Қарабалық ауданындағы «Poultry – Agro» ЖШС-нің инвестициялық жобасы күш ала түспек. Құс фабрикасының өндірістік қуатын арттыру көзделіп отыр. Тұсында тұралап қалған нысан аз уақытта аяқтан тұрып, әлеуетті кәсіпорынға айналып үлгерді.
Бұл фабрика кезінде «Комсомольский» аталған еді. Тарихына үңілсек, өндіріс жөнінен бедел биігінен көрінген кәсіпорын болыпты. 1976 жылы «Құрмет белгісі» делінетін жоғары мемлекеттік марапатқа ие болғаны соның айғағындай. Дегенмен түрлі себептермен есігіне құлып салынып, ұзақ жылдар қаңырап бос жатты. Қаалпына келтіру жұмыстары 2020 жылдың қараша айында басталған-ды. Қарабалық құс фабрикасына қайта жан бітіруге үш жылға жетер-жетпес уақыт жұмсалды.
«Оны жүзеге асыру үшін үкіметтік деңгейде құс фабрикасы қазақстандық нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету міндеті қойылған ТОП-8 жоба қатарына қосылды. Қазіргі уақытта кәсіпорынның өнімдері Қостанай және елорда, сондай-ақ елдің басқа да өңірлерінің сауда желілерінде сатылып жатыр. Өнімімізге деген сұраныс жоғары», – дейді кәсіпорынның бас директері Қайрат Маишев.
Осыған байланысты фабриканың өндірістік қуатын күшейту шаралары қолға алына бастады. Толық өндірістік циклды іске қосу – негізгі мақсат. Қазіргі таңда кәсіпорын аумағында 12 құс қорасы, қоспа жем зауыты, сою цехы және етті қайта өңдеу нысаны бар. Барлық қажетті инженерлік коммуникация тартылған. Бүгінде құс фабрикасында 200-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.
Өндірістің экономикалық тиімділігі Қазақстанда құс етін тұтынудың орташа жылдық өсу қарқыны 1,3%-ға тең келіп, 263,9 мың тоннаға жетуімен байланысты. Қазақстан Республикасында жан басына шаққанда құс етін тұтыну үлесі бір адамға 12,9 келіден келеді екен.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаевтың пікірінше, мұндай жобалар экономикалық тұрғыда өсуге және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ете отырып, өңірлерді дамытудың басты тетігіне айналады.
Жан Құрмашұлы, сурет облыстық Кәсіпкерлер палатасы