Алюминий өндіру жобасын жүзеге асырмақ

12 июня 2025 8:22 • 172 просмотров

Олжас Бектенов East Hope Group басшысы Лю Юнсинмен «жасыл» алюминий өндіру жобасын жүзеге асыру мәселелері талқылады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов East Hope Group қытай корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсинмен кездесу өткізді. Онда елімізде циркулярлы экономика қағидаты негізінде түсті металдар өндірісі бойынша интеграцияланған өнеркәсіптік парк құру жөніндегі жобаны іске асыру перспективалары талқыланды.

Жоба алюминийден «жасыл» өнім шығару бойынша толық өндірістік циклды қалыптастыруға бағытталған және бірнеше басым бағыттарды – шикізат өндіруді, алюминий негізіндегі өнімді қайта өңдеуді және қосылған құны жоғары материалдарды терең өңдеуді қамтиды. Бірінші кезеңде қуаттылығы жылына 2 млн тонна глиноземді қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатын және қуаттылығы жылына 1 млн тонна алюминий өндіретін электролиз зауытын салу көзделген. Бұл ретте жаңартылатын энергия көздерінің көмегімен электр энергиясын өндіру қарастырылған. Іске асыру ең заманауи экологиялық таза технологияларды енгізумен үш кезеңде жүзеге асырылатын болады. Компанияның есептеуі бойынша, жобаны іске асыру барысында 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев неғұрлым әртараптандырылған және болашаққа бағдарланған экономика құру міндетін қойды. Біз шикізат секторына тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетеміз және қосылған құны жоғары өндірісті дамытамыз. Қазақстанда алюминийдің тігінен интеграцияланған өндірісін құру – бұл отандық өнеркәсіп құрылымындағы бағыттың кешенді дамуын қамтамасыз ететін бірегей жоба. Қазақстан үкіметі ұзақмерзімді ынтымақтастыққа дайын», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Лю Юнсин Қазақстан Еуразияның логистикалық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын, «Белдеу мен жолдың» бірлескен құрылысы аясында бірегей географиялық артықшылық пен даму әлеуетін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе бай минералды ресурстар мен өнеркәсіптік жаңғыртудың үздіксіз іске асырылып жатқан стратегиясы компанияның «жасыл» алюминий, заманауи аграрлық индустрия және жаңартылатын энергетика салаларындағы жаһандық басымдықтарына толық сәйкес келеді.

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты министрліктерге жобаны іске асыруда қажетті қолдау көрсету тапсырылды. Бұл ретте компания жергілікті кадрларды оқытуды және қазақстандық мамандардың үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтуды қоса алғанда, белгілі бір міндеттемелерді өзіне алатыны атап өтілді.

East Hope Group алюминий өнеркәсібі саласындағы әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді, сондай-ақ полисиликон, «жасыл» энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды белсенді дамытуда.

Бұдан соң East Hope Group директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсин Қостанай облысына келді.

Қостанай облысында бокситтерді қайта өңдеуді құру жөніндегі инвестициялық жобаны белсенді пысықтау жалғасуда.

Бүгін облыс әкімдігінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Қытай East hope Group корпорациясының Директорлар кеңесінің төрағасы, Forbes нұсқасы бойынша Қытайдың ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі Лю Юнсин мырзамен кездесуі өтті.

Екі күн бұрын Лю Юнсин мырза Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновпен келіссөздер жүргізіп, одан кейін Қостанай облысына іскерлік келіссөздерді жалғастыру үшін келді.

Кездесу аясында ауқымды инвестициялық жобаның негізгі параметрлері талқыланды:

– бірінші кезеңде қуаттылығы жылына 2 млн тоннаға дейін бокситтерді қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинатын салу;

– барлық қажетті инженерлік және логистикалық инфрақұрылымды құру;

– жаңартылатын энергетика технологиялары мен айналмалы экономика қағидаттарын қолдана отырып, өндірісті біртіндеп кеңейту.

Жобаны іске асыру үш кезеңде жүргізіледі деп жоспарлануда.

Қостанай облысы барлық қажетті жағдайларды ұсынады: су, газ және электр желілеріне, темір және автомобиль жолдарына қол жеткізу. Салықтық және әкімшілік преференциялары бар арнайы экономикалық аймақ құру мүмкіндігі қосымша қарастырылады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның солтүстік өңірі үшін стратегиялық қадам болмақ:

«Бізде барлық қажетті заттар бар-табиғи ресурстар, инфрақұрылым, көлік логистикасы және барлық деңгейдегі толық қолдау. Біз барлық өндірістік кешенді орналастыру және жобаны барлық кезеңдерде сүйемелдеу үшін жағдай жасауға дайынбыз».

Жоба бойынша келіссөздер соңғы жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қатысуымен жүргізілді. Бүгінгі таңда инвестициялық параметрлерді келісуде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді және тараптар нақты шешімдер мен іске асыру кезеңдерін талқылауда.

Жоба Мемлекет басшысы белгілеген әртараптандырылған, жоғары технологиялық және экологиялық бағдарланған экономиканы қалыптастыру жөніндегі басымдықтарға сәйкес келеді. Оны іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және елдің бүкіл өнеркәсіптік жүйесі үшін жаңа өсу нүктесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер ҚР Үкіметінің сайтынан алынды