Жолашар жоба

12 декабря 2024 9:14 • 274 просмотров

Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешудің бір тетігі – кәсіптік білімі бар түлектерге арналған мемлекеттік жобаларды ілгерілету. Бұл жөнінен Бейімбет Майлин ауданы белсенді деуге болады. Мәселен, мұнда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жоспардағыша жүзеге асып жатыр.

Жасырары жоқ, бұған дейін көп жағдайда колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері ұзақ уақыт жұмыс таба алмай жүретін. Ал жұмыс берушілер жас мамандардан жұмыс тәжірибесі және жұмыс өтілі болмағандықтан, бас тартып жататын. Аталған бағдарлама осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін қолға алынды. Бүгінде мұның игілігін көп жастың көріп жатқанына куәміз.

Қазір аудан көлемінде «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 жас маман уақытша жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы шеңберінде алты адам жұмыспен қамтылған. Бұл бағдарламалардың шарты туралы Мансап орталығының Бейімбет Майлин аудандық филиалы басшылығы мәлімет бере кетті.

«Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасымен жұмыс істеу мерзімі 1 жылға созылады. Барлық салықты қосып есептегендегі жалақы – 30 АЕК көлемінде. Жұмыскерлер жалақыны біз арқылы алады. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасының мерзімі – 1,5 жыл. Уақыттары біткен соң жас мамандар не сол жұмыс орнында қалады, болмаса, біз басқа жұмыс тауып береміз. Қалай боған күнде де біз оларды орта жолдан тастамаймыз», – дейді филиал жетекшісі Әнуар Сәрсекеев.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыс істеп жатқан жастардың бірі – Диана Ақтас. Ол жергілікті нан өнімдері дүкенінде аспаз. Жұмысқа биыл ғана орналасқан. Алайда аз уақыт ішінде аспаздық істі ұршықша үйіріп әкетті. Қазір аудан орталығының тұрғындары жас шеберді танып та үлгеріпті. Диананы іздей барған бізбен бірге бірнеше кісі дүкенге қоса кіріп, «Диананың дәмді тоқаштары даяр болды ма екен?» деп сұрасты. Ал ол бұл кезде жас аспаз арғы бөлмеде иісі танауды қытықтайтын тәттілерін пештен түсіріп жатқан-тын.

Бұл – Диананың таңның атысы, күннің батысы атқаратын шаруасы. Бейімбет Майлин ауданына келгеніне көп уақыт өтпесе де аспаздық қызметі арқылы жергілікті жұртпен таныс-біліс болып қалған. Оны өзімен сұхбаттасу кезінде білдік. Бұл өңірге биыл ғана келін болып түскен екен.

«Менің туған жерім – Ақмола облысы. Жасым 22-де. Күйеуім Жасұлан Ақтас осы ауданның тумасы. Қалада жүргенімізде танысып, көңіл жарастырдық. Биыл сол азаматқа тұрмысқа шықтым да, Бейімбет Майлин ауданына көшіп келдік. Содан кейін «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша осы дүкенге жұмысқа орналастым. Оған ықпал жасаған аудан әкімдігіне алғысым шексіз. Қолымнан келетін іс болғандықтан, аспаздық жұмыс өзіме ұнап жатыр», – дейді Диана.

Ол Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжінде білім алған. Мамандығы – өндірістік оқыту, техника, технологияның барлық түрінің шебері. Оның сыртында үшінші разрядты аспаз. Қазіргі жұмыс орнына дейін де бірнеше жерде еңбек етіп, шеберлігін шыңдай түсіпті.

«Туған жерімде, яғни Ақмола облысында жеке кәсібім болды, азық-түлік дүкенін ұстадым. Әртүрлі мейрамханаларда да көп жұмыс істедім. Асхана жұмысшысы, аспаз көмекшісі, ыстық, салқын тағамдар әзірлеуші маман болып нәпақа таптым. Әр жерде жүріп жинақтаған тәжірибемнің арқасында қазіргі жұмысымды да оңай игеріп отырмын», – дейді ол.

Аспаздың қолынан шыққан бәліш, самса сияқты тағамдар шынымен де тіл үйіреді екен. Дүкеннің жомарт қолды жұмысшылары буы бұрқыраған өнімдерден дәм татқызды. Аз ғана уақытта көз жеткізгеніміздей, бұл нысаннан адам аяғы арылмайды. Диананың қолынан шыққан өнімдер ыстық күйінде әп-сәтте өтіп кетеді. Сұраныс баршылық, тұрақты клиенттері қалыптасып үлгерген. Ол табысына да шағым айтып отырған жоқ.

«Жалақыны Мансап орталығының аудандық филиалы арқылы аламын. Қолыма 84 500 теңге тиеді. Ауылдық елді мекен үшін бұл да соншалық олқы ақша емес. Оның үстіне жұбайым Жасұлан іргедегі Красносельский ауылындағы мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Жас отбасының ортақ табысы, шүкір, тұрмысымызға жеткілікті. Бірақ бағдарлама келесі жылы аяқталады. Одан соң басқа жұмыс іздейтін шығармын. Реті келіп жатса, осы жерде де еңбек жолымды жалғастыра беруге қарсы емеспін», – деп отыр аспаз.

Ол өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс орны қай кезде де табыларына күмән келтірмейді. Оның үстіне, аудан әкімдігіндегілер бағдарлама аяқталғаннан кейін де Диананы жәрдемсіз қалдырмауға, жұмыс тауып беруге уәде еткен.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық табысын арттыру жөніндегі алғашқы тапсырмаларының бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету.

«Бұл мәселеге ерекше назар аудару керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітіргендердің, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар қарапайым жұмыстардың арқасында күн көреді, кейбірі табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аталған мәселенің жүйелі шешімін табуға «Жастар тәжірибесі» сияқты бағдарламаның елеулі қыпалы бар деуге болады. Алдағы уақытта мұндай жобаларға қатысу ұзақтығы және уақытша жалақы мөлшері ұлғайтылып жатса, бұған әсіресе ауыл жастарының қызығушылығы арта түсер ме еді.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