Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Зардап шеккендер жаңа пәтрге көшті

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Арқалық қаласында тасқыннан зардап шеккен отбасылардың жаңа баспаналарына барды. Топан судың салдарынан үйінен айырылған ауыл тұрғындары жаңа пәтердің қолайлы екенін айтты.

Облыс әкімі жасалып жатқан жұмыстың бәрі Президент тапсырмасымен атқарылып жатқан іс екенін алға тартты.

«Мемлекет басшысы Қостанайға келіп, елдің жағдайымен танысып кетті. Алдағы жылы Арқалық қаласына келетінін айтты. Бұл қала келешекте мұнан да жақсы болады. Бүгінгі таңда қаладағы институтты университетке айналдыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ғимараттарды жөндейміз, үлкен-үлкен кешенді істер атқарамыз. Студенттер корпустары, жаңа спорт залдар пайда болады. Мәдениет сарайы жөнделеді. Аэропорт іске қосылады. Жезқазған бағытындағы жолдар жөнделіп, Арқалық тоғыз жолдың торабына айналады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Арқалық қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына 27 пәтер сатып әперу үшін 405 миллион теңге бөлінген еді. Бөлінген қаржы тұрғындардың өз таңдаулары бойынша қаладан пәтер сатып алынды.

Бастапқы кезекте Екідің ауылынан 9, Қызылжұлдыз ауылынан 9 отбасыға пәтер сатып алуға келісім-шарт жасалды. Көшіп келуге ниет білдірген азаматтардың қатары артқан сайын келісім-шарт жасасу үрдістері де одан әрі жалғасып, облыс бюджетінен қосымша қаржы қарастырылып жатыр.

Облыс әкімі өңірге сапары барысында қалаға қарасты Восточный тірек ауылында болып, ауыл мектебінің жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылып жатқан жағымды жаңалығының да куәсі болды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев таныстырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі сапарын су тасқыны кезінде шайылған көтерме жолдар мен бұзылған көпірлердің уақытша жөндеу жұмыстарын көріп, танысумен жалғастырды. Тасқын судың салдарынан толықтай бүлініске ұшыраған Қызылжұлдыз елді мекенінің қазіргі хал-ахуалымен танысты. Апаттан кейін мұндағы 41 үйдің 37-і тұруға жарамсыз болып қалған. Төтенше жағдай кезінде 185 адам эвакуацияланған. Оның 43-і мектеп оқушылары.

Қазіргі таңда 1–9 сынып оқушылары (40 бала және үшеуі даярлық сыныбына барушы) қала мектебінде білімдерін жалғастыруда. Мектеп мұғалімдері мен өзге мамандары да жұмыспен толық қамтылған.

Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды