Туристік кешен ашылды

10 октября 2024 9:17 • 400 просмотров

Амангелді ауданында туристік кешеннің салтанатты ашылуы өтті. Ол Қостанай облысының туристік инфрақұрылымын дамытудың маңызды элементі болмақ.

Жаңа нысан әртүрлі халықтар мен дәуірлердің мәдени мұрасын, сондай-ақ аймақтың бірегей табиғи көрікті жерлерін біріктіреді. Аталмыш іс-шараға Парламент депутаттары және елміздің түкпір-түкіпірнен танымал азаматтар қатысты.

Хаб аумағында әлемге әйгілі сәулет өнерінің қысқартылған көшірмелері бой көтерген. Келушілер Эйфель мұнарасы (биіктігі 25 метр), Бейбітшілік және келісім сарайы, Венеция каналы және сақ моншалары сияқты әйгілі құрылымдардың көшірмелерін көре алады. Бұл алып құрлыстың авторы әрі іске асырушысы, ҚазКСР еңбек сіңірген құрылысшысы, кәсіпкер, меценат Сапар Ысқақов. Қазіргі уақытта әлемдегі ең үлкен сәулет ескерткіштерінің бірі – Тәж-Махалдың құрылысы жалғасуда. Оның биіктігі де 25 метрге жетеді. Құрылыс жақын арада аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, шара аясында аймақтың мәдени мұрасының тағы бір символына айналған Сұлтан Бейбарыс ескерткіші мен ұлттық жады қабырғасының ашылу салтанаты өтті.

Белгілі меценат, Аманкелді ауданының құрметті азаматы Сапар Ысқақовтың айтуынша, Сұлтан бабаға ескерткіш қоюдағы негізгі мақсат – ұлы тұлғаға тағзым әрі жас ұрпақ бойында патриоттық сезім қалыптастыру. Тұғырымен қосқанда ескерткіштің биіктігі 8,5 метр, ал мүсін 4 метр.

«Әлемде Бейбарыс Сұлтанға қойылған ескерткіш өте аз. Қазақстанда қойылған бұл екінші ескерткіш. Біріншісі Атырауда тұр. Ал аттың үстінде айбарлы бейнесі сомдалған мүсіні әлемде алғаш рет Торғай жерінде қойылып отыр деуге болады», – дейді ескерткіштің бой тіктеуіне барын салған кәсіпкер Сапар Ысқақұлы.

Туристік кешеннің тұсаукесеріне аймақтың көптеген тұрғындары мен қонақтарын жиналды. Жиналған жұртшылық мұндай нысандар туған өлкенің танымал болуына ықпал етіп, демалыс пен туризм үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.

Нысанның ашылу рәсімі аймақтың мәдени дәстүрлерін паш еткен өнерпаздардың мазмұнды қойылымына ұласты. Аудан тұрғындары мен қонақтары коцерттік бағдарламаны ерекше ықыласпен тамашалады.

«Сапар Ысқақұлын қазақ тарихының жоғын түгендеуші, мәдениетін толықтырушы азамат екенін барша қазақ біледі десек, артық айтқандық емес. «Ұлттық жады қабырғасы» деп аталатын тақта бар қазақ тағзым ететін, көз алдынан еліміздің өткен-кеткенін бір сәтте еске түсіретін құнды мекенге айналары сөзсіз», – деп бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали да өз баяндамасында атап өткен еді.

Ал ақын Ақылбек Қожахмет бар қазақтың айбары, Мысырды ел қылған, қыпшақ даласының ұланы Сұлтан Байбарыс бабамыздың ескерткіші рухымызды асқақтатып тұрғанын тілге тиек етті.

«Бұл ескерткіштер мен «Ұлттық жады қабырғасының» үлкен өркениет орталықтарынан шалғайда жатқан өңірдің эстетикалық талғамын қалыптасыруда Сапар Ысқақов ағамыздың ерен еңбегі кейінгі жас буынға үлгі боларлық іс. Орталық пен Батысты байланыстыратын күре жолдың бойында орналасқан кешен талай жолаушы мен туристердің саялайтын мекеніне айналады деген сенеміз», – деді Ақылбек Қожаұлы.

Амангелді ауданындағы туристік орталық танымал демалыс орны ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын маңызды мәдени орталыққа айналмақ.

— Бұл жалғыз ауданның ғана емес, облыстың, жалпы Қазақстанның туризм саласын дамытуға бірден-бір септігін тигізетін жоба. Биылғы жылы екі-үш нысан аяқталуға жақын. Бұл әрине, ауданымыздың туризм саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджетке салық түсімдерінің көбеюіне бірден-бір септігін тигізеді. Халық осы жобаны қазір күтуде. Жергілікті атқарушы орган тарапын қажетті жұмыстарды бірлесіп жасап жатырмыз. Жоба іске асқан жағдайда одан да көп жұмыс орындары ашылады. Өйткені әр сауда нүктелеріне, әр ойын алаңдарына қажетті жұмыскерлердің бәрі осы жергілікті адамдармен қамтылады деп күтілуде. Кешен өңірдің туризм саласын дамытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатыны белгілі. Сонымен қатар бұл жер жастардың тарихқа деген қызығушылығын оятып, патриоттық тәрбие беретін орынға айналуы мүмкін, – деді Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.

Кешенде туристердің тынығуына арналған қонақ үй, тамақтану орындары салынды. Құрылыс сәтті аяқталса, бұл әр тасы тарихқа толы Торғай өңіріне туристерді көптеп тартуға және көне өркениеттің ізі саналатын геоглифтердің құпиясын ашып, насихаттауға септігін тигізбек.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды