Арқалықтың әлеуеті артады

22 мая 2025 8:53 • 195 просмотров

Олжас Бектенов Қостанай облысында көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуын тексерді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Президенттің Ұлттық құрылтай мен Қауіпсіздік Кеңесінің IV отырысында айтылған автожол желісін дамыту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру, энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Арқалық қаласында Премьер–министр өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған «Орталық – Батыс» күре жолын салу жөніндегі жобаның жағдайымен танысты. Жаңа автомагистрал Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Жоба халықаралық стандарттарға сай заманауи жол салуды көздейді. Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев үш жол айрығын, 20 көпірді, теміржол арқылы өтетін бір жол өткелін, елді мекендерге кірме жолдар салу жоспарланып отырғанын баяндады. Нәтижесінде, Астанадан батыс облыстарға қатынайтын бағыт 560 шақырымға қысқарып, 5 сағатқа жылдам жетуге мүмкіндік береді.

Көлік министрлігінің мәліметінше, трассаның техникалық санаты III деңгейден II деңгейге көтеріледі. Жаңа бағыт 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды. Өткізу қабілеті тәулігіне 3 мың автокөлікке жетеді. Жалпы, жобаны іске асыру қаланы еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі, сондай-ақ Орталық Азия мен Ресей арасындағы негізгі логистикалық торапқа айналдырады. Бұл сенімді көлік қатынасын қамтамасыз етіп, өңірдің бизнесі мен экономикасын дамытуға серпін береді.

Премьер-министр автожол құрылысын бір ай ішінде бастауды тапсырды.

«Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба. Бүкіл еліміз үшін, Торғай өңірі үшін маңызды жол. Сондықтан бұл іске аса жауапкершілікпен қарау маңызды.

Бір ай ішінде жоба бойынша жұмысты бастап, оны жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жаңа жол бойында бизнеске мүмкіндіктер ашылады. Бұл – өңірге жаңаша серпін беретін жоба. Сондықтан министрлікпен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізу қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министрге «Жезқазған – Петропавл» республикалық автожолындағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жобада жолдың 71 шақырымында жол жабынын жаңарту, 54 су өткізу құбырын орнату көзделген. Жұмыстар Ұлытау облысының шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі жалпы ұзындығы 87 шақырымды құрайтын учаскені қамтиды. Жобаны жүзеге асыру оңтүстік өңірлерден елордаға дейінгі қашықтықты 600 шақырымға, Қостанай мен Петропавлға дейінгі қашықтықты 450 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Жолдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 2,5 мың автокөлікке дейін артады.

Сонымен қатар Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары да тексерілді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов нысанның ұзындығы 2,5 мың метр және ені 50 метр ұшу-қону жолағы, сондай-ақ өлшемі 200X300 м перрон бар екенін баяндады, бұл АН-24, Q400, CRJ 200 сияқты әуе кемелері түрлерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба аясында жаңа терминал салу, сондай-ақ ұшу-қону жолағын, такси жолын және перронды қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін өткізу мүмкіндігі сағатына 70 жолаушыны құрайды.

Олжас Бектенов әуежайды қалпына келтіру жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды. Іске асырылып жатқан жобалардың стратегиялық маңызы, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың қатынауын едәуір жеңілдетудіің маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанның көлік саласындағы әлеуеті зор және өңірдегі негізгі транзиттік хабқа айналуы тиіс. Біз тиісті инфрақұрылымды түбегейлі дамытып жатырмыз – бұл стратегиялық міндет. Бізде барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Жобаларды қысқа мерзімде, сапасын жоғалтпай жүзеге асыру маңызды. Бұл өңірлердің дамуына айтарлықтай серпін береді және экономиканы әртараптандырудың маңызды құралына айналады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысының шаруаларымен мемлекеттік қолдау шаралары және АӨК-ті дамыту мәселесін талқылады

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі дала жұмыстарының барысын тексеріп, өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Премьер-министрге «Село Восточное» ЖШС жұмысын көрсету арқылы саланы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы баяндады. Ағымдағы егіс науқанында фермерлер тұқымдармен, дизель отыны және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. «Село Восточное» ЖШС директоры Иван Попович биыл жалпы жаздық егіс 54 мың гектарды құрайтынын хабарлады. Оның ішінде бидай 47 мың гектар алқапқа, арпа 5,3 мың гектарға егілді. Шаруашылық өсірілген астықты ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабу үшін өткізеді.

Өз кезегінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының қарқыны туралы баяндады. Еліміздің ең ірі астықты өңірі биыл 5,1 млн гектар алқаптан өнім алады, оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4,2 млн гектарға егіледі деп жоспарлануда. Әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдардың, әлеуметтік маңызы бар және жем-шөп дақылдарының үлесі артып келеді. Биыл фермерлер минералды тыңайтқыштарды енгізудің көлемін 1,3 есеге – 337,6 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарына 91,5 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,2 есе көп.

Сондай-ақ 2025 жылы өңірде АӨК саласында құны 52,5 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда, бұл 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте 2027 жылға дейін 93 жоба мен 4,4 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды