2025 жылғы су тасқыны: барлық қатерлер жойылды. Бұл туралы жедел штаб отырысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүргізілген мұқият дайындықтың арқасында өңір су тасқыны жағдайына тиімді әрекет етіп, 89 ауылдық елді мекен мен 3 қалада халық пен инфрақұрылым үшін қауіптің алдын алды.
Биыл су тасқынына қарсы іс-шараларға 7,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Бұл қорғаныс құрылыстарын айтарлықтай нығайтуға, сондай-ақ қажетті техника мен материалдарды сатып алуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, техниканы сатып алуға 860 миллион теңге бағытталды.
Негізгі бағыттардың бірі – инженерлік нысандарды орнату және жөндеу болды. 2025 жылы 57 шақырым қорғаныс білігі салынды, 168 су өткізу құбыры орнатылды және 20 шақырым жаңа нөсерлі кәріз жүргізілді. Сонымен қатар, 27 гидротехникалық нысан жөнделді. Барлық қорғаныс құрылыстары өз функцияларын толық орындады.
Барлық шараларды сәтті іске асыруға 3 мыңнан астам адам және 800 техника бірлігі тартылды. Ауқымды қар тазалау жұмыстары жүргізіліп, 1,2 миллион м³-тан астам қар шығарылды, бұл нөсерлік және дренаждық жүйелерге түсетін жүктемені тиімді азайтуға мүмкіндік берді. Ең осал учаскелерден 250 мың м³-тан астам су сорылып алынды, бұл да маңызды рөл атқарды.
Ерекше назар Қарасу ауданында салынған 30 шақырымдық бұру арнасына аударылды. Бұл арна 2024 жылдың қазан айында аяқталып, су тасқыны қаупінің алдын алуға елеулі үлес қосты. Арна көлдердің қосылып, артық аумақтарды су басуының алдын алды. Қазіргі уақытта арна арқылы өтетін су көлемі секундына 12,2 текше метрді құрайды, бұл су деңгейін тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Күніне арна арқылы өтетін су көлемі – шамамен 1,1 миллион м³, ал осы уақытқа дейін 700 миллион текше метрден астам су өткізілді.
Сонымен қатар, Алабота көлі тасыған аймақтың айналасында ұзындығы 15 шақырым болатын 110 кВт жаңа электр беру желісі тартылды. Облыстың оңтүстік өңірлерінде де электр желілері қалпына келтіріліп, осал аудандарда да тұрақты энергиямен қамту қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда, Амангелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қаласында 693 электр бағанасы қалпына келтірілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде су тасқыны кезеңі ешқандай су басусыз, шығынсыз және зардапсыз өтті. Қорғаныс құрылыстары, сатып алынған техника және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы облыс тұрғындарының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, сәтті дайындыққа еріктілер, әскери қызметшілер және жергілікті тұрғындар үлкен үлес қосты. Осы күштердің арқасында қауіптер барынша азайтылып, су тасқыны жағдайымен тиімді күрес жүргізілді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов дайындық пен өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысқан барлық тұрғындарға, еріктілерге және қызметтерге алғысын білдірді.
«Сіздердің белсенділігіңіз бен қатысуларыңыз бізге осы су тасқыны кезеңінен шығынсыз және зардапсыз өтуге көмектесті. Сіздердің қолдауларыңыз – біз үшін өте маңызды. Дәл осы еңбектеріңіздің арқасында өңір қорғалды», – деді ол.
Бүгінгі таңда атқарылған жұмыстың арқасында елді мекендерге төнетін барлық қатерлер жойылды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды