Жанкелдин ауданында Шақшақ Жәнібектің 330, Нұрхан Ахметбековтің 120, Қайнекей Жармағамбетовтің 105, Ғафу Қайырбековтің 95, Болат Хамзиннің 85 жылдығына, ауданның 95, Торғай ауылының 155 жылдығына арналған дүбірлі думан басталды. Той меймандары аудан орталығындағы мұражайларды аралап, тарихи тұлғалардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінде «Ел тұғырын ұстаған Торғай тұлғалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қостанайдан ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспанов, Алматыдан журналист, ұстаз-ғалым Жетпісбай Бекболатұлы, Астанадан ардагер журналист Анар Төлеуханқызы, Арқалықтан филология ғылымдарының кандидаты, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев пен магистр, Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың доценті Ардақ Абдуллина, Ғафу Қайырбековтің қызы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлима Қайырбекова, өнер зерттеушісі, жас ұстаз Ерік Есенгелді қатысып, баяндамалар жасады.
Қатысушылар ең әуелі аудан орталығындағы мұражайларды аралап, көрмелерді тамашалап, тарихи тұлғалардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Шақшақ Жәнібектің, Ахаң мен Жахаңның, Нұрхан ақынның музейлері – қазақтың тамырлы тарихынан сыр шертетін қастерлі орындар.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» дейді Абай хакім. Торғайлық мектеп оқушыларының тойға қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің өнерпаз жастары сахнаның сәнін келтірді. Алғаш ашылған жылы 56 оқушы қабылдаған киелі шаңырақта бүгінде 262 өнерлі жас білім алады. Осы мектеп оқушылары мерекелік концерттің жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты.
«Ел тұғырын ұстаған Торғай тұлғалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылуында аудан әкімі Шота Сәбитбекұлы сөз сөйледі.
«Ел тарихында ортадан ойып алар орны бар қарт Торғайдың мерекесі – жергілікті ағайынның мерейлі сәті. Торғайдағы дүбірлі той түстен кейін аламан бәйгемен жалғасын тапты. Кейін қазақтың ұлттық спорты көкпар ойыны өтті. Халықтың делебесін қоздырған ат спорты өте тартысты болды. Тарихтың керуен көшінде, заманалар белесінде осыдан 95 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, керегесін кеңге жайған аудан тарихында қаншама тұлғаларымыздың еңбегі, өмірі жатыр. Бір мезеттен тоғысып отырған мерейтойларды бір мезетте атап өту туралы шешім қабылданып, бүгін бастау алғанына куәсіздер. Торғай тарихын ұлт тарихымен сабақтастыра, үндестіре қарастырудан бүгінгі буын тағылымды тәрбие алары сөзсіз. Аудан дамуы жолындағы барлық игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін», – деді Шота Сәбитбекұлы құттықтау сөзінде.
Бұл уақытта ауыл шетіндегі атшабарда аламан бәйге басталды. Кілең кекілін жел тараған күліктер аламанында Амангелді ауданынан келген тұлпар алдына қара салмады. Көмбеге екінші болып Көкалат ауылының жүйрігі келді. Ал мәре сызығын үшінші болып торғайлық қылқұйрық кесті. Бабы келіскен жеңімпаз қылқұйрықтың иесіне 500 мың, екінші орын алған шабандозға 300 мың, үздік үштікті түйіндеген жүйрікке 200 мың теңге бұйырды. Жалпылама көкпарды да қалың жұрт қиқулай қолпаштап, керемет тартысты ойынға куә болды. Жалпы, облыстың оңтүстік өңірлерінде соңғы уақытта көкпар жиі өтіп жүр. Жас шабандоздардың, ат үстінде ойқас салатын білекті де жүректі балуандардың қатары көбейіп келеді. Осы жолғы ойында да тамаша өнер көрсетіп, үсті-үстіне салым салған тағымды жігіттер сый-сияпатсыз қалмады. Мерейтойға арқау болып отырған белгілі тұлғалардың ұрпақтары, жерлестері, қалталы азаматтар қаржылай демеушілік жасап жатты.
Облыстың әр түкпірінен жиналған, жүлдеден дәмелі балуандар 66 және 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, сондай-ақ «Түйе балуан» сынында бақ пен бапты сынаққа салып байқады. Шаршы кілем бәсекесінде 66 келіге дейінгі топта 1-орынды Торғай намысын қорғаған Санжар Жұмақан жеңіп алды. Ал 74 келіге дейінгі салмақта белдескен күрескіштер арасында тағы бір торғайлық Ақжол Қазымбек қарсылас шыдатпады. «Түйе балуан» жүлдесі де торғайлық азаматтың еншісінде қалды. Ақтық бәсекеде сынға түскен Ерқанат Рыздық Сарысу ауылының балуаны, «Қазақстан барысы» жобасының бірнеше мәрте қатысушысы Аслан Сағитбектен айласын асырып кетті.
Аудандық Мәдениет үйінде әр жылдары Нұрхан Ахметбеков атындағы халық театрының сахнасында өнер көрсеткен әртістермен өткен жүздесу де ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Осы рухани кездесу аясында сахна төрінде Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз», Серік Тұрғынбекұлының «Нұрхан ақын» спектакльдерінен үзінділер қойылды. Онда КСРО Мәдениет ісінің үздігі Рысты Ерденқызы, ҚР Мәдениет қайраткері, актриса Рая Байкөбен, жезтаңдай әнші, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Дара» медалі иегері Ақдәмен Досанова, дарынды актриса Ұлжалғас Сейдахметова,
ҚР Мәдениет қайраткері Бөлтірік Молдашұлы, танымал әртіс Күләй Ахметова, әйгілі жыршы Нағашыбай Алпыс және басқа да көптеген талант иелері сан салалы өнермен көрермен мейірін қандырып, мерейін өсірді.
Рухани іс-шаралар легін «Торғай әуендері» облыстық әншілер байқауы жалғап әкетті. Бұл да жылдағы дәстүрге айналған жоба еді. Өңірдің жарынды жас әншілерін жиған байқауды тамашалаған көрермен залда ине шанша жер қалдырмай, иін тірестіріп, сықасып тұрды. Бақытжан Байқадамов, Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Деріпсалдин, Алтынбай Сейітқасымов сынды торғайлық композиторлардың әнін орындау шарт еді. Екі кезең бойынша өткен байқаудың бас жүлдесін баритон дауысты Сәкен Байсеңгіров жеңіп алды. Жүлделі 1-орынды федоровтық Тасқын Әжібай иеленді. 2-орын Қостанай ауданынан келген Нұриден Қабыкенге бұйырса, 3-орынды Әулиекөл ауданының атынан сынға түскен Асхат Шыңғысов еншіледі. Байқаудың арнайы жүлдесімен Байдос Қожасағиев, Болат Хамзин атындағы жүлдемен Серікболсын Әбікен марапатталды. Барлығына ақшалай жүлде және байқау мүсіншелері табыс етілді. Көрермен қауым байқаудың жоғары деңгейде өткенін айтып тарқасып жатты.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер ғаламтордан алынды