Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бұршақ өңдейтін зауыт бой көтерді

Шетелдік инвесторлар негізінен машина жасау саласына, егіншілік пен мал шаруашылығына қаржы салуға ниетті. Өңірде іске асқан ірі жобаның бірі – құны 50 млн доллар болатын бұршақ дақылдарын өңдейтін фабрика.

Былтыр күзде ғана Түркияның «Arbel» халықаралық холдингінің қаржысына салынған фабрика отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарумен қатар, бүгінде өңірдегі бұршақ дақылдары алқабының кеңейе түсуіне де едәуір серпін беріп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл шаруашылықтардың көбі алқабының едәуір бөлігіне бұршақ тұқымын себуді жоспарлап отыр.

«Kaizen» ЖШС бұршақ, ноқат, қызыл және жасыл жасымық тәрізді бұршақ дақылдарын өңдейді. Шикізатты Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан сатып алып отыр. Алайда аталған өңірлер фабриканың сұранысын жеткілікті түрде өтей алмайтынын да айта кету керек. Сондықтан «Kaizen» ЖШС жергілікті аграрлық компаниялардың бұршақ өсіруге деген ынтасын арттыру жағын қарастырып жатыр. Фабрика қазірдің өзінде бірқатар шаруашылыққа көмек ретінде Түркиядан тұқым жеткізіп береді. Кәсіпорын алдағы уақытта Канададан бұршақ дақылдарының тұқымын, Солтүстік Америкадан жасыл және қызыл жасымық тұқымын алдыртпақ. Тәулігіне 520 тоннаға дейін өнім өндіре алатын кәсіпорында 50 адам жұмыс істеп жатыр. Өнімінің көбін шетелге экспорттап жатқан өндіріс орны алдағы үш жыл ішінде тауар айналымын 170 млн доллаға жеткізуді жоспарлап қойған.

«Әзірге жылына 170 мың тонна өнім шығарамыз. Негізінен Ауғанстанға бұршақ жөнелтіп жатырмыз. Кәсіпорын өндіріс қуатына толық көшкен соң, Үндістан, Бангладеш, Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, сондай-ақ Шығыс Азия елдеріне өнім жіберуді көздеп отырмыз. Өкінішке қарай, бүгінге дейін елімізде бұршақ өсіруге аса мән берілмей келді. Біздің алдымызда осы кемшіліктің орнын толтыру міндеті тұр. Бұршақ дақылын барынша насихаттауға тырысамыз. Шикізатты қазір бүкіл Қазақстан аумағынан сатып алып жатырмыз. Ең бастысы, отандық шикізатты өңдейміз, бұл сол шикізатты өсіріп жатқан жергілікті шаруаларға да жақсы. Олар өздері өсірген өнімді лайықты бағамен сатып алатын нақты кәсіпорынның бар екенін біле бастады. Сондықтан шамасы жеткендері алқабын әртараптандырып, ертең бұл өнімді өткізе алам ба деп алаңдамай бұршақ өсіруге ден қойып жатыр», деді бұршақ дақылдарын өңдеу фабрикасының директоры Нұрлан Есетов.

Кәсіпорынның 9 мың тонна шикізат сыятын қоймасы бар. Биыл тағы осындай мөлшерде шикізат сақтайтын жаңа қойманың құрылысы аяқталады. Қазір өндіріс орнында 50 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа қойма пайдалануға берілген соң, қосымша тағы 20 жұмысшы қажет болады. Кәсіпорын өзіне жүктеліп отырған әлеуметтік міндетті де жете сезінеді. Өйткені өзі де мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отыр.

«Мұндай ілкімді жоба Қостанай облысының әкімдігі мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік өкілдігінің көмегімен іске асырылғанын айта кету керек. Облыс әкімдігі инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан үлкен көмек көрсетті. Жол салды. Газ құбырын тартып берді. Кәсіпкерлік аясын кеңейтіп жатқан шетелдік компаниялар үшін кез келген елде мұндай қолайлы инвестициялық жағдай жасала бермейді. Мұны біз жақсы түсінеміз және Қазақстан экономикасының дами түсуіне өз үлесімізді қоса алатынымызға сенімдімін», дейді «Kaizen» серіктестігінің басшысы.

Өңірге шетелден, сонымен қатар еліміздің өзге де өңірлерінен инвестиция тартумен айналысатын «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы өңірлік өкілдігінің директоры Роман Теңізбаевтың айтуынша, аталған жобаның жүзеге асырылуына Қазақстан мен Түркия елшіліктерінің ынтымақты қарым-қатынасы да көп ықпал еткен.

«Алдын ала көптеген екіжақты келісім, жиын, кездесу өтті. Біз өз тарапымыздан инвесторға қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетінін түсіндірдік. Одан кейін Түркиядан арнайы делегация келіп, облыс басшылығымен, жергілікті фермерлермен кездесті. Индустриялық аймақты аралап көрді. Нәтижесінде, өздеріңіз көріп тұрған бұршақ өңдеу фабрикасы іске қосылды. Инвесторлар браунфилд немесе гринфилд тәсілін таңдауға ерікті. Басқаша айтқанда, бұрыннан тұрған өндіріс ғимараттарын қажетіне жарата алады немесе жер телімі беріледі. Қаласа, дайын алаңмен қамтамасыз етеміз. Индустриалды аймақтың инфрақұрылымы түгелдей облыстық бюджет есебінен жасалды. Инвестор үшін оның бәрі тегін әрі қолайлы. Мұның сыртында, біздің тарапымыздан, сондай-ақ жергілікті атқарушы билік тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Қостанай облысы шекаралық аймақта жатқандықтан тұтыну нарығы 25 млн адамнан жоғары. Бұл да инвестор үшін өте тиімді. Білікті мамандар да оңай табылады. Сондықтан бізде қазір Ресей, Түркия, Қытай, Өзбекстан секілді көптеген елден келген инвесторлар жақсы жұмыс істеп жатыр», дейді Роман Теңізбаев.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мамандарының айтуынша, бүгінде өңір экономикасының түрлі саласында елуден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Ақпан айында құрылған өңірге инвестиция тарту жөніндегі кеңес те аймақ экономикасына қан жүгіртетін құрылымға айналмақ. Кеңес құрамына прокуратура, ұлттық қауіпсіздік органдары мен мемлекеттік кіріс қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті атқарушы орындардың өкілдері кіреді.

«Кеңестің басты міндеті – әкімшілік кедергілерді жоюға және өңірге инвестициялар тартуға мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын қиын мәселелер мен кейстер талқыланады. Оларды шешу үшін ұсыныстар әзірленеді», дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Наурыз Байжанов.

Бақыт ТҰРАШ, сурет ғаламтордан алынды