Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Құрылыс қарқын алды

6 июня 2024 8:55 • 305 просмотров

Қостанай облысының оңтүстік аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Олардың ішінде Амангелді және Жангелдин аудандарында 68 үй, сонымен қатар Арқалық қаласында 50 пәтерлі үй бар. Жуық арада барлығы 118 отбасы жаңа баспанасының кілтін алады.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жаңа тұрғын үй құрылысының барысын тексерді.

— Зардап шеккендерге жан-жақты және барынша көмек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көрсетіледі. Су тасқынының салдарын жою жұмысы жүзеге асырылуда. Баспанасыз қалған барлық отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі.

Биліктің, бизнестің және жергілікті тұрғындардың үйлесімді жұмысының арқасында су тасқынының салдары қысқа мерзімде жойылады, – деп атап өтті өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Амангелділік Нұрфайыловтар отбасы – су тасқынынан зардап шеккендердің бірі. Табиғи апаттың салдарынан олардың ескі саман үйі тұруға жарамай қалды. Зардап шеккендерге өтемақының екі түрі ұсынылады: жаңадан үй салу немесе нарықтағы дайын үй сатып әперіледі. Мемлекеттік көмекті пайдаланып, Нұрфайыловтар отбасы отбасы аудан орталығынан жаңа үй сатып алды.

Су тасқыны салдарын жою бағдарламасы аясында ауданда 41 тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 үй Амангелді ауылынан, 4-і Арқалық қаласынан сатып алынды. Бұдан бөлек, 27 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

— Үйлердің сапасына мән беріңіздер. Салынып біткен соң, кешіктірмей тұрғындарға беріңіздер. Қысқа ертерек қамданып, қора-қопсысын әзірлей берсін», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Жангелдин ауданы Тәуіш кентінде жеті баланы тәрбиелеп отырған Салауатовтар отбасы биыл шілде айында жаңа үйде қоныс тойын атап өтеді.

«Бізді қиындыққа тастаған жоқ, бәрі көмектесті. Сол кезде бұл біз үшін өте маңызды болды. Мемлекет басшысына, өңір басшылығына алғысымды айтқым келеді. Қиыншылық артта қалды. Енді алда жаңа баспана, тек қуанышты күндер болады деп сенемін, – дейді болашақ үйдің иесі Анар Салауатова эмоциясын жасырмай.

Ал Жангелдин ауданының Көлкамыс ауылында су тасқыны 19 үй мен жүздеген шақырым жолды қиратты. Соңғы уақытқа дейін тұрғындарға қажет нәрсенің бәрі тікұшақпен жеткізілді. Бүгінде шалғайдағы ауыл қайта жандана бастады.

Зардап шеккендерге арналған барлық 19 үйдің қазірдің өзінде қабырғалары тұрғызылды. Шілдеге қарай ауыл тұрғындары жаңа үйлерге көшеді.

Оңтүстік өңірлердегі 37 елді мекен су тасқыны жарықтан айырылып, 989 тірек қирады. Бүгінгі таңда 31 елді мекенде электр желісі қалпына келтірілді. Қалған ауылдарда дизельді генераторлар бар. Электр жабдықтарын қалпына келтіру бойынша мердігерлік ұйым анықталып, жұмыс басталып кетті.

Бақыт ТҰРАШ