«Орталық-Батыс» жобасы басталды

19 июня 2025 8:49 • 196 просмотров

Қостанай облысында «Орталық-Батыс» стратегиялық маңызды автожол дәлізінің құрылысы басталды. Жұмыс бір уақытта екі нүктеден басталды – Арқалық қаласы мен Жангелді ауданының Торғай ауылында. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған тапсырмасы бойынша іске асырылуда және еліміздің негізгі инфрақұрылымдық бастамаларының қатарына кіреді.

Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 865 шақырым. Ол «Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» арқылы өтеді. Жаңа трасса Қазақстанның орталығы мен батысы арасындағы тікелей көлік қатынасын қамтамасыз етеді және Транскаспий халықаралық көлік маршрутына шығуға мүмкіндік береді.

Жаңа бағыт жолды 573 шақырымға қысқартады. Сондай-ақ 70 мыңнан астам халқы бар 13 елді мекенді басып өтеді. Болашақта трасса тәулігіне 3 мың автомобиль жүретін болады.

Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев атап өткендей, жобаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір күшейтеді және өңірлердің байланысын арттырады.

— Бұл жай ғана жол емес. Бұл аймақтардың байланысын нығайтуға, көлікке қол жетімділікті арттыруға және жаңа өсу нүктелерін құруға күшті серпін, – деді өз сөзінде Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев.

Жол құрылысының салтанатты басталуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Ол бұл жобаның өңір үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

— Қостанай облысында оңтүстік өңірлерге, атап айтқанда Арқалық қаласына ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары қала бюджеті 60%-ға, 20-дан 31,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл қаражат инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй құрылысына, абаттандыруға, сондай-ақ энергетика мен сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталады. Жаңа автокоридор бойында жол бойындағы сервисті дамыту жоспарлануда, бұл қосымша жұмыс орындарын ашады, салық түсімдерін қамтамасыз етеді және шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Арқалық әуежайын қалпына келтіру де маңызды кезең болмақ. Болашақта ол елдің орталық, оңтүстік және батыс аймақтарын байланыстыратын логистикалық орталыққа айналады. Қазақстанның орталығында орналасқан Арқалық экономикалық және әлеуметтік даму үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Біз инвестицияларды тарту, инфрақұрылымды жақсарту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша мақсатты жұмыс істеп жатырмыз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Көлік инфрақұрылымын дамыту ішкі туризмге де серпін береді. Өңір қазақстандықтар үшін де, шетелдік қонақтар үшін де қолжетімді болатын киелі орындарға, тарихи ескерткіштерге және бірегей табиғатқа бай. Туристік нысандардың қатарына Торғай геоглифтері, тарих мұражайлары, көрнекті тұлғалармен байланысты орындар, сондай-ақ сирек кездесетін Пржевальский жылқыларының ауқымы жатады.

Автокоридор халқы 70 мыңнан асатын 13 елді мекенді қамтиды. Бұл ауылдық аумақтарды дамыту, ұтқырлық пен логистиканы жақсарту, нарықтарға қолжетімділікті кеңейту және жергілікті жерлерде экономикалық белсенділік үшін жағдай жасау үшін жаңа перспективалар ашады. Тек 2025–2029 жылдары жоба аясында өңірде Арқалық пен жақын ауылдардағы 126 шақырым жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдар мен 38 көше жөнделеді.

Автокоридорды жобалау кезінде экологиялық аспектілер ескеріледі. Ақбөкендердің көші-қон аймақтарында жолдың көлденең профилін өзгерту және тосқауыл әсерін азайту және жабайы жануарлардың жолды қауіпсіз кесіп өтуін қамтамасыз ету үшін жұмсақ беткейлерді құру қарастырылған.

Сондай – ақ, Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі «Жезқазған-Петропавл» республикалық трассасының учаскесін қайта жаңарту аяқталуда. Бұл бағыттағы өткізу қабілеті 250 есе артады – тәулігіне 10-нан 2500 автомобильге дейін.

Айта кетейік, Қостанай облысында KАZ19 «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомол – Қарабұтақ» автожолын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

Президент тапсырмасын орындаудың жарқын мысалдарының бірі – 2021 жылы Рудный қаласына кіреберістегі 5,1 шақырым жол учаскесінің қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуі болды. Жобаны «Қостанай жолдары» ЖШС жүзеге асырды. Жоба құны – 4,5 миллиард теңге. Нәтижесінде автожол ІІІ техникалық санаттан І-Б техникалық санатқа ауыстырылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығы едәуір артты.

Биыл бұл бағыттағы жұмыс қарқын ала түсті: Рудный қаласының жолайрығынан Қостанайдағы Абай даңғылына дейінгі 31,5 шақырым жол учаскесінде орташа жөндеу басталды. Жөндеу жұмыстарын «АБЗ плюс» ЖШС жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 6,7 миллиард теңге. Орташа жөндеу аясында жолға екі қабатты асфальт-бетон жамылғысы төселуде. Қазіргі таңда оң жақ жолақта төменгі қабат 28,2 шақырымға (90%) төселсе, сол жақта – 10,2 шақырымға (32%) аяқталған. Жобаны 2025 жылдың қазан айында толық аяқтау жоспарланып отыр.

Қостанай – Рудный бағыты бойындағы көшені жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылы Қонай тұрғын үй массиві маңында бір шақырымдық жарық шамдары орнатылды. Ал 2025 жылы Қостанай қаласынан Қонайға дейінгі аралықта тағы 3,8 шақырым жарықтандыру желісі тартылады.

Бұған қоса, Қонайдан Рудныйға дейінгі 25 шақырым жол учаскесін жарықтандыру жобасы әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары тамыз айында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады деп күтілуде.

Аталған жобалар – өңірдегі жол сапасын арттыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Жолдардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, халық үшін ыңғайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысы айқындап берген басым бағыттардың бірі.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды