Қостанай облыстық мәслихатының өңірдің бюджеті және экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі комиссиясының жұмысы жайында сондай-ақ алдағы жылға арналған жоспар туралы аталмыш комиссияның төрағасы, облыстық мәслихатының депутаты Серік МАНАСБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
Өңірдің бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамы Қостанай облыстық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясында бекітілген болатын және комиссияға жүктелген міндеттердің орындалуына жауапты. Комиссия екі жұмыс тобынан тұрады, олардың құрамына экономиканың әртүрлі салаларында және ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары кіреді.
— Серік Шотбайұлы, жаңа шақырылымдағы депутаттық корпус 30 наурызда жұмысқа кірісті. Облыстық мәслихаттың депутаты ретіндегі қызметіңіз қалай басталғанын айтып өтсеңіз?
— Бұл жыл өзім үшін өте қызықты және жемісті болды. Сегізінші шақырылым жұмысын сәуір айында ғана бастады, сондықтан көптеген сұрақтар жиналып қалған болатын. Мән-жайды асықпай түсініп білуге уақыт болған жоқ, сол себептен жұмысқа бірден дайындықсыз кірісіп кеттік. Бұл өзім үшін де тәжірибе болды. Қостанай облысының депутаты ретіндегі алғашқы қадамым еді. Іс-әрекет жоспарын тез арада құрып үлгердік. Нәтижесінде жеті жоспарлы, он бір жоспардан тыс мәселе қарастырылуға бекітілді. Атап айтсақ, жоспарланған мәселелер тізіміне өзекті, мысалы, өңірлік даму жоспары, жылу электр станцияларының проблемалары сияқты жаһандық аспектілерге қатысты мәселелер енді, бұны бірден түсіндіріп кеткені жөн болар деймін. Біз жұмысты қай жерде үйлестіру керектігін талқылап, топтар құрамыз, объектілерге барып, мәселелерді әбден зерттеп, сол бойынша ұсыныстарымызды әзірлейміз. Сонымен қатар жоспарды бекітеміз және жұмысқа қандай мемлекеттік органдарды тарту керектігін негіздейміз. Содан кейін жергілікті билік біздің ұсыныстарымыз бойынша есеп береді, жыл соңында қорытындылаймыз. Негізінде барлық ұсыныстар орындалуда.
Бұл шақырылымның ерекшелігі, депутаттық орындарда «Allur», «Kostanay Minerals», ERG және т.б. сияқты өндірістік компаниялардың өкілдері көп. Мұндай тәжірибе деңгейі жақсы ұсыныстар әзірлеуге және әрбір мәселеге әртүрлі қырынан қарауға мүмкіндік береді. Мәслихаттың да міндеті – халықтың игілігі үшін жұмыс істеу. Бұл шақырылымның ерекшелігі — аралас жүйесінде. 32 депутаттың 16-сы округтен, 16-сы партиялық тізім бойынша сайланды, бұл бүкіл облысты қамтуға мүмкіндік береді.
— Қандай мәселелерді қарастыра алдыңыздар?
-Бұл бюджетті нақтылау міселелері, облыс бюджетінің атқарылу барысы және облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қарау және жыл қорытындысы бойынша бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері; агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетіктерін жетілдіру мәселелері, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жылу желілерін қайта жаңғыртуға және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету және басқа да мәселелер. Жалпы, барлық қаралған мәселелер бойынша комиссияның тиісті қаулылары нақты ұсынымдармен және оларды мемлекеттік органдардың орындау мерзімдерімен қабылданды. Кейбір мәселелер бойынша министрлікке депутаттық өтініштер жіберу туралы шешім қабылданды.
Комиссияның барлық отырыстары белгіленген мерзімде өткізілді, әрбір отырыста көтерілген мәселелер қаралды. 20 кездесуге 497-ден астам адам қатысты. Комиссия алдында мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары бар 55 лауазымды тұлға есеп берді. Отырыстарда жыл соңына дейін жоспарлы үш мәселе және бір жоспардан тыс мәселе қаралады. Қазіргі таңда біздің комиссияның депутаттары түрлі ведомстволарға 30-дан астам сұраныс пен министрлікке екі өтініш жолдаған.
— Облыс тұрғындары сізге қандай сұрақтар қояды?
-Азаматтармен кездесулердің басты тақырыбы – жолдардың сапасы, сумен қамтамасыз ету, газбен қамту, сондай-ақ абаттандыру, тұрғын үй мәселелері, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау және т.б. Тұрақты комиссия отырысындағы мәселелердің бірі облыстағы өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кәсіпорындарды кадрлармен даярлау және қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болды. Осы мәселені қарастыру үшін жұмыс тобы Қостанай құрылыс колледжіне барды. Депутаттар бұл оқу мекеме төбесінің жөндеу жұмыстарын қажет ететінін анықтады. Білім саласы өкілдерімен кездесуде ғимаратты жөндеуге қаржы бөлу және ғимаратты одан әрі Автокөлік колледжіне беру мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша білім басқармасына облыс әкімдігінің экономика басқармасына бюджеттік өтінім жолдау ұсынылды. 2023 жылғы 7 маусымда бюджетті нақтылау кезінде құрылыс колледжінің оқу ғимаратының шатырын және шеберханалары бар қоғамдық ғимараттың шатырын ағымдағы жөндеуге 41,9 млн теңге сомасында қаражат бөлуге өтінім мақұлданды, ғимараттың үй-жайын ағымдағы жөндеуге – 22,3 млн теңге бөлінді.
Тамыз-қыркүйек айлары аралығында 20 млн теңгеге аталмыш колледж ғимаратының шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілді, сонымен қатар жалпы сомасы 14,9 млн теңгеге шеберханаларға, оқу және қоғамдық-тұрмыс бөлмелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда бұл ғимаратты Қостанай автомобиль көлігі колледжіне беру жұмыстары жүргізілуде.
Міне, тағы бір мысал. 23 мамырда жұмыс тобының жоспардан тыс отырысында Октябрьский поселкесі мен Козыревка селосы арасындағы Тобыл өзені арқылы өтетін көлік құрылымын (жағалау көпірі) қалпына келтіру мәселесі қаралды. Тамыз айында Бейімбет Майлин атындағы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі осы ауданның «Новоилиновка-Козыревка» облыстық автожолындағы су өткізгіш құбырларды орташа жөндеу» техникалық құжатын әзірледі, ал қыркүйек айында ведомстволық оң қорытынды алынды.
Құрылыстың сметалық құны 130 мың теңгеден асады. Стандартты құрылыс мерзімі бес айды құрайды. 2024 жылға облыстық бюджеттен қаржы бөлуге бюджеттік өтінім дайындалды.
Сондай-ақ, депутаттар өңірдің жылу желілерін қайта жаңғыртуға мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәселені де жан-жақты қарастырған болатын. Жылу желілерін қайта құру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысу үшін «Рудный жылу желілері» ЖШС-не барумен Рудный қаласында болып қайтты. Бүгінгі күні жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. 21,4 шақырым жылу желілері тартылды. Барлық жұмыстар 100% аяқталды, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қостанайда – 3,3 шақырым, Рудныйда – 10 шақырым, Арқалықта – 7,2 шақырым, Лисаков қаласында – 0,9 шақырым жол төселді. Жөндеу науқаны кестеге сәйкес жүргізілуде. Жұмыс ішінара жалғасуда және жылу беру маусымының басталуына әсер етпейді. Сондай-ақ Рудненская ЖЭО бу және ыстық су қазандықтарын, Қостанай ЖЭО-2 бу қазандығын және Лисаков орталық қазандығының ыстық су қазандығын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Арқалық қаласындағы жылу электр орталығында іске қосу жұмыстары аясында үш бу қазанындағы аса қыздырғыштар, түтін шығаратын іргетасы ауыстырылып, бу құбырының астына қосымша тіреуіш орнатылды. Химиялықсутазарту жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары мәреге жетті.
- Қорытындылай келе, жобалардың аяқталуы келесі жылға ауысқаны жайында не айта аласыз?
- — Мұндай міселелер көп емес. Олардың негізгілері Қостанай облысында ормандарды молықтыру мен орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру болып табылады. Мұнда комиссия мемлекеттік орган Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына Кешенді жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынды. 29 қарашада бұл мәселеге қайта ораламыз. Өйткені көшет отырғызу көктем мен күз айларында жүргізілсе, көктемде жоспарланған көлем орындалмай, сәйкесінше күзге көшті. Мұндағы проблема — сапалы отырғызылатын материалды табуда болды. Қажетті сома бар, бірақ бастысы — оны дұрыс пайдалану.
Тағы бір мәселе ауданаралық және қалалық бағытта жүретін автобустарды субсидиялауға қатысты. Бұл ретте тарифтік ұйым бізге негіздеме береді және біз қандай бағытқа әлеуметтік маңызды мәртебе беру керектігін қисынды түрде шешеміз — бұл біздің құзыретімізде. Биыл депутаттармен сегіз бағытты қарастырдық. Бұл қала маңындағылар: Қостанай және Арқалық қалаларында; ауданішілік байланыс – Бейімбет Майлин атындағы ауданда. Сондай-ақ биылғы жылы бір ауданаралық (қалааралық) байланыс Амангелді – Қостанай – Амангелді бағыты әлеуметтік болып танылды. Сонымен қатар, Лисаковск қаласының қалаішілік байланыс туралы ұсынысы қарастырылуда. Жалпы, бүгінгі күні тізімге 52 бағыт енді. Жұмыс жалғаса береді.
Сондай-ақ, депутаттар қосымша тегін медициналық көмектің тізімін кеңейтті. Орфандық ауруларға қарсы препараттар қосылды. Барлығы тізімге 20 дәрі-дәрмек түрі енгізілген, оны азаматтар облыстық бюджет есебінен қосымша ала алады.
— Серік Шотбайұлы, мазмұнды сұхбатыңызға рахмет.