Қостанай облысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімінің аппарат жиынында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы арнайы спорт мектептерінің баланс жүйелерінің дұрыс жолға қойылмай келгенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы айқындап берген басым бағыттардың бірі – бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Президент тапсырмасына сәйкес Қостанай облысында заманауи және қолжетімді спорт инфрақұрылымын құру, түрлі жастағы тұрғындарды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Соңғы екі жылда өңірде 17 жаңа спорт нысаны салынды. 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 4 хоккей корты, 2 ангар типіндегі спорт залы, 1 ат спортына арналған арена.
Спортқа тең қолжетімділікке ерекше мән берілуде. Қостанай қаласындағы «Юбилейный» шағын ауданында заманауи ДШСК ашылып, онда қала тұрғындары волейбол, баскетбол, гандбол, үстел теннисімен айналысып, жаттығу залында тегін спортпен шұғылдана алады. Кешен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жаттығу құрылғыларымен жабдықталған. Осы санаттағы азаматтар үшін бөлек дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы шешім қабылданды.

— Осы жылыдың Сәуір айынан бастап спорт мектептерінің қаржылық жұмысын білдік. Бір мектепте іссапарға бір жарым миллион берілсе, бір мектепте отыз миллион теңге қарастырылған. Бұл әр мектептің өз саясаты болғанын әспеттейді. Мәселен бір мекеме бір тәулікке төрт мың теңге ісспар куәлігін толтырса, бірі жеті мың теңгеден астам қаржы жұмсаған. Осы шикілікті басқармамен бекітіп, бірізді қылып қойдық. Содан бері бала санына байланысты ауылдық мектептердің қаражаттары көбейді. Нәтижесі де жақсара түсті, – дейді басқарма басшысы Дулат Советханұлы.
Облыс басшысы қаржыны үнемдеу керектігін баса айтты.
— Қаражатты да дұрыс пайдалану қажет. Ондай жағдайды бұрын-соңды байқадық. Мысалы, екі дене шынықтыру, сауықтыру кешенін алайық. Құрылымы жағынан бірдей болғанымен, штат саны әртүрлі. Сол себепті, шығындары да бөлек-бөлек болуы заңды, – деді Құмар Ақсақалов.
Қалаларда, ауылдар мен кенттерде әр жастағы тұрғындарға қолжетімді 53 көпфункционалды спорт және воркаут алаңы орнатылды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзімен:
«Спорт алаңдары тек қалалар мен аудан орталықтарында ғана емес, әр ауылда болуы керек. Бұл – тең мүмкіндіктер мен жергілікті тұрғындарға деген құрмет мәселесі».
Бүгінде Қостанай облысының 793 спортшысы әртүрлі спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар қатарында.
2025 жылғы Қысқы Азия ойындарында өңір атынан 10 спортшы қатысып, олардың жетеуі Қазақстан құрамасының медаль қоржынын толықтырды.
Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытында футбол және хоккей академиялары ашылды, «Еңбек резервтері» спорт кешені қайта жаңғыртылуда, үстел теннисі орталығы мен күрес залының құрылысы жүргізілуде.
«Еңбек резервтері» спорт кешенінің бассейнінде суға секіруге арналған мұнаралар орнатылды. Бұл өңірде жаңа олимпиадалық спорт түрінің дамуына жол ашады. Спорт басқармасына суға секіру жаттықтырушыларын тарту тапсырылды.
Қостанай облысында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту жұмыстары жалғасын табады. Бұл – салауатты ұрпақты тәрбиелеуге, спорт резервін нығайтуға және өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді мақсат.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды