Биыл өңірде 433 білім ошағында қоңырау соғылады. Жаңа оқу жылының басталуына көп уақыт қалған жоқ. Кезекті оқу маусымына әзірлік барысы олқы емес. Облыс әкімдігінде өткен жиында саланың қазіргі жай-күйі жан-жақты талқыланды.
Өкінішке қарай, облыста бала саны аз 12 мектеп жабылған. Бірақ, дәтке қуат болары сол, өңірде оқушылардың саны жыл озған сайын артып келеді. Мәселен, 2023–2024 оқу жылының басында оқушылар контингенті 2033 оқушыға ұлғайыпты.
«Біз оқу процесін сапалы ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасауды жалғастыра береміз. Мәселен, биыл облыста алты жаңа мектеп ашылады. Мұның сыртында жыл сайын білім беру нысандарын жөндеуге қомақты қаражат бөлінеді. Биыл 155 білім ошағын жөндеуге 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде және оқу жылы басталғанша аяқталады», – деді Данагүл Сүйіндікова.
Өңірде оқушыларды тасымалдау үшін білім ошақтарының техникалық паркі үнемі жаңартылып отырады. Мәселен, 2022–2023 жылдары лизингке 30 автобус сатып алынған. Биыл тағы 4 шағын автобус әкелінді. Тағы бір маңызды мәселе, ол мектептерді көмірмен қамтамасыз ету. Данагүл Сүйіндікова атап өткендей, алдағы жылу маусымында барлығы 69 мың тонна көмір қажет. Оған 1,2 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарына көмір жеткізіліп жатыр.
«Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау барысында көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ Алтынсарин, Аманкелді, Әулиекөл, Денисов, Жанкелдин, Қарабалық Қамысты, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара, Сарыкөл, Науырзым, Б. Майлин, Ұзынкөл аудандарының әкімдеріне осы мәселені бақылауға алуды сұраймыз. Өйткені, мектептерге көмір жеткізу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ, – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Кеңесте сөз алған аудан басшылары көмір мәселесі жиырмасыншы тамызға дейін толық шешілетіндігін айтты. Көмір тасымалдаушы фирмалармен көктемге салым келісім-шарт жасалған. Қазіргі таңда алды қажетті қаты отынның бір бөлігін әкеліп жатыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселені 1 қыркүйекке дейін аяқтауды міндеттеді. Ол мемлекет тарапынан білім беру саласына жасалып жатқан қолдаудың аз еместігін айтты.
«Соңғы үш жылда облыс білім беру саласының бюджеті 1,5 есеге өсіп, 196 млрд теңгеге жетті. Бұл облыс бюджетінің 30%-не тең. Біз жыл сайын мектеп оқушыларының да көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Кейінгі үш жылдың бедерінде контингент екі мыңнан астам оқушыға өсті. Соңғы жылдары 9-сынып түлектерінің көбісі мектептерде оқуды жалғастырады. Олар жоғарғы білім алғысы келеді. Бұл жақсы тенденция. Бала сыйымдылығын төмендету үшін облыста тоғыз мектеп салынып жатыр. Соның алтауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Мен облыстық құрылыс басқармасына білім ошақтарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қадағалауды тапсырамын. Облыстық білім басқармасына мектептерді заманауи материалдық жабдықтармен қамтамасыз етуді жүктеймін. Бұған да қомақты қаражат бөліп отырмыз. Мұның сыртында барлық жөндеу жұмысын назардан тыс қалдырмау керек. Аудан, қала әкімдері облыстық білім басқармасымен бірлесіп, барлық құрылыс нысандарын уақытында тапсыруға күш жұмылдыруы қажет. Алайда ол оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Білім ошақтарын кәсіби мамандармен толықтыру да өзекті мәселе. Кей өңірде маман тапшылығы байқалады. Құмар Ақсақалов аудан, қала басшыларына облыстық білім басқармасымен бірге оқу жылы басталғанға дейін бос жұмыс орындарын толтыруды тапсырды.
Жан Құрмашұлы