Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңір спортын жаңғыртатын кез келді

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысы өтті. Онда спорт саласындағы өткен жылдың жетістіктері мен сәтсіздіктеріне шолу жасалды.

Аталмыш салада мәселе жоқ емес. Мәселен, жуырда биыл Париж қаласында өтетін олимпиада ойындарында біздің облыстан жалғыз үміткер қатысып жатыр. Облыс бойынша спортпен шұғылдануға жағдай жасалғанына қарамастан, олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткіштер көңіл көншітпей отыр.

— Олимпиадалық спорт түрлеріне жиі көңіл бөлуіміз керек. Қаражат, ғимарат жағын қарастыруға болады. Одан кейін нақты нәтиже де күтеміз, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Биыл облыстың ауылдық жерлерінде 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Оның үшеуі жұмыс істеп тұр, ал қалғандарының құрылысы биыл аяқталады.

— Командалық спорт түрлері бір-бірінен кенжелеп қалмауы тиіс. Ол үшін тұрақты команда жинақталуы қажет, оған жағдай жасалуы керек. Сосын ол ұжымдар бөлінген балансты ақтап алса, нұр үстіне нұр. Бұл спорт түрін жандандыру үшін спорт басқармасыда әртүрлі жоспар бар. Алдағы спартакиадаға осы спорттың қосылғанын қалаймыз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Спортты дамытуға 2024 жылы 21,9 миллиард теңге бөлінді. Стадиондарды, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін және жабық хоккей корттарын қоса алғанда, спорт кластерлерін құру жоспарлануда. Биыл облыстың 9 өңірінде 11 спорт кешенін, 3 хоккей құрылысын салу және 2 спорт нысанын қайта жаңарту жоспарланған.

Сондай-ақ, бөлінген қаржыландырумен үстел теннисі орталығының құрылысы бойынша жоба жүргізілуде. «Осминог» аквапаркін қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жоба спорттық-демалыс мәселелерін шешуге көмектеседі және халық арасында танымал болады, өйткені шағын аквапарктер үлкен нысандарға қарағанда жиі қолданылады.

— Өңір спортының көрсеткіштерінің аса төмен екенін көрсететін дәлелдер көп. 1994 жылдан бері қысқы-жазғы олимпиада ойындарына 29 ғана қостанайлық спортшы қатысқан. Мана бұл облыстың таланттары басқа жақтарға кетіп қалып жатқанын айтып жатырсыздар. Ол олқылықты жою мақсатында ай сайынғы қаржы көлемін ұлғайтуды ұйғардық. 2022 жылы республика чемпиондары мен олимпиадаға қатысқандар ай сайын 103 мың теңгеден алса, биыл 221 мың теңгеден алатын болады. 25 жасөспірім басқа аймақтардың интернаттарында оқып жүргенін білеміз. Алдағы уақытта ол оқушыларымызды кері қайтарып, өзімізден спорт интернаттарын ашуымыз керек. Нәтижесін енді көріп жатырсыздар. Біздің өңір былтыр республикалық спартакиадада он бесінші орынға тұрақтады. Грек-рим күресінен он төртінші, еркін күрестен он екінші, бокстан он сегізінші, үстел теннисінен тоғызыншы орын алды. Спортшыларымыз сайыстың он екі түрінен ғана өнер көрсетті, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының алдағы жоспары тыңдалды. Биыл Қарабалық ауданында өткізілетін облыстық спартакиаданың дайындық барысы таныстырылды. Жуырда халықаралық, республикалық жарыстарда облысымызға жүлде сыйлаған спортшылар марапатталды.

Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкмінің баспасөз қызметінен алынды