Оңтүстік аудандарға барды

12 декабря 2024 9:08 • 481 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен облыстың оңтүстік аудандарында болды. Сапар барысында инфрақұрылымды жақсарту, экономиканы дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мәселелері басты назарда болды. Әсіресе, облыстың стратегиялық дамуы үшін маңызды рөл атқаратын Арқалық қаласына ерекше көңіл бөлінді.

Әкім барған маңызды нысандардың бірі – қалаға тұрақты жылу беруді қамтамасыз ететін жаңа жылу-энергетикалық орталық болды. Техникалық сипаттамалары: жалпы қуаты 6,5 МВт болатын екі бу қазандығы мен екі турбоагрегат. Қаланы жылумен қамтамасыз ету: 2 қазанда басталған жылыту маусымынан бері ЖЭО 4500 тоннадан астам көмір пайдаланған. Резервтік қуат көздері: қажеттілік туындаған жағдайда мазутты станция жүйені қолдауға дайын. Көмір қоры 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымына 42 000 тонна көмір жоспарланған, оның 15 155 тоннасы жеткізілді.

Жаңа станция Арқалықтың тұрақты жылумен қамтамасыз етілуінің негізі болмақ және қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды.

Құмар Ақсақалов қаланың дамуындағы басым бағыттарды атап өтті:

1.Жолдарды жөндеу: Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 68 шақырым жолды қалпына келтіру жоспарланған.

2.Әуежайдың жұмысын қайта жандандыру: көлік қатынасын жақсартып, экономикалық даму мүмкіндіктерін арттырады.

3.Білім беруді дамыту: Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына университет мәртебесі беріледі.

4.Балабақша салу: жаңа мектепке дейінгі мекеме жобасы балалар үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Сапар барысында облыс әкімі Арқалық тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында өзекті мәселелер мен бастамалар талқыланды.

«Мен үшін әр азаматтың мәселесін тыңдап, оны тез арада шешу өте маңызды. Барлық өтініштер бақылауға алынды», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Сапар аясында әкім Амангелді және Жангелдин аудандарына да барып, есеп беру кездесулері мен азаматтарды жеке қабылдаулар өткізді. Негізгі тақырыптар – инфрақұрылымды дамыту, өмір сүру деңгейін арттыру және Арқалық – Торғай жолын қалпына келтіру болды.

Алдымен өңірде он айда атқарылған жұмыстардың барысымен Жанкелдин аудананың әкімі Шота Оспанов таныстырды.

Айтуынша, өңірде қолға алған шаруа көп. Ауданға инвестиция тарту, құрылыс, жол жөндеу басқа да салаларда едәуір өсім бар. Шалғай өңірлерге бөлінетін қаржы көлемі де жыл озған сайын еселене түскен. Мәселен, биыл Жанкелдин ауданындағы автожолдар мен көшелерді жөндеуге жөндеуге 4,6 млрд теңге бөлінді.

Ал Амангелді ауданының автожолдары мен көшелерін жөндеуге 1,5 млрд теңге бөлінді. Қоңсылас қонған қос ауданның экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіші дәтке қуат. Халықтың әл-ауқаты артқан. Жаңа жұмыс орындары да ашылып жатыр. Бұл бір жағынан өңірлердегі шағын және орта кәсіпкерлік дамытуға ден қойғандықтан шығар. Мұны Аманкелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев та айтты.

Тұрғындар алдында есеп берген облыс басшысы астықты өңірдегі тегеурінді істердің біразымен таныстырды. Қолға алынған тың жоба көп, бірнеше жүздеген жұмыс орындары ашылды. Құмар Ақсақалов мұнымен тоқтап қалуға болмайтындығын қадап айтты.

— Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығы атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға шамамен 175,0 млрд теңге қарастырылған. Міндетіміз – үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ке дейін ұлғайту. Бұршақ дақылдарын өңдеу бойынша «Кайдзен» зауытының іске қосылуын атап өтуге болады. Меңдіқара ауданында құрғақ бие сүтін өндіру зауыты іске қосылды. Сондай-ақ, облыста ірімшіктің 10 жаңа түрін өндіру бойынша жаңа кешеннің құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді облыс басшысы Құмар Ақсақалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды