Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (New) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Балалар әдебиетінің бәйтерегі

Қостанайдағы облыстық кітапханада балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған әдеби кеш өтті.

«Балалар әлемін таңғалдырған талант» деп аталатын тақырып аясында өткен іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Кешке қатысушылар «Менің атым – Қожа» фильмінен үзінді тамашалап, жазушының өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті.

Филология ғылымдарының кандидаты Кенжегүл Есіркепова жазушының әйгілі «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым –Қожа», «Қайдасың, Гауһар?» повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді» романының көркемдік ерекшелігіне тоқталып, қаламгердің жазушылық зертханасына қатысты қызықты мағлұматтарды айтып берді.

Ал қаламгер шығармаларын бала жастан жастанып оқып өскен журналист Дәуренбек Әбдібек: «Жазушы туындыларының қатардағы көркем дүниелерден ерекшелігі – оқырманын өмірге, адалдыққа, қайсарлыққа, еңбексүйгіштікке үйрете алатындығында», деген ой айтты.

«Өз басым Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарын бала кезімізден оқып өстім. Жазушының шығармалары азамат болып қалыптасуыма көп әсер етті десем болады. Мені тәрбиелеген Бердібек Соқпақбаев деп көп жерде айтып та жүрмін. Бердібекпен қатар өмір сүрдік, қасымызда жүрген ақылшымыз болды. Еңбекке тәрбиеледі, қиындықта мойымай, жол таба білуге, адал өмір сүруге үйретті», дейді журналист. Кеш барысында қаламгердің әр жылдары жарық көрген кітаптарының көрмесі ашылды.

Бақыт ТҰРАШ, сурет ғаламтордан алынды