Әдебиет әуесіндегі жарқын жұлдыз

10 октября 2024 9:13 • 411 просмотров

Биыл қазақтың көрнекті ақыны, журналист, публицист, аудармашы, ұстаз, майдангер, Ғаббас Жұмабайұлының туғанына жүз жыл. Осы мерейтойға орай тұлғаға арналып мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш белгі қаламгердің өзі 1947–1955 жылдары қызмет еткен қазіргі «Қостанай таңы» газеті редакциясы ғимаратының қабырғасына ілінді.

Қаламгер Меңдіқара ауданының тумасы. Сөз зергері, қара өлең шебері, қаламы жүйрік аудармашы, қазақ баспасөзінің алыбы. Журналистік жолын аудандық басылымда бастап, кейін «Большевиктік жол» газетінде жалғады. Республикалық газет-журналдарда қолтаңбасы қалды. Қазақтың әйгілі классиктерімен үзеңгі қағыстыра жүріп, ұлт әдебиеті мен мәдениетіне зор еңбек сіңірді. Артына көл-көсір мұра қалдырды.

Заңғар тұлғаның жүз жылдығына орай туған жерінде тағзым ету іс-шаралары өткен еді. Ол қарашаңырақ қабырғасына ескерткіш тақта орнату рәсімімен түйінделді. Өңір руханиятындағы елеулі оқиғаға облыс әкімдігінің өкілдері, зиялы қауым, ақынның алыс-жақыннан келген ұрпақтары мен туыс-туғандары және редакция ұжымы қатысты. Салтанатты жиында сөз алғандар қабырғалы қаламгердің қазақтың әдебиетіне, журналистикаға, жалпы ұлт руханиятына сіңірген еңбегін сөз етіп, жылы естеліктермен еске алды.

«Ғаббас атамыз – шоқтығы биік тұлғалардың бірі. Қайраткердің ұлт баспасөзіне, әдебиетіне қосқан үлесі, атқарған қызметі, майдангер батырлығы, ұстаздық жолы баршамызға тарихтан мәлім. 5 мамырда туса да 5 қазан күні, ұстаздар мерекесінде мемориалдық тақтасының ашылып отырғанын айтулы іс-шара деп білеміз. Қаламгердің рухани мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа насихаттала берсін», – деген тілегін жеткізді облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсел Құлмағамбет.

Ал белгілі ақын, публицист, драматург Ақылбек Шаяхмет Меңдіқараның дарынды тұлғалардың мекені екенін тілге тиек ете келіп, осы құнарлы топырақтан түлеп ұшқан Ғаббас Жұмабайұлының шығармашылығына, әсіресе, аудармашылық шеберлігіне тоқталды.

«Ұлы ағартушы Ыбырайдың ісін жалғаған Спандияр Көбеевтің аядай ғана Ақсуат деген ауылынан талай тұлға шықты.Солардың бірі екі тілдің шешені, көсемсөздің көсемі болған Ғаббас ағамыз еді. Мына қабырғада осы «Қостанай таңы» газетінде табан аудармай 40 жыл еңбек еткен Сәлім Меңдібаевтың да ескерткіш тақтасы тұр. Бұл кісі де ауылдас ағасы Ғаббастың ізін жалғастырған майталман журналист-тін. Ал енді Ғаббас ағамыз туралы көп айту болады. Ол кісінің жазушылық, ақындық, журналистік еңбегінің сыртында қайраткерлігі, әсіресе Л. Толстойдың «Крейсер сонатасын», К. Хетагуровтың, М. Шолоховтың, О. Бальзактың, басқа да Латын Америкасы мен Африка елдерінің көптеген жазушысының еңбектерін қазақша сөйлеткен аудармашылығы бір төбе. Ғафу Қайырбековтің Ыбырайға арнаған «Дала қоңырауы» поэмасының жолма-жол аудармасын жасаған, Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне», «Ұлпан» романдарын орыс тіліне тәржімалаған. Ағамыздың аруағы алдында тағзым етеміз», – деді Ақылбек Қожаұлы.

Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы, ардагер журналист Жанұзақ Аязбеков те жүз жылдық мерейтойға алғашқы күнінен қатысып келе жатыр. Тағылымды іс-шарадан алған әсерін көпшілікпен бөлісіп, жиылған жұртшылықты одақ басшылығының атынан құттықтады.

«Екі күн бойы керемет тойдың куәсі болып отырмыз. Мені қуантқаны, мектеп оқушылары, жас өскіндер ғаббастанудың алғашқы бетін ашқандай болды. Жүз жылдықта өмірбая-

нын ғана емес, шығармаларын, мұрасын зерттеуге, бойға сіңіруге керемет қадамдар болды. Расында, ағамыз көп оқылуға, насихатталуға тиіс қаламгер. Аудармашылығына тіптен сөз жетпейді. Ерекшелеп айтары, ағамыздың қазақ тіліне уызынан жарығанын кез келген аудармасынан байқауға болады. Мысалы, «Крейсер сонатасын» өте шұрайлы аударған. Сондағы «курящий» деген сөзді «шылымпаз» деп қазақшалапты. Көзі алақ-жұлақ етіп отырған кейбір кісілердің мінезін «жайнаңкөз» дейді. Мұндай тап-

қыр, ұтқыр сөздерден көп мысал келтіруге болады. Тілеріміз – ағамыздың мұрасы көмескі тартпай, ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін! Бүгін аруағы бір аунап түсіп жатқан шығар», – деді Жанұзақ Аязбеков.

Бұдан кейін қаламгердің туыстарына және «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожинге сөз берілді. Айтыскер ақын Марғұлан Оспанов арнау айтып, күйші Наурызбай Әмірхамзин Ғаббас Жұмабайұлының арғы атасы Өтей батырға арналып шығарған күйді орындап берді. Осыдан соң салтанатты рәсімге кезек беріліп, ескерткіш тақтаның шымылдығын түру құрметі Жанұзақ Аязбеков пен ақынның қарындасы Гүлсара Жұмабаеваға берілді. Көпшілік ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қойып, естелік суреттерге түсті.

Жүз жылдық мерейтойға алыс-жақыннан жиылған ұрпақтары мен ілік-жақындарының арасында ақынның Мәриям есімді немересі де бар. Ол атасының жүз жылдығына сонау Австралия құрлығынан арнайы келіпті.

«Ғаббас атамның мерейтойына жұбайым Джулиан екеуіміз келіп отырмыз. Бұл біз үшін өте маңызды іс-шара. Жалпы, атама арналып өткізілген іс-шаралардың барлығына қалмай қатысуға тырысып жүрміз, – дейді Мәриям. – Австралияда өмір сүріп жатқанымызға екі жарым жылдай уақыт болды. Сол жақта қызмет етіп жатырмын. Күйеуім, австралиялық азамат, мұғалім болып жұмыс істейді. Ал өзім мемлекеттік қызметшімін. Туған жерге келіп, осындай керемет оқиғаға куә болғанымызға қуаныштымыз».

Іс-шара Н. Островский атындағы кітапханада «Нөсерлеп төккен жыр-ғұмыр» атты отырысқа ұласты. Онда да ақынның шығармашылығы туралы кеңінен мәлімет беріліп, өлең-жырлары оқылды. Аға буын өкілдері алдағы уақытта Ғаббас Жұмабайұлы атындағы облыстық, республикалық байқау өткізу, қаламгер шығармаларын цифрландыру туралы ұсыныстарын айтты.

Айта кетейік, мерейтой 4 қазан күні Меңдіқара ауданында басталған еді. Ғаббас Жұмабаев атындағы орта мектепте тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен отырыс, оқушылар арасында ақын өлеңдерін мәнерлер оқу, сурет салу, спорт сайыстары өтті. Жиылған қауым қаламгер мұражайын аралап, оның тұтынған заттарын, өз қолымен салған суреттерін, тоқыған кілемдерін, шығармашылық мұраларын тамашалады. Мектеп алдындағы ескерткішінің түбіне тағзым гүлін қойды. Аудандық мешітте тұлға рухына дұға оқылды.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – автор