығарып, тары еккен, мұрап болған кісі көрінеді. Бір қауым елді ашаршылық жылдары аштықтан аман алып қалған Әбеу атамыздың атын Торғай жұртшылығы күні бүгінге дейін ауыздарынан тастамайды.

Мен Қуандық ағайды бала күнімде Торғай селосында тұрғанымызда кқршілес болған Орекен ағамыздың үйіне келіп-кетіп жүретінін сыртынан көретінмін, бұл өткен ғасырдың 60-шы жылдарының орта шені болатын. Орекен ағамызбен Албарбөгет жеті жылдық мектебінде бірге оқып, 1953–57 жылдары Меңдіқара педучилищесіне бірге түсіп, оны екеуі де айрықша дипломмен аяқтаған көрінеді. Қуандық ағамыз педучилищені бітіргеннен кейін бірер жылдай бұрынғы Ленин атындағы колхоздың (Ақкөл кеңшары) онжылдық мектебінде мұғалім болып істеп жүрген кезінен әскерге шақырылыпты. Ағамыз әскери міндетін өтеп, мұғалімдік мамандығын әрі қарай жалғастырмай, Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру институтына түседі. Араға біршама уақыттар түсіп, жоғарғы оқу орнын бітіріп, еңбекке араласқан өткен ғасырдың 80 жылдарының басында, Қуандық ағаны жақынырақ таныдым. Шашын аздап аққырау шала бастағаны болмаса, сол баяғы қалпы, жасы елуге аяқ басса да, қатарлары құсап қойнына байлаған қозы қарны да жоқ, сыпталдай қалпын сақтаған. Оның сырын Орекен ағамнан білдім, мектеп қабырғасында, педучилищеде оқып жүргенде, Қуандық ағамыз штанга көтеріп, бокспен айналысыпты. Ал, әскерге барғандар, демалуға бармайтыны белгілі. Алғашқы көргенімдей емес, өмір мектебінен өтіп, соңынан ерген жастарға айтары бар, ысылып ел ағасы болғаны, сол көргенімде байқалып тұрды. Албарбөгет кеңшарында директор болып істейді екен, бұл қызметіне дейін «Кызыл Әскер» кеңшарында завгар, «Торғай» кеңшарында (қазіргі Шеген би ауылы) бас инженер қызметтерін атқарып, соңғы жұмысына содан көтеріліп келіпті.

Бұрынғы өмір көрген көнекөздердің «Ешбір құлан бір күнде айналмайды дүлдүлге» дегендеріндей, істеген қызметінде ешкімнің демеуінсіз, ел алдында өзінің іскерлігімен, білімдарлығымен, адалдығымен сатылап жоғарылып келе жатқан ағама риза болып қалдым. Кездейсоқ екінің біріне мұндай жауапты жұмыстарды сеніп тапсыра бермейтінін білеміз. Табиғатынан алғыр жігіттің мұндай қызметке қол жеткізуіне жоғарыда айтқан алдынғы толқын ағалары себепкер болыпты, ол жайында араларында жарасымды ағалы-інілі сыйласстық қалыптасқан марқұм әкемнен естіп едім. Осы жерден сәл шегініс жасайын. «Тұлпар болар жүйрігін, тай кезінен таныған» халықпыз, сол сияқты әскери борышын өтеп келіп, жұмыс сұрай «Ақкөл» кеңшарының сол кездегі директоры Ибрайым Искаковке кіреді. «Түсі игіден түңілме» дейді халық даналығы. Ибрайым ақсақал келісті жүзіне сай, салиқалы кісі болатын, аудандағы белгілі де беделді басшы еді. Жақсылық деген баласымен Торғайда бір сыныпта оқып едік.

Сол Ибрайым ақсақал алтын уақытын бөліп, жас жігітпен ар жағынан ашылып, асықпай сөйлеседі, бұрын осы ауылда мектепте мұғалім болып істегенінен хабардар ақсақал «Мұғалімдік мамандығың бар, мұғалімдіктен бас тартуыңның себебі неде?»-деп сұрайды. Сонда Қуандық ағамыз шынын жасырмай «Мамандығыма жасап отырған сатқындық емес, айтқандарыңыздың бәрі дұрыс, бірақ далада туып, даланың тыныс-тіршілігін көзіммен көріп өстім, кеңшардың көптеген жұмысы механикаландырылмаған, қолмен, аттың күшімен істелінеді, аудан бойынша да солай, еліме пайдам тиетін инженер-механик болайын деп едім» дейді.

