Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына дейін жаңа газ құбыры салынбақ. Жоба туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың Қостанай облысына жұмыс сапары аясында өңір әкімі Құмар Ақсақалов айтты.
Облыс әкімнің айтуынша, ауқымды жобаны іске асыру елді мекендерді де, оған қоса көп отын көлемін қажет ететін ірі инвестициялық жобаларды да газдандыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, Қостанай облысында ауылдық елді мекендердің тек 28%-ы орталық газбен қамтамасыз етілген. Сондықтан бұл жобаның өңір тұрғындары үшін маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айында Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін магистральдық газ құбырын салу жөнінде тапсырма берген болатын. ҚР Энергетика министрлігі «QazagGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, бірден техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кірісті. Қазіргі уақытта жұмыс толық қарқынмен жүріп жатыр.
«Болат өнеркәсібіне арналған шикізат – ыстық крикетті темір өндіру жобасын іске асыру үшін газдың үлкен көлемі қажет болады. Сонымен қатар қажетті шикізат базасы мен білікті кадрлар бар, ендігі кезекте халықаралық сапа және экология стандарттарына сәйкес келетін түпкілікті өнім шығару, терең өндеу өндірісін жолға қою қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр әкімдік алдағы уақытта да өңірді газдың қосымша көлемімен қамтамасыз ету мәселесін ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыруды үйлестіру бойынша инвесторлармен жұмыс жүргізуі тиіс екенін айтты.
Облыс әкімдігі бұл жобаны іске асыру өңір үшін қуатты серпіліс екендігін атап өтті. Бұл жоба республиканың қолданыстағы газ тасымалдау желісімен байланыстыруға мүмкіндік береді және өңірдің табиғи газ бойынша қажеттілігін, оның ішінде бәсекеге қабілетті өндірісті дамыту үшін артып келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.