Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов Тобыл қаласында кезекті рет Азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді. Тұрғындар толғандырған мәселелерімен жүгініп, басшылық өкілдерінен сұрақтарына жауап алды.
Қабылдау қаладағы «Алтын дән» мәдениет үйінде таңғы сағат 10-да басталып, 16.00-ге дейін жалғасты. Аудан әкімі мұндай іс-шараның ел ішіндегі ең өзекті мәселелердің тамырын басуға тиімді екенін айтады.
«Мұндай іс-шараның қос тарапқа да ықпалы мен пайдасы зор. Мұны өткен жылдың тәжірибесіне сүйеніп айтып отырмыз. Статистикаға қарасақ, былтыр ең өзекті деген көп мәселенің шешімін тапқанын көреміз. Айталық, былтыр жер қатынастарына қатысты сауал жиі қойылды. Жер кезегінде тұрған адамдар, қосалқы шаруашылық иелері арыз-тілекпен көбірек жүгінді. Кейін осы проблема сараптала келе, тыңғылықты жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде ол толықтай дерлік оң жолға қойылды деуге болады. Бүгін де қай бағыттарға басымдық беруіміз керек екенін анықтап аларымыз сөзсіз», – дейді Берік Таңжарықов.
Тұрғындар алға тартқан мәселе алуан, көтерілген сауал сан түрлі. Бірақ оларды біріктіретін бір ғана фактор – халықтың жайлы да сайлы тұрмысы. Бірі тұрғын үй жағдайын жайластырғысы келеді, енді басқаларын инфрақұрылым, жол, газ, абаттандыру проблемалары алаңдатады. Мәселен, Алтынсарин ауылының зейнеткері Қасым Нұрсейіт есімді 86 жастағы ақсақал көрші-көлемінің аманатымен келіпті. Қарияның айтуынша, он бес жыл от жағып отырған Новостройка және Новая көшелеріне билы тамыз айында газ тарту жұмыстары басталған. Құбыр үйді-үйге тартылып қойғанымен, көгілдір отынның қосылып қуантар түрі жоқ. Қыбыр еткен тіршілік нышаны білінбегелі екі апта өтіпті. Ештеңе істелмей отырған көрінеді.
«Көптеген үй газ келеді деп, пештерін бұзып алып тастаған. Енді қазірдің өзінде тоңып-жаурап отырғаны. Солардың бірі өзіммін. Жалпы, ауылда біз тұратын екі көшеден басқасында газ бар ғой. От жағу бейнетінен биыл құтыламыз ба деп қуанып едік. Қыс болса қыр астында. Ал енді газ өткіземіз дегендер қайда кетті? Неге аяқсыз қалды? Қашан қосады? Қар түскенін күтіп отыр ма? Соның себебін білуге келіп едім», – деді Қасым ақсақал.
Аудан әкімі бұл жағдайдан хабардар екен, көгілдір отын апта көлемінде берілетінін айтып, аталған көше тұрғындарының қиындықта қалмайтынына уәде етті. Осы ауылдың тағы бір топ жамағаты рухани мәселемен жүгінді. Айтуларынша, елді мекенде ашылған мешітте әлі күнге имам жоқ. Бұрын Меңдіқара ауданында дін қызметкері болған Ерік есімді азаматтың келгісі бар. Тек оған баспана керек екен.
«Бұған дейін төрт ауданда бас имам болып қызмет еткен кісі бізге келуге келісімн беріп отыр. Ендігі қолбайлау болып тұрғаны – үй мәселесі. Отбасылы азаматқа қатынап жұмыс істеу қиындық тудырары түсінікті. Ал мешіт бостан-бос тұрып қалмауы да керек. Қалайда имам қажет. Бүкіл елге қажет. Осы мәселенің бір шешімі болар ма екен?» – дейді ауыл ақсақалдары.
Б. Таңжарықов жағдайда жақсы түсініп отырғанын, бірақ дайын тұрған үйдің жоқ екенін жасырмай айтты.
«Қарастырайық. Бірақ бірінші кезекте көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешу назарда ұсталады. Ал бұны биыл бір жақты етеміз деп айта алмаймын. Келесі жылға қаражатымыз болса, көре жатармыз. Болмаса, демеушілер іздеу керек шығар. Оның да тез арада ыңғайы келе қоймайды. Бір анығы, дәл қазір ол жақта бере қояр баспана жоқ. Болған күннің өзінде заңды белден баса алмаймыз. Тұрғын үймен қамтылуға тиіс кезекте тұрған халықтың бес деңгейі бар. Әрине, ниеттеріңіз дұрыс. Бір жолы табылып жатса, хабарын берерміз», – деді аудан әкімі.
Ал Алтын дала ауылының тұрғындары газ мәселесін көтерді. Көгілдір отынмен қамтылған елді мекендегі Ардагерлер және Жаманбаев көшелеріндегі жаңа үйлерде 2015 жылдан бері газ жоқ. Олар құзырлы орындарға жүгінгенде мораторий жарияланғанын айтып, тұрғындарға өз күштерімен тартуға кеңес берген.
«Биыл мораторий ашылды да, билік өкілдеріне тағы жолықтық. Олар біздің еш жоспарда жоқ екенімізді айтты. Жерге рұқсат алуымыз керек екен, қаражат бөлінуі қажет көрінеді. Сосын біз ештеңе күтпестен, өз қаражатымызға газ тартуды бастап кеттік. Халық өз ақшасына істеп қойды. Қарызданып-қауғаланып, несие алдық. Оны төлейтін де шашамыз болмай отыр. Енді осыған жұмсалған қаржыны халыққа қайтару жолы қарастырылса. Бір ай бұрын келгенімізде «тауып береміз» деген уәде берілді. Егер сол сома қолымызға тисе, көгілдір отынды үйімізге кіргізіп алуға жұмсар едік», – дейді Гүлмира Рақымжанқызы.
Оның айтуынша, екі көшенің тұрғындары, он жеті отбасы 8,1 млн теңге жинап, газ желісін тарттыруға жұмсаған. Аудан басшысы ауыл тұрғындарының өтініші қанағаттандырылып, қажетті сома толық көлемде осы аптада аударылады деп отыр… Осыған ұқсас мәселемен жүгінген ауыл тұрғындары аз болмады. Трғын үй, баспана жайына байланысты сауалдар да жиірек қойылды. Б. Таңжарықов барлық түйткіл ескеріліп, күрделілігіне қарамастан, жедел шешу жолдары қарастырылатынын айтты.
«Тұрғын үймен қамту бағытында жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселелер бар. Белсенді жұмыстар жүргізіп те жатырмыз. Айталық, әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындар үшін шамамен 120 үйді пайдалануға береміз. Әлеуметтік түйткілдер аз емес. Абаттандыру, жол жөндеу, жарықтандыру жұмысы да кезек күттірмейді. Жалпы алғнда, аудандық көрсеткішті жақсарта түсуге күш жұмсай бермекпіз», – дейді аудан әкімі.
Ол тұрғындарды тіркеу кестесіне сай әр апта сайын қабылдайтынын жеке қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Instagram желісіндегі парақшасын да белсенді жүргізеді. Онда жеке нөмірі көрсетілген.
Жан Құрмашұлы, суреттерді түсірген – Рабиға Атуллина