Шынында да «ақындар мен педагогтар» мекені атанған Торғай өңірінде сол кездері инженерлер тапшы болатын. Жалындаған жігерлі жастың айтқан уәжді сөздері өмір көрген басшының көңіліне қонып, Ибрайым ақсақал аудан басшыларымен келісіп, Қуандық ағайдың қолына Селебі қаласының ауылшаруашылық инженер-механиктер даярлайтын институтына жолдама ұстатады.

Көрегенділік көк базарда сатылмайды, ертеде Жиренше шешен бабамыздан қасындағылар «Жиренше, жұрт Сізді керемет көреген деп жатады, соны кімнен үйрендіңіз» деп сұрапты. Сонда сұңғыла шешен «Көрегенділікті көргенсіздерден үйрендім» деп жауап беріпті. Мұны естіген жұрт аң-таң болып, «Қалай, көргенсіздерден не үйренуге болады?» деп дағдарып қалса керек. «Көргенсіздердің істеген істерінің бәрі көргенсіз, сондықтан олардың істегендерін қайталамадым» деп көреген данышпан бабамыз жұрттың дүдәмал көңілін сейілтіпті. Сол сияқты, көргенсіздерді көзіне де ілмей, сөздеріне ермей, тек арының айтқанымен жүрген Қуандық ағамыздың ел ішінде, жұрт аузында жүрген әділ істері жетерлік.

Өткен ғасырдың аяқ шенінде бұрынғы Торғай облысының бір ашылып, бір жабылып, Қостанайлықтардың қолтығын паналаған болатынбыз. Сол кездері Торғай облысын қайта ашу үшін ұйымдастырылған ынталы топ Жанкелдин ауданына келеді. Мекеме аралаған ынталы топ мүшелері Қуандық ағамыз басқарып отырған «Казсельхозтехника» мекемесіне барып жұмысшы-қызметкерлерімен сөйлескенде ағамыз басқа мекеме басшылары сияқты мәймөңкелетпей әңгіменің турасын айтыпты. Сөзін – қазақта ортақ өгізден, оңаша бұзауым артық –деген сөз бар деп бастап, Торғай облысы қайтадан ашылса, жерлестеріміздің қай мәселеден болсын ұтпаса, ұтылмайтындарын жіліктеп түсіндіріп, сөзін аяқтағанда жұрт орындарынан өре түрегеліп қолдапты. Өзгелерді сыйлай білген, өзін де өзгелерге сыйлатқыза алады-деген аталар сөзінің үрдісінен шыға білген Қуандық ағаның сол жолғы жасаған ерлігіне риза болған едік.

Осы оқиға елде бірнеше жыл кеңшар, мекеме басқарған ел ағасы Кәрім Мусинмен бір жерде отырғанда інісі Қуандық туралы айтқан ой-пікірі есіме түсірді. Сөйлеген сөзін сөз базарында тұрғандай, сығымдап, сұрыптап қысқа да нұсқа сөйлейтін Кәрім ағамыз, Қуандық інісі туралы былай деп еді. «Қуандық ініміз өкшемізді басып, соңымыздан ерген іскер де білімдар інілеріміздің бірі. Адалдығынан, адамгершілігінен аттап көрмеген, не істесе де арының айтқанынан ауытқымайтын жан» деп есіне алып еді, артта қалған күндерін, Кәрім ағай.

Ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан біздің достығымызды білетін Қуандық ағамыз, бірде біздің үйде ал азаматтары бас қосқанда, «Қалқам, Асқарбек інім, сен мені дастарханыңа шақыратын қонақ таба алмағандықтан немесе Қайрошымның әкесі ретінде шақырып отырмаған шығарсың. Бірнеше жылдан бері аға-іні болып сыйласып келеміз, сол сыйластық сезімдерге өмірде сызат түсірмейік» деген еді. Өмір көрген өнегелі ағаның осы тілегі ғұмырыма бағыт берер бағдаршамымдай көрініп, алдымдағы асыл ағаларымды алаламай араласып келемін.

Өйткені олардың өткен өмірлері менің өміріме арқау, үлгі-өнеге болды, солардан көріп-үйренгендерімді соңымнан ерген кейінгі толқын інілеріме айтып жүремін. Жасы жетпістен асса да, жүрісі әлі күнгеи ширақ, Қуандық ағамыз бен Қапиза жеңгеміз Қайрош, Әльмира, Берік, Ерлан атты балаларынан он немере, жиен сүйіп, бақытқа кенеліп отырған жандар, соңдарынан ерген жас толқындардың толастамауын тілеймін.

Асқарбек Бектемісов